• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Әлем 19 Желтоқсан, 2017

Дүниежүзілік банк Вашингтондағы мәжіліс залына қазақ қызының есімін берді

260 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік банк Вашингтондағы штаб-пәтерінің мәжіліс залын Қазақстаннан шыққан қызметкері Алма Оразалинованың есімімен атады. Бұл қазақ қызының банктің дамуына қосқан ауқымды үлесін мәңгі есте сақтау үшін жасалған қадам, деп хабарлайды «Хабар» арнасы.

Вашингтондағы Бүкіләлемдік банктің штаб пәтеріне кіру оңай емес. Стратегиялық маңызды нысан болғандықтан БАҚ өкілдері үшін жабық. Міне осы орында қазақ қызының еңбегі ерекше бағаланып, дәріптеліп келеді. Себебі қандасымыз банктің дамуына зор үлес қосқан.

Ол Мәскеу мемлекеттік университеті мен Массачусетс технологиялық институтын бітірген. Отандасымыз өзіне жүктелген кез келген тапсырманы тап-тұйнақтай орындап, ұжымында зор абырой-беделге ие болды. Алайда, ауыр дертке шалдыққан Алма бұдан екі жыл бұрын қайтыс болды.

– Алма әлі де арамызда жүрген секілді, орны ойсырап тұр. Оның ерен еңбегі ескеріліп, мәжіліс залына есімі беріліп отыр. Ол Бүкіләлемдік банкте синдикация және Исламдық қаржыландыру процесі бойынша қажырлы жұмыс істеді. Сондай-ақ, мұнда қызмет еткен алғашқы қазақ қызы болды, – деп еске алды Алма Оразалинованың бұрынғы әріптесі Джейн Клемент.

– Алмамен сегіз жыл қызметтес болдым. Оның кәсібилігі бәрімізге белгілі. Осындай іскерлігінің арқасында біраз нәрсені үйретіп кетті. Оған деген құрметім шексіз, – деді Янг Джин.

Ал Бүкіләлемдік банктің ресурстарды басқару жөніндегі маманы Зауре Швейд отандасымыздың орнын ешкім баса алмайтынын айтты.

– Алма сандарға, есепке жүйрік еді. Тіпті, өмірінің соңғы күндерінде де математикалық формулаларды алдыртып, шығаратын. Ол өз ісінің кәсіби маманы болды. Есеп шығарып отырып, жаны жай табатын. Осы арқылы сырқатын бір сәтке ұмытуға тырысатын, – дейді Зауре Швейд.

Алма дамушы елдер үшін көптеген маңызды жобаларды жүзеге асыра білді. Оның игі бастамалары әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Енді Алманың атындағы аудиторияда жағдайы төмен жандарға көмек көрсетуді көздеген маңызды шешімдер қабылданып жүр.