«Дакар – 2018» халықаралық трансқұрлықтық ралли-марафоны алдағы жылдың қараша айында Оңтүстік Америка елдері – Перу, Боливия және Аргентина аумағында өтеді деп күтілуде. Осы ретте ралли-рейд бойынша ел намысын қорғайтын «Астана» командасы Алматылық журналистерге өз дайындықтары туралы айтып берді.
Команда капитаны Артур Ардавичустың сөзіне сенсек елордалық топ «Дакарға» тыңғылықты дайын. Биыл ең қауіпті ралли марафонында команда өз экипажын екі санат бойынша жарыс жолына шығармақ. Нақтырақ айтсақ, жүк көліктері санатында команда намысын дәстүрлі түрде Артур Ардавичустың жетекшілігімен штурман Серж Брюнкенс пен механик Майкл Хьюсман қорғайтын болады. Олар жарыс жолына көктем айларында «Жібек жолы» раллиінде сынақтан сәтті өткен IVECO жүк көлігімен шықпақ. Аталған топқа «508» деген нөмір берілген.
Ал квадроциклшілер Дмитрий Шилов пен Максим Антимиров «Астана» атынан «Дакар-2018» раллиіне тұңғыш рет қатысқалы отыр. Квадроциклшілер экипажының еншісіне «265» және «266» нөмірлері бұйырған. Жыл бойы «Дакарға» қатысатын квадроциклшілер құрамы жасақталып, 12 үміткердің ішінен екі үздік азамат іріктеліп шыққан. Елордалық команда өкілдері жаңа спортшыларымыз ойдағыдай өнер көрсетіп, Кардобаға Қазақстанның байрағымен жетеді деген сенімде.
– «Дакар» шын мәнінде әлемдегі ең қауіпті әрі қыр-сыры көп жарыс. Біздің команда бұл марафонға әрқашан жауапкершілікпен әрі мұқият дайындалады. Соңғы айды біздің команда Іле Алатауы тауларында өткізді – боливиялық жарыс жолына дайындалдық, мұнда кезеңдер 3000 метрден биікте өтеді. «Дакар» қатысушылардан жүз пайыз дайындықты талап етеді – барлығына да техникалық тұрғыдан да, физикалық жағынан да дайын болуың керек. «Астананың» қазір сақадай-сай екенін айта аламын – барлық анықтама мен құжаттар қолымызда. Ендігі кезекте жарыс жолын асыға күтіп отырмыз, – дейді «Астана» командасының бас менеджері әрі капитаны Артур Ардавичус. Әйгілі марафонға қатысуға биыл әр түрлі санат бойынша әлемнің әр қиырынан 500-ден аса спортшы тіркелген. Марафонның жалпы қашықтығы тоғыз мың шақырым.
Еске салсақ, «Астана» ралли 2011 жылдан бастап «Дакар» халықаралық жыл сайынғы трансқұрлықтық ралли-марафонына қатысып жүрген алғашқы әрі әзірге жалғыз қазақстандық команда. Команда осыған дейін «Жүк көліктері Т2» категориясындағы ралли рейдтер бойынша әлемнің екі дүркін чемпионы және «Дакардың» екі мәрте қола медаль иегері атанған. Оған қоса 2012 жылы жүк көліктері санатында, сондай-ақ, «Жүк көліктері Т2»категориясында «Silk Way Rally-2016» халықаралық ірі трансқұрлықтық ралли додасының жеңімпаздары. «Спортшылардың жыл бойы жарысқа дайындық үстінде тынымсыз төккен терін ескерсек, командамыз алдағы бәсекеде алға қойылған мақсаттарды орындайтынына күмәнім жоқ», дейді «Астана» Президенттік клубының атқарушы директоры Аманбек Кульчиков. Ендеше әлемнің ең азулы командалары бас қосатын бәсекеде ел намысын арқалайтын азаматтарға сенім білдіріп, жеңісті жолдың жалғана беруін тілейік.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ