Бүгінде араағайындық, бітімгерлік бастамаларының, осы бағыттағы батыл қадамдары мен іс-қимылдарының жасампаз тарихын қалыптастырған Қазақстанның халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті сақтап әрі оны нығайтудағы ықпалы Астана процесі арқылы арта түсуде. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен тыныштыққа негізделген берік ұстанымы мен сындарлы саясаты айқын көрінеді.
Сирия дағдарысын реттеудегі бейтарап Қазақстанның маңызды рөлі жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Әсіресе, сириялық келіссөздерге қатысушы барлық тараптар Астана процесінің оң әсерін мойындай отырып, бұл бағыттағы басқосулардың одан әрі жалғаса түсуіне мүдделілік танытуда. Сондықтан болар бүгінге дейін Астана процесі аясында елордамызда 7 рет халықаралық кездесу жоғары деңгейде өткізілді. Ал оның екі күнге жоспарланған 8-ші раунды дәл бүгін Астанада ұйымдастырылуда (Бұл кездесудің қорытындылары жөнінде газетіміздің келесі нөмірінде өз алдына бөлек ақпарат беріледі).
Жалпы, еліміздің халықаралық қоғамдастықтың белсенді мүшесі ретінде Таяу Шығыс аймағын әрі-сәрі күй кештірген қақтығыстарды реттеу ісінен тыс қалмасы белгілі болған сәттен Қазақстанға үлкен жауапкершілік артылған-ды. Қазіргі таңда Сириядағы қарулы қақтығыстардың саябырсуы, өзара бітіспестей көрінген қарсылас тараптардың келісімге келуге деген ұмтылыстары Астана процесінің оң нәтиже бергенін аңғартады. Сирияаралық келіссөздердің оңтайлы жүргізілуіне бейтарап Астана алаңының тиімді болғанын кепілгер мемлекеттер – Түркия, Иран және Ресей елдері президенттерінің жылы лебіздерінен-ақ байқауға болады. Мәселен, өткен қараша айында Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған Ресей президентімен кездескен сәтінде: «Астана келіссөздері Сириядағы қантөгісті азайтуға зор үлес қосты.
Осы орайда Сириядағы дағдарысты саяси жолмен реттеуге негіз пайда болды», деп атап көрсетті. Ал В.Путин: «Осы процеске қатысушыларға Астана алаңын ұсынғаны үшін Қазақстанға және Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды білдіремін. Қазақстан жай ғана бас қосатын жер емес, ол өте қолайлы алаң. Мен мұнда Қазақстанның бейтарап позициясын, қандай да бір шиеленістерге ешқашан араласпағанын, керісінше, беделді бітімгер болып есептелетінін айтып отырмын. Айта кетейін, Президент Нұрсұлтан Назарбаев барлық шиеленісуші және бітімге келісуші тараптарды келіссөз үстелінің басында ұстап қалу үшін белгілі бір жауапкершілікті өз мойнына алған кездер де болған. Сол үшін алғысымыз шексіз», деп өзінің лайықты бағасын берген болатын. Мұндай мазмұндағы пікірлерді өзге де мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері биік мінберлерден әрдайым мәлімдеп жүр.
Сирия дағдарысы тұрғысында сөз қозғағанда Астана процесі аясында бұған дейін 7 рет ұйымдастырылған халықаралық келіссөздердің нәтижелеріне соқпай өту мүмкін емес. Өйткені, Женева платформасынан кем түспеген Астанадағы келіссөздердің әрқайсысы Сирия жанжалын реттеудегі маңызды қадамдар болғаны анық.
Астана процесінің алғашқы раунды 2017 жылдың 23-24 қаңтарында өткені белгілі. Ол 2016 жылғы 30 желтоқсанда Женевада қол қойылған атысты тоқтату туралы келісімді нығайту үшін ұйымдастырылды. Ресей, Иран, Түркияның қолдауымен Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдері арасында жүргізілген бұл жанама келіссөзге БҰҰ делегациясы дәнекер ретінде, АҚШ делегациясы байқаушы ретінде қатысқан болатын. Бұл келіссөз Сирияда соғыс басталғаннан бергі аралықта Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдері қатысқан алғашқы кездесу ретінде ерекшеленді. Кездесудің нәтижесінде кепілгер мемлекеттер (Түркия, Иран, Ресей) Сириядағы атысты тоқтатуды бақылаудың үшжақты тетігін құруға келісті әрі Астана алаңында бұдан кейінгі нақты мәселелер бойынша кездесулер өткізуге уағдаластық жасалды. Сонымен қатар кепілгер мемлекеттер бірлескен мәлімдеме жасап, онда Сирияның аумақтық тұтастығы мен егемендік принциптерінің сақталатындығына мүдделі екендіктерін білдірісті. Астана процесінің 2-ші раунды 2017 жылдың 15-16 ақпанында өтті. Оның нәтижесінде кепілгер мемлекеттер БҰҰ-ға есеп беретін Бірлескен жұмыс тобын құруға уағдаласып, бітімге қосылған аумақтар туралы ереженің жобасымен келісті әрі тұтқындар алмасу туралы ереженің жобасын талқылады. Процесс шеңберіндегі 3-ші келіссөздер 2017 жылғы 14-15 наурыз күндері болғаны мәлім. Бұл жолы кепілгер мемлекеттер Сириядағы атысты тоқтатудың жай-күйін және бітімге қосылған аумақтардағы жағдайды қарастырды, тұтқындар алмасу жөніндегі жұмыс тобы туралы ережені, Сирия конституциясы бойынша жұмыс тобын құрудың шарттары, ИЛИМ/ДАИШ және «Әл-Нусра майданы» тәрізді террорлық топтардың және қарулы оппозициялық ұйымдардың орналасқан жерлерін көрсететін бірыңғай картаны құру мәселелерін қозғады.
Сол сияқты 2017 жылдың 3-4 мамырында болған 4-ші кездесуде кепілгер мемлекеттер Сирияда қауіпсіздік аймақтарын құру туралы меморандум бекітті. Зорлық-зомбылықты тез арада тоқтату, гуманитарлық жағдайды жақсарту және қақтығыстарды саяси реттеуге қолайлы жағдайлар жасау үшін Идлиб, Хомс, шығыс Гута, Дераа және Кунейтра провинцияларында қауіпсіздік аймақтары құрылатыны осы құжатта қарастырылды. Астана процесінің 5-ші раунды 2017 жылғы 4-5 шілдеде болып, нәтижесінде ұрыс қимылдарын тоқтату режімін күшейту бағытында нақты оң нәтижелерге қол жеткізілді. Осы қарсаңда Сириядағы жанжалдың ауқымы біршама азайып, гуманитарлық көмек жеткізу үшін тиісті жағдайлар жасалған-ды. Бұл туралы келіссөздер барысында қабылданған құжатта «Сирия Араб Республикасындағы деэскалация аймақтарын құру туралы меморандумға 2017 жылғы 4 мамырда қол қою нәтижесінде Сирия аумағындағы зорлық-зомбылық деңгейі айтарлықтай төмендегені» атап көрсетілді. Сонымен қатар осы кездесуде кепілгер мемлекеттер меморандумға сәйкес деэскалация аймақтары бойынша Бірлескен жұмыс тобының құрылуын қолдап, оның Ережесін бекітті.
Сондай-ақ Астана процесінің 2017 жылдың 14-15 қыркүйегінде және 30-31 қазанда өткен 6-7-раундтары да өз деңгейінде аяқталды. Бұл келіссөздер бойынша Сирияда деэскалация аймақтарын құру туралы меморандум ережелерін іске асыру және Астана процесі аясында осыған дейін қабылданған басқа да шешімдердің орындалуы бойынша жұмысты жалғастыру ниеті расталған бірлескен мәлімдеме қабылданды және тұтқындарды босату, қаза тапқандардың денелерін беру және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының ережесін бекіту секілді бірқатар мәселелер талқыланды. Осы келіссөздердің нәтижесінде Сириядағы ахуал біршама жақсарып, жақсылыққа қарай бет бұрылды. Міне, жоғарыда айтылып өткен барлық жағдаяттар Қазақстанның бітімгерлік бастамаларының халықаралық қоғамдастықтағы маңызды рөлін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жолындағы салиқалы саясатының оң ықпалын көрсетеді. Қорыта айтқанда, Астана процесі тарихқа еліміздің бітімгерлік бағытында атқарған ауқымды шараларының бірегейі ретінде таңбаланатыны сөзсіз.
Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»