Қазақстан 2017-2018 жылдарға Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне (БҰҰ ҚК) тұрақты емес мүше болып сайланғаны белгілі. Беделді ұйым құрамындағы бір жылымыз табысты аяқталды. 2018 жылды аталған Кеңеске төрағалық етумен бастап отырмыз. Осыған байланысты Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаровпен әңгімелескен едік.
– Қайрат Ермекұлы, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып жұмыс істегеніне бір жыл толды. Осы уақыт ішінде қандай жұмыстар атқарылды? Жаңа 2018 жылғы қаңтарда еліміз Кеңеске төрағалық етеді. Қазақстан тарапы қандай мәселелерді қарастыруды жоспарлап отыр?
– Еліміз Қауіпсіздік Кеңесі құрамында ұйымның көптеген отырыстарына, ашық пікірталастары мен брифингтеріне қатысты. Сонымен қатар бірқатар бейресми консультацияларға, Кеңеске тұрақты емес мүше елдер бірлестігінің кездесуіне атсалысты. Қазақстан делегациясы Кеңестің түрлі комиссиялары құрамында Колумбия, Гаити, Орталық, Батыс және Шығыс Африка елдеріне, Аддис-Абебадағы Африка одағының штаб-пәтеріне, АҚШ басшылығымен кездесу үшін Вашингтон қаласына іссапармен барып қайтты. Еліміздің өкілдігі Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары секілді маңызды құжаттарды қабылдауға мазмұнды үлес қосты.
Қауіпсіздік Кеңесі құрамындағы Қазақстанның басты мақсатының бірі – әлемдік соғыс қаупінің алдын алу. Бұдан бөлек Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» атты парадигмалық манифесінде айтылған БҰҰ-ның 100 жылдығына орай 2045 жылы жанжалсыз әлем құруды жүзеге асыру да негізгі бағыттың қатарында. Бұған қол жеткізу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттер ядролық қарусыз әлемді құру мәселесін, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанжалдар мен шиеленістерді шешуге бірлесе ұмтылуы керек.
2018 жылғы қаңтардың екінші жартысында Нью-Йоркте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбында пікірталас ұйымдастыру жоспарда бар. Сондай-ақ Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахмановтың төрағалығымен «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділігінің үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы аймақтық серіктестікті құру» тақырыбында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жарыссөзі өтпек. Шараға Орталық Азия елдерінің және Ауғанстанның сыртқы істер министрлері қатысады. Жарыссөздің нәтижесі бойынша қорытынды құжат әзірленеді деген үмітіміз бар. Ал қаңтардың соңына таман Таяу Шығыс мәселесі бойынша тоқсандық жарыссөз өтеді.
– Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның басты бағыттарының бірі – әлем назарын Орталық Азияның түйткілді мәселелеріне аудару. Осы тұрғыдан алғанда еліміз алға қойған мақсатына қаншалықты жете алды?
– Орталық Азия мәселесі – делегациямыздың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысының маңызды басымдығы. Қазақстан тарапы Орталық Азия және Ауғанстанды бейбітшілік, ынтымақтастық және қауіпсіздіктің үлгісіне айналдыруды көздейді және осы мақсатта жұмыс істейді. Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде Орталық Азия аймағынан сайланған тұңғыш мемлекет екені белгілі. Осыған байланысты еліміз аймақтағы мәселелерге ерекше мән береді. Әрі халықаралық қоғамдастық назарын өңірге аудару мақсатында ҚК-нің бүкіл мүмкіншілігін пайдаланамыз.
Аталған басымдықты жүзеге асыру барысында аймақтағы тараптардың мүдделерін ескереміз. Қазақстан үшін көрші ауған елінің бейбіт өмір сүргені, әлеуметтік-экономикалық дамуы, әлеуетінің күшеюі, қауіпсіз болуы маңызды. Сондықтан әлем назарын осыған аударуға талпынамыз. Айта кету керек, еліміздің делегациясы Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстан мен Талибан бойынша 1988 комитетінің төрағасы ретінде жүйелі жұмыс істеп келеді.
2017 жылы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-шi сессиясының аясында Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті. Кездесу нәтижесінде Бас Ассамблея шеңберінде алғаш рет Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің бесжақты бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Құжатта тараптар өңірлік мәселелерді теңдік, өзара тиімділік және барлық тараптардың мүдделерін құрметтеу негізінде өзара тиімді шешімдер қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар жиында аймақтағы мәселелерді Орталық Азия елдерінің өздері шешуге қабілетті екені айтылды. Министрлер екіжақты деңгейде және халықаралық ұйымдар шеңберінде лаңкестікке, экстремизмге, заңсыз көші-қонға, адам саудасына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз қару-жарақ саудасы мен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.
Сонымен қатар 27 қарашада, Қазақстан, Германия және Ауғанстан делегациялары Қауіпсіздік Кеңесінің Аррия формуласы бойынша «Ауғанстан үшін серіктестер: Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен дамудың өзара ықпалдастығы» тақырыбында мәжіліс өткізді. Аталған шараға қатысушылар ауған тарапына экономикалық қолдау көрсетудің маңыздылығына назар бөлу қажеттігін сөзге тиек етіп, бұл осы елдің ұзақ мерзімді қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қол жеткізудің бірден-бір жолы екендігін жеткізді. Орталық Азия елдерінің делегациялары өз елдерінің Ауғанстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендігін және бұл олардың саяси және экономикалық мүдделеріне сәйкес келетінін алға тартты.
– Еліміз Африка елдерінің мәселелерін де көтеруді мақсат еткен. Бұл бағытта қандай іс-шаралар атқарылды?
– Африкада бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізу – мемлекетіміздің Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысының басты бағытының бірі. Бұл мәселені Елбасы еліміздің БҰҰ ҚК құрамындағы бесінші басымдығы ретінде атап көрсеткен болатын. Қазіргі таңда Қазақстан Африка одағына байқаушы мемлекет ретінде қатысады және ҚК-нің Сомали/Эритрея бойынша комитетінің төрағасы ретінде құрлықтағы татулық пен бейбітшілікті қалпына келтіру мақсатында халықаралық іс-қимылдарға үлес қосып отыр. Айта кету керек, Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібінде тұрған мәселелердің 70 пайызға жуығы осы Африкадағы шиеленістерге арналған. Солардың ішінде Судан мен Оңтүстік Судан, Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Бурунди, Мали, Ливия, Сомали секілді бірқатар мемлекеттердегі ұзаққа созылған және шиеленіске толы қақтығыстарға жіті көңіл бөлінген.
Африканың біздің елден географиялық алыстығына қарамастан, Қазақстан делегациясы осы мәселелер бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына белсенді қатысады. Жыл басынан бері қазақстандық делегация Африка мәселелері бойынша Кеңестің қосалқы органдарының, әсіресе Сомали/Эритрея комитетінің шеңберінде белсенді жұмыс атқарып келеді. Сонымен қатар аталған тақырып бойынша бірқатар қарарларды әзірлеу мен келісу жұмысына қатысып, барлық кездесулер мен консультацияларда сөз сөйледі. Кеңес Чад көлі аймағына (Нигерия, Нигер, Камерун, Чад) және Сахель аймағына (Мали, Мавритания, Буркина-Фасо) жүзеге асырған екі далалық сапардың, сондай-ақ Судан еліне сарапшылар деңгейіндегі сапардың нәтижелері Африкадағы негізгі проблемалар мен жанжалдардың түпкі себептері Орталық Азия мен Ауғанстанның проблемаларына ұқсас екенін көрсетті.
Чад көлінің алқабына Қауіпсіздік Кеңесі делегациясы тұңғыш рет іссапармен барды. Біз мұны БҰҰ-ның бітімгерлік күштерін бақылау үшін емес, аймақта қалыптасқан ауыр жағдайға халықаралық қоғамдастық назарын аудару мақсатында ұйымдастырдық. Себебі Чад көлінің маңындағы мемлекеттерде қауіпсіздік, тұрақты даму және гуманитарлық көмек көрсету мәселелері күйіп тұр. Сапар қорытындысы бойынша, Кеңес аймақтың проблемаларын шешуге үлес қосатын тиісті қарар қабылдады.
Жалпы, Қазақстан аймақтағы «Боко Харам» және Сирия мен Иракта жеңіліс тауып, Африкаға назар аударған басқа да террористік және экстремистік ұйымдардың тамырына балта шабу үшін Африка одағының бастамаларын, оның ішінде террористерге және трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі Сахель аймағы бес мемлекетінің бірлескен күштерінің құрылуын және іске қосылуын толықтай қолдап, ҚК-нің тиісті қарарларын әзірлеуге атсалысты.
Африкадағы қарулы қақтығыстардың алдын алу үшін жанжалдардың түпкі тамырларын, оның ішінде су мен жер ресурстарының тапшылығын, кедейлік, жұмыссыздық пен сауатсыздықты жою, инфрақұрылымды дамытудың қажеттігі анық. Осы себептен Қазақстан Африканың шөлейт аймақтарында елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалысуда. Мәселен, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Сомалиде «Гуру Уэйн ауданында таза су және суға қауіпсіз қол жеткізуді қамтамасыз ету» және «Йохаре ауданын таза сумен қамтамасыз ету» атты жобаларды іске асыру үшін 215 мың АҚШ долларын бөлу туралы шешім қабылдады.
Осымен ғана шектелмей, Қазақстан Африкадағы БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына да тікелей қатысуда. Атап айтқанда, қазақстандық әскери бақылаушылар БҰҰ-ның «Батыс Сахарадағы референдумды бақылау арқылы бейбітшілікті қолдау» жөніндегі (MINURSO) миссиясында қызмет етеді. Келер жылы біздің бітімгершілер бөлімшесін тағы бір БҰҰ миссиясына енгізу жоспарда бар.
Жалпы алғанда, Африканың ерекше зор әлеуеті бар екенін және алдағы уақытта осы құрлық әлем экономикасының басты қозғалтқышы болуы әбден мүмкін екенін есте сақтау керек. Бұл әлеуетті іске асыру және Африканың қазіргі проблемаларын шешу үшін барлық мүше мемлекеттер мен БҰҰ мекемелерінің үйлесімді іс-қимылы талап етілетінін атап өтуіміз қажет.
– Елбасы Н.Назарбаевтың былтыр қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арнаған саяси Үндеуінде жеті басымдықты атады. Солардың бірі – ядролық қаруды таратпау. Осы басымдықтың орындалуы жөнінде айтып берсеңіз.
– БҰҰ-ның 100 жылдығына орай ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, жаппай қырып-жою қаруларын таратпау бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің 1540, 1718 және 2231 қарарларын бұлжытпай орындап келеміз. Сонымен қатар Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға бірдей декларацияның, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты мен Ядролық қаруға тыйым салу шартының тиісті ережелері сақталып отыр. Қазақстан жаппай қырып-жою қаруын сынау салдарынан ең көп зардап шеккен мемлекеттердің бірі екені белгілі. Еліміз тарихи жағдайды ескере отырып, КХДР-дың Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын көп мәрте бұзуына байланысты туындаған кезеңде өз ұстанымынан бас тартпайды. Осыған сәйкес Солтүстік Кореяға қатысты отырыста біздің ел Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын қолдап дауыс берді.
Жалпы, БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына орай ядролық қарудан азат әлем құру туралы бастама Қазақстанның сыртқы саясатының ең маңызды басымдықтарының бірі болып қала береді. Бұл мәселені БҰҰ алаңында дәйекті түрде айтып отырамыз. 2015 жылдың желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу туралы жалпыға бірдей декларацияны қабылдады. Биыл Ядролық қаруға тыйым салу шарты (ЯҚТШ) мақұлданды. Бұл халықаралық келісім біздің декларациямызға демеу беріп, ядролық қаруды жасау, сынау, сақтау, қол жеткізу және қолдану мүмкіндіктеріне түбегейлі түрде тыйым салуды көздейді. Қазақстан бұл құжаттың әзірленуіне белсенді түрде қатысып, оның қабылдануына дауыс берген 122 мемлекеттің қатарында болды.
Былтыр Өскеменде ашылған АЭХА (МАГАТЭ) Төмен байытылған уран банкі осы саладағы маңызды тарихи оқиға саналады. Қазақстан әрдайым ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттер туралы идеяны белсенді қолдап, осы күнге дейін ұйымдастырылған барлық отырыстарға тұрақты түрде қатысып келді. Төртінші Ядролық қауіпсіздік саммитінде «Әлем. XXI ғасыр» манифесі баршаның назарына ұсынылған болатын. Төмен байытылған уран банкінің салтанатты ашылу рәсімінде қазақстандық тарап ядролық қауіпсіздік мәселесі бойынша ең жоғары деңгейде кездесулер өткізу дәстүрін қайта жаңғыртуды ұсынғаны белгілі. Қазақстан БҰҰ алаңында барлық мүдделі тараптармен осы мәселе бойынша үйлесімді өзара әрекеттестіктің барлық мүмкін амалдарын талқылап келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»