Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетовтың айтуынша, өзен бойында тәулік бойы кезекшілік бекітіліп, қажетті қауіпсіздік шаралары қабылданды, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
28 желтоқсан күні Сырдария өзенінде сең қозғалып, су деңгейі көтерілді. Өзеннің ескі арнасы толып, ПМК-29 саяжайының ішкі каналына көп мөлшердегі судың түсуінен 9 тұрғын жайдың ауласына су жайылған.
«Саяжай массивінде барлығы 76 үй бар, оның ішінде 37-сі жыл бойы пайдаланылатын үй. Қазіргі кезде су тасқынының алдын алу шаралары аясында тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді. Сондай-ақ, ұзындығы 100 м жуық арнаның қорғау дамбаларын бекіту үшін 8 техника мен 15 адам жұмылдырылып, 22 жауапты ұйымның тәулік бойы кезекшілігі бекітілді», - деп мәлімдеді Серік Сермағамбетов.
Атап өтейік, ПМК-29 саяжайы өзен арнасындағы су деңгейі жоғарылаған кезде оңай су жайылатын аймақ болғандықтан тұрғындарға алдын ала ескертпе хаттар таратылған. Дегенмен, 28 желтоқсан күні 22.50-де Қызылорда қаласы маңындағы Прудхоз елді мекеніндегі Кентай жайылымының су басқан аумағында 2 адам масаң күйде қараңғыда адасып, мұз астына түскен. Біреуі қайтыс болды, екіншісі құтқарылды.
Жалпы облыс аймағындағы жағалау бойында қорғау дамбаларының 96 қауіпті учаскесін белгілеп, жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, Сырдария жағалауы 56 су басу қаупі бар аймаққа бөлініп, құрамында 459 арнайы техника және 1957 адам бар 172 жауапты мекеме бекітілді.Су тасқыны кезеңінде тұрғындарды эвакуациялау үшін 83 жинақталған эвакуациялық және 104 қабылдау бекеті дайындалды. Сондай-ақ, облыс бойынша 148 тонна жанар-жағармай, 284200 дана қап, 10400 қамыс, 3800 пашын, 3600 дана қарабура және өзге де қажетті материалдар мен құралдар әзірленді.
Басқарма мәліметінше, бүгінгі жағдай бойынша Қызылорда облысында өзеннен түскен су көлемі 640 м3/сек. құрайды. Қызылорда су торабына түскен су көлемі 530 м3/сек. Солтүстік аудандарда ауа температурасының төмендеуіне байланысты Сырдария өзенінде мұз қатты, ал өңтустік аудандарда мұз болмады.
«Қазіргі таңда аймақта жағдай қалыпты және тұрақты бақылау жүргізіліп жатыр», - деді С.Сермағамбетов.