• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Желтоқсан, 2017

Қайсар мінезді ғалым

913 рет
көрсетілді

Қазіргі кезеңде егемен еліміздің қай саласында, қай деңгейінде болсын ұлтына адал қызмет жасап жүрген тұлғалар өте көп. Солардың бірі – еліміздегі жоғары білім беру ісінің білікті ұйымдастырушысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Құсайынов. Әбекең әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті(бұрынғы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) тарих факультетінің 1969 жылғы түлегі. Университет қашанда өзінің елге адал қызмет етіп жүрген түлектерін мақтан етеді. Әбекеңнің суреті университеттегі тарих археология және этнология факультетінде «Біздің мақтанышымыз» деген қабырға стендінде қазіргі жастарға үлгі болсын деген мақсатта ілулі тұр.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры академик Ғ.Мұтановтың бұйры­ғымен профессор А.Құсайынов биыл университеттің Түлектер күніне орай өткізілген шарада «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 80 жыл» медалімен марапатталды және Студенттер сарайында өт­кі­зілген жиында ректордың өзі оның кеудесіне тақты.

Әбекең Павлодар облысындағы Үлгілі ауылында дүниеге келеді. 30-жылдардың басындағы ашаршылықтан, одан кейінгі жаппай саяси қуғын-сүргіннен ел ес жимай жатып, соғыс өрті тұтанып, бар­лық ер-азаматтар майданға кеткен шақ болатын. Сол кездері дүниеге келгендердің балалық шағын өте қиын болды десек, Әбекеңнің балалық шағын олардан он есе ауыр болды деу, артық айтқандық емес. 1942 жылдың соңында Әбекеңнің әкесі майданға шақырылып, тексеру барысында «халық жауы» болып шығады да, 58-баппен сотталады. Бар ауыртпашылық анасы Үнзиләның мойнына түседі. 

Соғыс жылдары қиыншылықтан туған ағасы мен әпкесі қайтыс болады. Соғыстан кейінгі жылдары да Әбекең үшін оңай тиген жоқ. «Халық жауының» баласы ретінде мектепте де, көшеде де, қайда болсын шетқақпай көрсе де қайсар мінезді әрі арғы жағында тектіліктің қаны бар бала жасымай, керісінше өжет болып өседі. Білім жағынан қатарының алды болып, 7 жылдық ауыл мектебін жақсы деген бағалармен бітіріп шығады.

Одан кейін Павлодар қаласындағы педучилищеде оқиды. Оқып жүріп спортпен шұғылдана бастайды, он сегіз жасында күрестен КСРО спорт шебері атағын иеленеді. Училищені үздік аяқтап, еңбек жолын туған ауылындағы мектепте мұғалім болып бастайды. 

Білімін одан әрі тереңдетіп, жоғары білімді мамандық алу үшін Әбекең 1960 жылы ҚазМУ-дың тарих факультетіне студент болып қабылданады. Аз болса да өмірлік тәжірибе жинақтаған Әбекең бірден үздіктер қатарынан көрінеді, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, спортын да жалғастыра береді. Сол жылдардағы заң бойынша студент болғанына қарамастан әскерге шақырылады. Әбекең бір әңгімесінде әскердегі қызметі туралы былай деп айтқаны бар: «Бізді әскерге шақырып, аздаған дайындықтан соң, күнделікті киімдерімізбен жолаушылар кемесіне туристер ретінде мінгізді де, бәрімізден қолхат алды. Сөйтіп өз еркімізбен Вьетнамға әскери көмек беру үшін бардық. Үш жыл бойы еріктілер ретінде Вьетнамда соғысып қайттық». «Вьетнамда қандай әскери марапатқа ие болдыңыз?» деген сұраққа «Ерлігі үшін» медаліне» деп жай ғана жауап берді. Кейіннен ойлап отырсам, 1960-шы жылдары Әбекеңдердің Вьетнамға барып соғысқаны өте құпия түрде болған екен және ол жөнінде жақ ашпау туралы ант беріпті. Содан бері жарты ғасыр өтіпті. Ал қазіргі күнде тарихта жоқ ел үшін қан төктім деп кеуде қағып, мақтану – оның қанында жоқ қасиет.

Әбекең әскерден оралып, оқуын қайта жалғастырады. Сол кезге қатысты мынадай бір оқиғаны айтып еді. «Әскерден кештеу оралдым. Сабақ басталып кетіпті. Құжаттарымды өткізіп, жатақхана ала­йын деп деканға барсам, орынның бәрі бөлініп қойылған. Қалада жақын ағайын-туыс жоқ. Кешке дейін анда жүгіріп, мұнда жүгіріп, ештеңе шығара алмай, басым салбырап, қайда барарымды білмей тұрғанымда факультет деканы Ә.Шүпеков деген ағайымыз «жүр мені­мен» деп қасына ертіп алды. Үйіне алып барып, «мен саған жатақханадан орын алып бергенше осында боласың» деп үйіне жатқызды. Содан бір аптадай деканның үйінде жаттым». Әбекеңнің жасы жетпістің бел ортасына келсе де ұстазы Ә.Шүпековті көрсе, жүгіріп барып амандасады, ағайының хал-жағдайын сұрап, туған ағасындай құрметтейді. Ол ұстазының бар асыл қасиетін бір сөзге жиып, «Адамгершіліктің ең жоғары эта­лоны» деп айтады. Ал профессор Ә.Шү­пеков үшін профессор А.Құсайынов және оның студенттік кездегі группалас достары – профессор С.Мәшімбаев, профессор М.Әбдіров, профессор Қ.Қаражан бәрі әлі шәкірт секілді. Олардың ұстазына деген қарым-қатынасының нағыз шынайы екендігіне талай рет көзімізді жеткіздік.

Әбекең университетті бітірген соң бір­неше жыл Алматы қаласындағы аудан­­­дық партия ұйымында қызмет істей­­ді. Сол кезде ол осы бағыттан ауыт­­қы­­май жүре берсе, талай биіктерге қол жеткізері анық еді. Мамандығы – жоғары білімді тарихшы, спортшы, екі тілге бірдей жетік, шетелде «интернационалдық борышын» өтеген ардагер, «Ерлігі үшін» медалі­нің иегері және т.б. Болашақтағы қызметтік сатылар, соған сай жасалатын материалдық жағдайдың бәрін біле тұра, Әбекең бәрінен бір-ақ күнде бас тартып, партиялық жұмыстан шығады да, өзінің ҚазМУ-ына қайтып оралады. Аспирантураға қабылданып, тез арада ғылым кандидаты деген ғылыми дәрежені иеленеді. Одан әрі аға оқытушы, доцент қызметтерінде тарих факультетінің кафедрасында білім беру мен ғылыми ізденістерін жалғастырады.

Әбекең өміріндегі үлкен бір белес – ҚазМУ ректоры, академик Ө.Жол­дасбековтің тұсында проректор болып қызмет істеуі. Әбекеңнің бойын­дағы жеке қасиеттерді көре білген ректор оған аса жауапты салаларды сеніп тапсырады. Ұстазынан талантты жас басшы көп тағылым үйренеді. Кейіннен өзі де ректор болған кезінде ұстазының адал­дық, ұйымдастырушылық, адамдар­мен қарым-қатынас жасау секілді қа­сиет­терін үйренгенін жиі еске алып оты­рады. Қазіргі Алматы қаласындағы «қала ішіндегі қала атанған» ҚазҰУ қа­ла­­шығында Әбекеңнің де қолтаңбасы бар.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Әбекең ҚазМУ-дың проректоры болатын. Желтоқсаннан кейінгі Орталықтың тапсырмасымен басталған жергілікті биліктің жазалау шаралары оны да айналып өтпеді. Студент жастардың алаңға шығуына тікелей себепші болғандар деген жала жабылып, ректордан бастап барлық оның командасы қуғынға түседі. Әбекеңнің айтуына қарағанда, ол өзінің докторлық диссертациясын талқылаудан өткізіп, қорғауға дайындалып жүріпті. Авторефератын шығарып, қорғайтын күні де белгіленген екен. Қорғамақ түгілі басы бәлеге қалып, проректорлық жұмыстан босатылады. Тарих факультетіндегі бір кафедраға методист ретінде бұйрық шығарып жібере­ді. Бұл деген қазақ ғалымын қорлау­дың ең бір шектен шыққан көрінісі еді. Он шақты күннен кейін бұйрық өзгер­тіліп, «ғылым бойынша доцент» деген қызметке ауыстырылады. Бұл лауа­зымды басқаша айтқанда – «студент­терге дәріс оқуға, тәрбие жұмысын жүр­гізуге тыйым салынған ғылыми қызмет» дегенді біл­діреді. Сол кездегі қорлықты, тағы да шет­тетуді басынан өткерген Әбе­кең мойы­майды. Керісінше, өзін қайрай, шыңдай түседі.

 Еліміздің тәуелсіздік алуы бүкіл қазақ жұртының бағын ашып, дамуына мүмкіндік бергені секілді, Әбекеңнің де жолы ашылады. Докторлық диссертация­сын сәтті қорғап, профессор атанады. Сол кездегі Целиноград қаласындағы облыстық пединститутқа ректор болып қызметке тағайындалады. Профессор А.Құсайыновтың тұлғалық болмысының ерекше байқалған тұсы – еліміздің саяси-әкімшілік орталығының Ақмола қаласына қоныс аударған кезі. Қаладағы педагогикалық институт Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті деген атауға ие болып, жаңа бас корпус салынды. Құрылыс толығымен біткенше ректор оның басы-қасында жүреді. Ұлы ұстазы академик Ө.Жолдасбековтен үйренгеніндей, ең басты жауапкершілікті мойнына алып, ғимараттың құрылысы мен сәулетіне, әрбір кезеңнің дер кезінде аяқталуына күш салады. Қазақстанның астанасына ат басын тіреген шетелдік жоғары мәртебелі қонақтардың бағдарла­масы­на университеттегі кездесу енгізі­летін. Сол жылдары Әбекең 20-ға жуық шет­елдік президент пен премьер-министр­дің иықтарына қазақтың қасиетті шапандарын жауып, ұлттық дәстүрді ұлықтады.

Профессор А.Құсайынов Тәуелсіз қазақ еліндегі ғылыми кадрларды даярлау ісінде де шебер ұйымдастырушы және принципті басшы ретінде зиялы қауым арасында танымал болды. Бес жылдай Жоғары аттестациялық комитетті басқарып, оның жұмысын жолға қоя білді. Сол жылдары қай мамандық түрінде болсын нашар диссертациялық жұмыстар бекімей, кері оралатын. Мұндайда қандай да бір қысым түріне қарамастан шынайылықты басты қару еткен Әбекең бар жауапкершілікті өз мойнына алатын. Содан болуы керек, талай әлсіз жұмыстардың авторлары және олардың жетекшілері Әбекеңмен тікелей кездесуден қашқақтап жүретін.

Қазіргі күнде Әбекең Астана қаласындағы «Еуразия гуманитарлық институты» деп аталатын жеке жоғары оқу орнының ректоры. Он төрт жасында Павлодардағы педучилищеге құжат тапсырғанда ұстаз, педагог болуды қалай армандаса, міне 61 жыл бойы сол арман жолынан ауытқымай білім мен ғылым жолында, оларды ұйымдастыру жолында тынбай еңбек етіп келеді.

Енді бір-екі ауыз сөз Әбекеңнің жеке басындағы кейбір көпшілік біле бер­мейтін ерекше өнері және қасиеті туралы болмақ. Қарап отырсам, Әбекеңнің бойындағы дәлдеп турасын айту, шешен сөйлеу ата-тектен келе жатқан сияқты. Атақты ақын Иса Байзақовтың сөзге шешендігінің бір ұшы онымен шөбере туыс Әбекеңе де дарыған деп ойлаймын. Батырлары мен ақындары көп шыққан Әбекеңнің арғы ата-бабалары ел қорғап, сөздің дәмі мен шырайын қалай келтірсе, солардың бір ұрпағы Әбекеңде сол өнердің екеуі де ұштасқан деп ой түйемін. Сол қос қасиет Әбекеңді қазіргі заманның қайсар мінезді ғалым тұлғасына айналдырып отыр. 

Берекет КӘРІБАЕВ, ҰҒА корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  университеті Қазақстан тарихы  кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы