Бүгін Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданында аудандық орталық аурухана күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді. Бұл ғимаратқа 33 жылдан бері мұндай жөндеу жүргізілмеген екен. Аудан тұрғындарының қуанышына ортақтасуға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Зәуреш Аманжолова мен Бақтияр Мәкен және облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы келді.
Аудандық аурухананы күрделі жөндеу жұмысы былтыр шілде айында басталған еді. Ол үшін облыстық бюджеттен 480 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген.
- Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында 19 денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу жұмысы жасалды. Соның бірі – Теректі аудандық орталық ауруханасы. Бұл ең алдымен Елбасының жүргізген саясаты мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижесі. Өткен жыл өңіріміздің Теректі ауданы үшін жемісті болды. Ауылдарға газ, су барды, жол жөнделді, мектептер жөндеуден өтті. Мұның барлығы – елдің әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарылған істер. Жалпы денсаулық сақтау саласында атқарылған іс көп.
Соның бірі облыста соңғы екі жыл ішінде 80 жедел жәрдем қызметінің көлігі сатып алынды. Қазір арнаулы көлікпен облыс орталығы толықтай қамтамасыз етілді, енді аудандарды да толық қамтуды жоспарлап отырмыз. Маман даярлау мәселесіне де ерекше назар аударамыз. Биыл батысқазақстандық 24 мектеп түлегі өзге өңірлердегі медициналық жоғары оқу орнындарында облыс грантымен білім алып жатыр, олардың оқу ақысы жергілікті бюджет есебінен төленуде. Жас мамандар кейін өңірдегі медицинацалық мекемелерде қызмет ететін болады. Өткен жылы ғана облысқа 84 жас маман келсе, оның 42-сі аудандарға жіберілді. Сондай-ақ Елбасының экономиканың барлық саласын цифрландыру бойынша берген тапсырмаларын орындау мақсатында да ауқымды шаралар атқарылуда, - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов салтанатты шарада сөйлеген сөзінде.
Бұдан кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова аурухана қызметкерлерімен кездесіп, өзінің дәрігерлік тәжірибесімен бөлісті.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсіргенн Айбатыр НҰРАШ