• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қаңтар, 2018

«Астана» халық­аралық қаржы орталығы – Еуразияның қаржы қақпасы

2097 рет
көрсетілді

Табалдырықтан аттаған – 2018 жылдың алғашқы айтулы оқи­ғаларының бірі «Астана» халық­аралық қаржы орталығының 1 қаңтардан өз жұмысын баста­ған­дығы десек, артық айтқандық бола қоймас. Сөйтіп, тарихта алғаш рет Орталық Азияда, ТМД мемлекеттерінің кеңістігінде ха­лықаралық ірі қаржы орталығы құ­рылып, Еуразияның «қаржы қақ­пасы» – «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) әлем ин­весторлары үшін есігін айқара ашты.

АХҚО-ның жаңа жылмен бірге басталған жұмысы бірден қарқынды жалғасын тапты. Орталықтың Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) Ислам қаржылық қызметі жөніндегі кеңесінің (IFSB) мүшелігіне өтті. Комитеттің IFSB-ға мүше болып қабылдануы АХҚО-ның Еуразиядағы Исламдық қаржы орталығына айналу жолындағы басты міндетінің бастауы болып табылады. Исламдық қаржы қызметі жөніндегі кеңестің толыққанды мүшесі болу Еуразия кеңістігінде Исламдық қаржы индустриясын дамытуға тікелей жол ашады.

Еуразия кеңістігінде алғаш жұмысын бастаған бұл халықаралық ірі жоба бастауы қалай еді? Сонау 2004 жылы елімізде қаржы орталығын құру туралы алғаш бастама көтеріліп, сол бойынша кешенді іс-шаралар қолға алына бастаған еді. Себебі, Қазақстан сол кездің өзінде-ақ қаржылық хабқа айнала алатын әлеуетін көрсеткен болатын. Арнайы агенттік те құрылды. Үкімет пен Ұлттық банктің назары осы шараға мейлінше бағытталды. Бірінші кезекте Алматы өңірлік қаржы орталығын дамыту жоспарына басымдық берілді. Алайда 2008-2010 жылдары белең алған әлемдік қаржы дағдарысы салдарынан әлсіреген экономикалық ахуал оған мүмкіндік бермеді. Ең бастысы, саяси шешімнің болмауының салдарынан тәуелсіз сот, ағылшын құқығы секілді ойлар жүзеге асырылмады.

Бүгінгі халықаралық қаржы орта­лығы мен сол кездегі өңірлік қаржы ор­та­лығының айырмашылығы жер мен көктей. Бұл – бір-бірінен бөлек стратегия, мүлде өзгеше бизнес-жоба. 2015 жылдың желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихи бастама – «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтер көрсететін халықаралық дең­гейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. 

Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіліп, қаржы орталығының ресми тілі ағылшын тілі болып белгіленді. АХҚО-ның негізгі міндеттері қаржылық қызмет саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына тікелей шетел инвестицияларын тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады.

Біздің еліміз әлдеқашан жаһандық экономикаға кірігіп, халықаралық экономикалық заңдылықтар бойынша жұмыс істей бастады. Тәуелсіз Қазақстанның экономикасын өркениет талаптарына сай әртараптандыру мақсатындағы шараларға Елбасының бастамасымен жүзеге асырыла бастаған индустриялық-инновациялық даму және «Нұрлы жол» бағдарламалары тың серпін әкелгені анық. Ал елімізде бастау алған «Нұрлы жол» бағдарламасы Қытай Халық Республикасы жариялаған «Бір белдеу – бір жол» халықаралық бастамасымен үндесіп шыға келді. Бұл халықаралық ірі бағдарлама өз кезегінде өңірлік ірі қаржы орталығының қажеттігін күн тәртібіне шығарды. Сөйтіп, АХҚО бүгінде әлемнің көптеген мемлекеттері қолдау білдірген «Бір белдеу – бір жол» халықаралық бағдарламасына қаржылық қызмет көрсететін орталыққа айналу мүмкіндігіне ие болып отыр. АХҚО-ның халықаралық ауқымда жемісті жұмыс атқаруына ағылшын құқығының қағидаттары және қаржы орталығының ресми тілі – ағылшын тілі болуы жоғары мүмкіндіктер жасамақ. Мәселен, бүгінде әлемдегі ең ірі Лондон, Нью-Йорк, Гонконг және Сингапур қаржы орталықтары ағылшын құқығы бойынша жұмыс істейді. Осыған байланысты өткен желтоқсан айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО тәуелсіз сотының 9 судьясын тағайындады. Сонымен бірге Астана қаласында Елбасының қатысуымен АХҚО сотының төрағасы Гарри Кеннет Вульф ант қабылдады. Гарри Кеннет Вульф әлемдік құқықтану саласында белгілі тұлға болып табылады. Ол Англия және Уэльс азаматтық сот істерінің бірегей реформаторы. Міне, осындай танымал тұлғаның еліміздің қаржы орталығы сотының төрағасы болып тағайындалуы бұл орталықтың әлемдік қаржы институттары алдындағы беделін арттыра түспек.

Сөйтіп, АХҚО-ның қаржылық заңдылықтарының негізгі қағидаттары белгіленді. Орталықтың реттеуші органы – Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитет (AFSA) құрылды. Міне, бірнеше айдан бері AFSA-ның директорлар кеңесі құрылды. Оның құрамына АҚШ, Ұлыбритания, Аустралия және Дубай қаржы орталықтарының жетекші сарапшылары кірді. Қаржы орталығының алғашқы мүшелері қабылданып, тіркелуде. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бас­тап АХҚО-ның биржасы жұмыс істей бастады. АХҚО биржасының құрылуына және одан әрі жемісті жұмыс атқаруына Шанхай қор биржасының қосатын үлесі қомақты. Жасалған келісім бойынша АХҚО биржасы акциясының 25 пайыз үлесін Шанхай қор биржасы иеленді. Сөйтіп, әлемдік қаржы нарығында кеңінен танымал Шанхай қор биржасы «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының жемісті жұмыс істеуіне мүдделі болып отыр. Сонымен бірге елордамызда құрылып, жұмыс істей бастаған халықаралық қаржы орталығы жұмысының кеңінен өрістеуіне «ашық аспан» халықаралық жобасының қосар үлесі зор. Яғни, алдағы уақытта халықаралық қаржы орталығына мүше елдермен Астана қаласы тікелей әуе қатынасын қалыптастыратын болады. Ел Үкіметі бекіткен арнайы жол картасына сәйкес жақын арада әлемнің бірқатар ірі қаржылық орталықтары орналасқан қалалармен тікелей және тұрақты әуе бағыттары ашылады. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар дамыған елдердің азаматтары біздің елімізге 30 күн мерзімге визасыз келуіне болады. Ал қаржы орталығында еңбек ететін шетелдік азаматтарға 5 жыл мерзімге ұзақ мерзімді виза беріледі. Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып «Астана» халықаралық қаржы орталығында «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істеу үрдісі енгізілуде. Сонымен бірге елордадағы халықаралық қаржы орталығының қатысушыларына бірқатар салықтық жеңілдіктер жасалмақ.

Бұл ретте, ең алдымен, өз қаржы ор­та­лығымыздың қызметтері ұсынылатын елдердің өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнату өте маңызды. Олар біздің көршілеріміз – Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдер, Орталық Азия елдері және Қытай. «Дубай» халықаралық қаржы орталығымен тікелей ынтымақтастық байланыс орнатылды. АХҚО-ның Парсы шығанағы өңіріндегі негізгі серіктесі – «Дубай» ХҚО болмақ. Сондай-ақ Лондон және Нью-Йорк халықаралық қаржы орталықтарымен түсіністік әріптестік ахуал қалыптасуда.

Иә, Еуразия кеңістігінің шежіресінде алғаш рет әлемдік ірі қаржы институты – «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылып, жұмысын сәтті бас­тады. Орталықтың межелеп отырған асулары да биік. 2020 жылға дейін АХҚО Азия құрлығындағы ең ірі 10 қаржы орталығының құрамына кірмек. Сонымен бірге АХҚО қазақстандық компанияларға қаржылық және сервистік қызмет көрсетуді дамытудың драйверіне айналмақ. Таяудағы 7-10 жыл көлемінде АХҚО аумағында 18 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде 2-3 мың жұмыс орны қазақстандық қаржыгерлер, заңгерлер және басқа мамандық иелеріне тиеді. Жоғарыда атап айтқанымыздай, қазір АХҚО-ның қор биржасы толыққанды жұмыс істеп тұр. 2018 жылдың шілдесінен бастап «Астана» халықаралық қаржы орталығы толық ауқымда жұмыс істей бастайды.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,  «Егемен Қазақстан»