• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Желтоқсан, 2017

Жақсылық Үшкемпіров: Ынтымақ ырыс әкеледі

1449 рет
көрсетілді

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айт­қандай, біздің бүгін­гі қол жеткіз­геніміз, еліміз­дің ­табысы мен өркендеуі – қазақ­тың ауыз­бірлігінің арқасы. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген аталарымыз. Бәрі де – Елбасы мен халықтың ынтыма­ғының арқасы.

Бір мәрте Нұрсұлтан Әбішұлы Астанадағы мешітте Аузашар берді. Протокол бойынша мен Елбасының қасына жайғастым. Құран оқылып ел асқа отырғанда Нұрсұлтан аға маған қарап: «Жақ­сылық, қалайсыңдар? Ауыл-­­аймақ аман-есен бе?» деді. ­«Жақсы, аға» дедім. «Биыл Алматы облысының қызылшасы қалай болады, жүгерінің жайы ше...» Алматы облыстық мәсли­ха­­ты­ның депутаты емеспін бе, облыстың еңбеккерлерімен бар­лық жиын-басқосуда қоян-қолтық біргемін, егіс даласында бірге жүремін. Бар жайды баяндап, «Биыл өнім ерекше болмақ, тәтті түбір де жаман емес, жүгері де күшті өсті», дедім. «Тіпті Талдықорғанға келсеңіз көресіз, қаланы танымай қаласыз, әкім де бір сәт қарап отырмайды», дедім. Мен ойымды әрдайым ашық айтатын жанмын. Өтірікке жоқпын. «Ой, сен ауылыңды тым мақтап жіберген жоқсың ба өзі?» деп күлімсіреген Президент, «Екі айдан соң барамын, көремін», деді. Расында да екі айдан соң Елбасы уәдесінде тұрып, Талдықорғанға ат басын тіреді. Президент қаланы аралап болған соң егіс даласына келді. Қызылша деген мынандай, жүгері деген жайқалып өсіп тұр. Алла тағаланың бергені де. Бір уақытта қатар келе жатқанымызда Нұрсұлтан Әбішұлы «Жақсылық, дұрыс айтыпсың. Сендерден басқалар үлгі алсын», деді. Төбем көкке екі елі жетпей қалды. Шар­уа ­адамы екенімді сонда шын сезін­дім. Облыс әкімі Амандық Баталовтың тынымсыз еңбегі, халықтың ауызбірлікпен атқар­ған іс-әрекетінің шынайы көрінісі ғой бұл. Елбасы Жетісудан риза болып аттанды. Талпынған ел, әйтеуір, бір табысқа, жеңіске жетеді, спортта да солай ғой...

Рас, еңбектеген баладан ең­кей­­ген кәріге дейін менің ең алдымен атақты спортшы екенімді біледі. Кеңестік Олимпиада чемпионы болсам да Тәуелсіз елде атақ-даңқым артты. Мен оны қалай ұмытамын!? Қазір ше... Малым бар, жайым бар, бір күн қарап отыра алмаймын. Таңертең Талдықорғанда болсам, түс ауа Бақанастағы фермаларға жол тартамын. Жай таңдамаймын, күй таңдамаймын. Қажет болса бақташымен даладағы лашықта жата кетемін. Біз бәріміз теңбіз. Мүддеміз бір. Ол еліміздің – дәулетті болашағы.

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, Қазақстанның Еңбек Ері,  грек-рим күресінен  Олимпиада және әлем чемпионы

АЛМАТЫ