• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2010

ТУРА ЖОЛ

1187 рет
көрсетілді

Қаламгер қауымның шығар­ма­шылық шабытына ойда жоқта шоқ түсіріп, көңіл толғанысын толқы­тып әкетіп, әдемі бір туындының дүниеге келе қалатын шақтары әдебиет әлемінде сирек жай емес екені аян. Ондайда алдымен көмейі күмбірлеп, тілінен жыр ағыла жөнелер ақын болары тағы анық. Ал соған тебіреніс қуатын қайрау­шы жеке адам өмірі һәм тағ­дыры болса ше ?! Бұл ен­ді бөлек оқи­ғаға пара-пар ғой. Осы­дан жиырма бес жыл бұрын­ғы оқыған жанды бей-жай қалдыра ал­май, көп көкіре­гін тербе­ген сол бір поэма сондай­­лық еді. Қайрат Жұма­­­­­ғалиев ағамыздың та­ныс­­қан бетте бойын бау­рап, іс-қыз­метіне, қайтпас қайсар­лығына жүрек түкпірінен төгіліп арналған “Нұра перзенті” деректі дастаны­ның кейіпкері Жарылқасын Бикенов қазір аймақтағы барша ағайын арқа тұтқан, ескідегі қадірлі кісідей ақыл-кеңесіне тоқталған ардақты ақсақал­дықтың өрінде. Жасырары жоқ, көз үйре­ніп кеткендіктен бе, айналадағы таныстардың тағдырына, жаның­дағылардың жан-дүниесіне көңіл аудара бермейтініміз бар. Кейде суырт­пақтап сыр тартып байқа­­са­ңыз тыңнан танылған талай қыры­на тәнті боласыз. Оның таңдай қақтырарлық табандылығы мен тиянақтылығының сүйсіністі көрі­нісінің бірі ретінде табаны күрек­тей қырық жыл бойында бір меке­ме­де бас бухгалтер міндетін атқар­ғанын атар едік. Мұны да былай қойғанда, соның едәуір бөлігі таса­­­­­дан тас атқан тағдыр талқы­сына тап болып өткенін айтпай кете алмайсыз. Таңдаған маман­дығына беріктік пен тосыннан кездескен қиындыққа мұқалмас жігер өмірін алға тартқан қасиет. Сөз орайында әуелгі ерекше­лік­ке тоқталсақ, есеп-қисап ісіне бозбала кезінен араласыпты. Ол шақта Нұра өңірінде тың игеру дүрбелеңі етек жайып тұрған бола­тын. Жаңадан құрылған “Шахтер” кеңшарының жұмысшылар коопе­ра­циясына бухгалтер шәкірті бо­лып қабылданғанда бүткіл еңбек жолы осы саламен қабысып кете­тін­дігін әсте ойламаған-ды. Оның төрайымы Әнзия Темірболатова мен тікелей қамқоршысы Ека­тери­на Романюктің баураған ұстаздық құшақтары мақсатын айқындатқан. Жақаңның кәсіби жоғары білім алып шығуы өзінше бір әңгіме, таудай талаптың жемісті жеңісі. Кеңес әскері қатарында жүріп, сырт­­тай оқып, міндетті боры­шын мерзімдік уақытта өтеу­ші­лер ара­сында бұрын-соңды кездесіп көрме­ген жай болды. Ақ қанат арман жетегі ұмтылдырған адамға алынбас қамал жоқтай екен. Көкіректі тес­кен ойды әскерлік сатылар бойын­ша барлық деңгейдегі басшыларға, Қорғаныс министрінің өзіне де жеткізгенде Әскери жарғыда мұндай ереже жоқтығына жауап қайтары­лып келгенмен талпыныс ақыры ізсіз қалмады. Новосібір кеңестік коопе­ратив сауда институтында сырттай оқуға мұрсат беріліп, оны үздік бітіріп шықты. Күні кеше ауылдан үрпие ат­тан­ған жігіттің үш жылда офицер әрі жоғары білімді азамат болып оралуы Бикен әкей мен Зағипа шешейді бір қуантып, марқайтса, ел ішін қоса сүйсінткен. Ново­сі­бір­де аспиран­турада оқуын жал­ғас­тыру үгіттелген де еді. Бірақ елге сағыныш жүрекке әмір жүргізе алмаған. Өмірде ысылған, біліктілік өсір­ген жанған оттай жас маман қалай­ша аңдалмай қалсын. Нұра аудан­дық тұтынушылар коопера­ция­сына шақырылып, бас бухгал­тердің орын­­­басары, араға жыл салмай жатып бас бухгалтеріне көтерілген жол 28 жасында Қарағанды облыс­тық тұтынушылар одағының осын­дай қызметімен жалғасқан. Қарап отыр­са, бұл 1971 жыл екен-ау. Міне, содан күні бүгінге дейін, яки қырық жыл қатарынан бас бухгал­тер. Сол мекеме, сол баяғы есеп-қисап машақаты мұрын шан­шылтқан дүние. Басқаға білінбес ләззаты мол шаруа, сырт көз түйсі­не бермес сандар, цифрлардың сырлы әлемі. Кезінде беделі шарықтап тұр­ған аталған құрылымның ең маңыз­ды буынын басқару биік жауапкер­шілік пен аса ыждағат­тылық ұста­нымға беріктерге ғана сеніп тапсы­рылатын. Отызға тола қоймаған жігітке мұндай таңдау түсу әрине, жайдан-жай емес-ті. Білікті білім, зейінді зерде, талдау ойшылдығы, сарапшылық тұрғы­дағы терең пайым­дылық жүктел­ген міндетті атқару жылдарында барын­ша жар­қырап көрінген қасиет­тер. Оның тез арада сала ірі эконо­мистерінің маңдайлысы са­на­лып кетуінің бір сыры да осында. Кооперациялық сауда-саттық­ты ұйымдастырумен қатар, құра­мы­на құрылыс салу, өнімдер өн­діру, шаруашылықтың басқа да тетіктерін дамытқан ірілі-ұсақты жүздеген кәсіпорын қамтылған ұйым­ның қаржылық жүйесін үлгі­лі үйлестірудің жарқын дәлелін осынша жылдар ішінде бірде-бір рет талаптан ауытқушылықтың, есептік бұрмалаушылықтың орын алмауынан тануға болады. Жарыл­қасын Бикенұлының ең қымбат қыры қайсы дегенде, әріптестері іске тазалықты, сенімге адалдықты өз бойларына да сіңіре білгендігін айтады. Ал қырықтың қырқасына көтеріле бергенде аяқ астынан киліккен қиындыққа мойымай, жиырма бес жыл бойына болаттай беріктік, темірдей төзімділікпен содан сыр танытпай келе жатуы тағы бір айтпас болмастай қыры. Иә, орда бұзар шағында жанар қуаты оқыс семе бастап, көз алды ­бұлдырап көрінуге айналатынын ойлап па?! Анау-мынау емес, кеселдің шамшырақтан жабыс­қанын қайтерсіз. Жарық дүниенің сәулесін енді жанармен аялай алмау күдігі қинаған. Ешкімге сездірмесе де оңашадағы уытты уайымды серпілтіп операция жаса­туға келіскен. Оны алты мәрте жасатуға да төзді. Алайда, қанша айтқанмен, жанардың жаратылыс­ты қалпы қайта алмады. Кім біледі, басқа біреу болса жабығып, жасып, тағдырдың жазуына іштей мойып кетер ме еді. Қиындық керісінше қайрап, қайраттандырып, жанып кететін жандар сынды Жақаң қайсарлығы да тұтанып, жанды. Көкірегінде жатталған сансыз цифрлар, жады­на тоқылған қалың сан сырын бірден сезу қабілеті, ғажайып зейіні көмегі тиген осы кез болды. Қайрат Жұмағалиев ақын: Зейіні –тас, Әріптесін мазалап, Кеңес сұрап, Әсте іздеп жатпайды. Бір адамның миы, Бұған жетер ме. Қайран қалған емес екем бекерге ... Бас бухгалтер Бикеновтің басы да Өз алдына Бір компьютер екен де, – деп жырлағандай, табиғат оған дарыт­қан осынау қасиет ісіне қыл түсірт­педі. Сонымен бірге, негізгі қыз­метінен қол үзбей Қарағанды коо­перативтік институтында сабақ бер­ді. Ұзақ жылдар бойында мем­лекеттік емтихан комиссиясы­ның төрағасы болуы бі­лік­­тілігін баға­лау­дың белгісі дер едік. Ғылы­ми жұ­мыс­тар­мен де айна­лы­сып, ізденіс­терін ортаға салған бірне­ше ма­қа­­ла жазды, соның ішінде бух­гал­терлік есеп тео­рия­сы бо­йын­ша қа­зақ тілін­де оқулық дайындады. Біраз жұрт ел іші тарихына жетік, со­ны баспасөз беттерінде баяндау­шы, кітап­тарын­да толығынан көсілуші өлкетанушы ретінде де біледі. Шамасы келгенше адамға жақсылық жасау, ниеттестері қолтығынан демеу ықыласынан ауып көрмеген Жақаң қай ортада да құрметті. Қазақстан тұтынушы­лар одағының басшылары Өмірзақ Сәрсенов, Казбек Әшляев, қашан­нан жүрегіне жақын Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов, үмітін ақтаған шәкірттері Елубай Ахметов, Базарбай Қаржасов сынды сыйлы азаматтар көңілінің қошы. Жақсыға жақсы үйірлікті осы кісіге қарап тануға болады. – Нарық заманының ізденуге, іскерлікке бейімдеуі әсіресе, жас­тар арасында кең көрініс табуы қуантады. Жаңа белестердің жоға­ры жауапкершілігін ақтай алатын ұрпақты қалыптастыруға бағыттал­ған мемлекеттік қамқорлықтың берік дәстүрлігі Елбасының биыл­ғы Жолдауында да атап көрсетілуі толық қолдарлық. Бүгінгі қоғам жылдам дамуымен қызықтырады. Біз де содан қалыспай келе­міз, – ­дейді ол. Десе дегендей келелі кездесулердің, алқалы жиындар­дың, маңызды кеңестердің бел ортасында жүруі көзге үйреншікті жай. Алаң­сыз еңбекке аралас­тырып, тосын қиындықта қамқор­шы болып, қашаннан тілеуін тілеуші Әнияштай жан сұлулығы бөлек жары белсенді өмірінің тірегі. Жарылқасын ағамыздың тұты­ну кооперациясы жүйесінде еңбек еткеніне бүгін тура 50 жыл. Соның 42 жылында бас бухгалтер болып­ты. Ине ұшындағыдай істі осынша уақыт адал атқару кәсіпке таза­лық­тың арқасы. Қайсар­лықтың жеңісі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын­да “Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері” атағы алдымен бері­луінде де үлкен мән бары даусыз. Тазалық. Қайсарлық. Ол осы жолда келеді. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.