«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынғалы Батыс Қазақстан облысында бірнеше музей ашылды. Соның бірі – Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану мұражайы.
Өткен жылдың соңғы күндерінде тұсауы кесілген өлкетану музейінің қорында қазірдің өзінде 3 мыңға жуық жәдігер бар. Тарихтың талай-талай айтулы оқиғасы өткен шежірелі топырақтағы бұл ғимаратта Шыңғырлаудың өткені мен бүгіні көрініс тапқан.
Музей 5 залдан тұрады. Келушілер арнайы экраннан Шыңғырлаудың әсем табиғаты мен көз тартар орындарынан түсірілген бейнебаянды да тамашалай алады.
Дәл осы күні өңірдегі көне зираттарда сақталған тарихи ескерткіштер – араб жазулы көне құлпытастардың құпиясы шертілген арнайы жинақтың да тұсауы кесілді.
Шыңғырлау ауданы үшін есте қаларлық осы оқиғаға орай өзге өңірлерден туған жерге арнайы жиналған бір топ ардагер музей ғимараты алдына қарағай көшеттерін отырғызды. Бұл көшеттерді олар өз қаржысына сатып алып, туған жерге тарту ретінде ала келген екен.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы