• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Желтоқсан, 2017

ОҚО-да облыстық жұмысшы жастар форумы өтті

348 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысында «Бәсекеге қабілетті – жастар» атты облыстық жұмысшы жастар форумы өтті. 

Бүгінгі шараның басты мақсаты - мемлекет ұсынып отырған бағдарламалар аясында жастарды еңбекке ынталандыру және оларды жұмысқа баулу, сонымен қатар еңбекші жастарды қоғамға таныту арқылы олардың еңбегін бағалау болып отыр.

Бүгінде республика тұрғындарының 4,5 миллионнан астам жастар болса, оның ішінде 18 пайызы немесе 800 мыңға жуығы Оңтүстік Қазақстан жастары.

Сондықтан да жергілікті билік, өңір жастарын қоғамдық жұмысқа тартып, тұрақты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді.

Бүгінгі форумға мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланған  300-ге жуық жас, олардың ішінде «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел», «Жас сақшы», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы мен «Әр ауылдың өз шебері» жобаларына қатысушы жастар мен кәсіпорындардағы жас мамандар, еріктілер, облыстық жастар ұйымдары қатысты.

Форум жұмысына арнайы қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жас мамандардың инновациялық жобалары мен IT-технологиясына арналған құралдар көрмесін тамашалап, еңбекші жастармен тілдесті.

«Жастар - еліміздің болашағы. Ел ертеңі – жастардың қолында. Сіздер өздеріңіздің ауқымды жұмыстарыңызбен, қарқынды қимылдарыңызбен еліміздің өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне үлкен үлес қосып жүрген жас буынсыздар. Бүгінде сіздер қоғамдағы қозғаушы күшке айналдыңыздар. Олай дейтініміз елімізде жастар саясатына ерекше көңіл бөлінуде. Әрбір жаңа ұрпақ өмірге өзімен бірге жаңа леп, жаңа ахуалды қоса әкеледі. Бұл обьективті құбылыс»,-деді әкім.

Сонымен қатар, аймақ басшысы белсенді жастар туралы сөз қозғап, кәсіпорын ұйымдарының еңбек қатынастарында алатын орны мен маңызы туралы айтты.

«Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы бойынша мамандығы жоқ азаматтар мен еңбек нарығының сұранысына орай 12 159 азамат мамандық алса, оның ішінде «Әр ауылға өз шебері» акциясы аясында ауылдардағы бірінші кезектегі қажетті мамандар тізімі нақтыланып, 15 мамандық бойынша 9253 азаматқа кәсіптік білім берілді, олардың 5 150-і жастар. Оңтүстік өңіріндегі 306 өндіріс орындарында 20 мыңға жуық жас тер төгуде. Мысалы үшін «Әлем БТ» шұлық зауыты ұжымының 90 пайызға жуығы сіздердің қатарластарыңыздан құрылған. Ал «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Бал текстил» ЖШС, «Стандарт цемент» ЖШС, «Химфарм» АҚ, «Атамекен» корпорациясы» ЖШС 50 пайызынан астамы жастар»,-деді Ж.Түймебаев.

Форум барысында өңір басшысы жиналған жастарды кіріп келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, Ұлттық «Дельфи» ойындарының жеңімпаздары мен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» қысқа мерзімді оқыту курсынан өткен жастарға «Алғыс хаттар» табыстады.

Жұмысшы жастар шара соңында республикалық және облыстық эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалады.