Екі-үш күннен бері Шығыста ауа-райы күрт құбылып, күн жылынып, жаңбыр жауып, қатты дауыл соғып, өңірдегі жұртты әбігерге салып тұр.
Бүгін көктайғақ пен қатты дауылға байланысты Өскемендегі мектептердің 1-9, Семейдегі мектептердің 1-4 сынып оқушыларына сабақ тоқтатылды.
Аймақтағы ауа-райының қолайсыздығынан көліктердің жолдан шығып кету фактілері де тіркелуде. Мәселен, кеше Риддерге бағыт алған жолаушылар автобусы Быструха ауылының маңында жолдан шығып кетіп, аударылған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі автобуста 13 жолаушының болғанын, 7 адам зардап шегіп, оның алтауы Глубокое ауданындағы ауруханаға, автобус жүргізушісі «Медициналық апаттар орталығы» дәрігерлерінің көмегімен Өскемендегі №1 қалалық ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.
Семейде қатты жел кесірінен құлаған ағаш бір жеңіл автокөлікті басып қалған. Қалалық Төтенше жағдай басқармасының мамандары көлікте адам болмағанын, ешкімнің зардап шекпегенін мәлімдеді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы