• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
12 Қараша, 2011

Ауылдың сәнін жастар келтіреді

428 рет
көрсетілді

Ауыл жастарының облыстық фо­румы соңғы жылдары көп жұмысқа мұрындық болған «Дипломмен – ау­ылға!», «Ауылдың гүлденуі – Қа­зақ­станның гүлденуі!», «Жасыл ел» жо­балары бойынша біткен істің қо­ры­тындысы іспетті болды. Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың баста­ма­ла­рын қолдап, оның жүзеге асуына бе­л­сенділік көрсеткен жас мамандар об­лыстың барлық аудандарынан, шал­ғай ауылдарынан жиналды. Тәуел­сіз­діктің ақ таңы атқан 20 жыл ішінде еліміздің стратегиялық даму бағдар­ла­масы жүзеге асты, әлем жұртшы­лығы Қазақстанның қарыштап да­муы­­на куә болды. Мемлекет бас­шы­сы Нұр­сұлтан Назарбаевтың кемел сая­са­тымен жас мемлекетіміз беделді ха­лықаралық ұйымдарға мүше болды. Жиырма жылда еліміздің эконо­микасымен қатар әлеуметтік сала да көркейді. Елімізде осы жылдар ішінде 750 жаңа мектеп салынды, 500-ге тарта денсаулық сақтау нысандары бой көтерді, 5300 мектепке дейінгі мекемелер есігін ашты. Осы істің барлығында жастардың да үлесі бар. «Дипломмен – ауылға!» бағдарла­масы бойынша жоғары және арнау­лы білім ордаларынан жыл сайын қаншама жас ауылға аттанады. Соң­ғы он жыл ішінде облыста 1761 жас маман үлкен өмірге жолын ауылдан бастаған. Қазір ауыл мектептерінде осы жоба шеңберінде 1400 жас мұ­ғалім, ауылдық емдеу орындарында 279 дәрігер еңбек етіп жүр. Анар Әбенова облыс орталығы­нан шалғайда жатқан Қамысты ауда­ны орталығындағы орта мектепте екі жылдан бері мұғалім болып қызмет етеді. – Мен педагогика институтын бітіргеннен кейін туған жеріме қайтып бардым. Қазір өзіме аудан орталы­ғы­нан пәтер берілді. Пәтердің қаладағы баспаналардан еш айырмасы жоқ – от жақпаймын, суы ішінде, өте қо­лай­лы. Мемлекет тарапынан жас ма­манға тиесілі көмекті де алдым. Қа­зір педагогика ұжымында өзім сияқ­ты жас мамандар көп. Маман­ды­ғым­ды жақсы көремін. Ауыл балала­ры­мен жұмыс істеген өте ұнайды, – дейді Анар. Ауылда жүріп те жас маман өзін рухани жағынан өсіруге, алдына үл­кен мақсаттар қоюына болады. Өйт­ке­ні ауылда қалалық жерлер пайда­ла­нып отырған өркениет жетіс­тікте­рінің барлығы да бар. Интернет, желісіз байланыс ауылдағыларды көш­тен қалдырып жатқан жоқ. Ал ау­ыл­дың экономикалық-әлеуметтік әле­уе­­­­тін көтеру қол жетпейтін шаруа емес. Тиімді жобалар, бағдарламалар уақы­­тында жүзеге асса, жастар белсенді түрде атсалысса бітпейтін не бар? Ауыл жастары форумында облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұр­ғанов жастардың бастамалары мен белсенділігі асуларға бастайтынын, мемлекет тарапынан ауылды, ауыл шаруашылығын көтеруге жасалып отырған қамқорлықты тілге тиек етті. Жақында Шымкент қаласында өт­кен республикалық слетте «Ауыл­дың гүлденуі – Қазақстанның гүлде­нуі!» республикалық марафон-эста­фетасы бойынша Қостанай облысы жастары еңбек отрядының қызметін үйлестіру штабы ең үздік деп та­нылды. Жазғы еңбек науқанында «Жасыл ел» жобасына студенттердің құрылыс, археологиялық, вет­ери­нар­лық, механикаландырылған отрядта­ры белсене қатысты. Жазда еңбек отрядтары құрамында 3 мың студент жастар жұмыс істеп, олар 120 миллион теңгенің жұмысын игерді. Олар әлеуметтік-құрылыс нысандарында, күзгі жиын-терін алқаптарында, жаз­ғы балалар лагерьлерінде, «Бизнес­тің жол картасы» шеңберіндегі ин­вес­тициялық нысандарда еңбек етті. Ауыл жастары форумында «Ау­ылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі!» республикалық марафон-эстафетасын жүзеге асыру шең­бе­рінде ерекше табыстарға қол жеткізген Меңдіғара, Әулиекөл, Таран ау­дандарының үйлестіру штабтары бірінші, екінші, үшінші орындарды ие­ленді. Жүлделі орындар бұл аудандар штабына бекер берілген жоқ. Мысалы Меңдіғара ауданында жас­тардың 113 еңбек отряды жұмыс істеді. Олардың қолымен «Ана мен бала» аллеясы, 2 балалар алаңы са­лын­ды. Оның сыртында 25 ескерткіш жөнделді, 30 саябақ қалпына келтірілді. Мұндай істер әр ауданнан та­былады. Міне, жастар жүрген жер осылай көркейеді. Форумға қатысушылар Ұлт көш­басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан нағыз патриоттар арқа­сын­да мықты, гүлденген елге айна­лады» деген сөзін қолдайтындығын білдірді. Ауыл жастарының форумы «Қара жорға» биімен және «Атамекен» әнімен аяқталды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.