Бұл дерттін жаппай жойылмау жолын жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастырудан бастауымыз керек. Ендеше жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынуына және орындауына көмектесудің алғышарттарының бірінен саналады. Атап айтқанда, ол үшін, ең алдымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда адам адамгершілікке жат қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді.
Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасуы үшін жастарымыз сыбайлас жемқорлықты елдің дамуын тежейтін аса қауіпті қоғамдық дерт деп тануы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет әр адамда құқықтық сауаттылығына да байланысты төмен немесе жоғары болуы мүмкін. Мемлекеттегі заңнамаларды жақсы білу әр адамның өз іс-әрекетіне деген сенімділігін күшейтеді. «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасында: «Отбасы және білім беру саласы бұл үдеріске мүдделілік таныта отырып қатысуы керек. Бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған абзал» делінген. Бұл жерде жас ұрпақтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік сезімін күшейту маңызды.
2014 жылы «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» қабылданды. Осы стратегияда да қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Дамыған елдерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру барысында сыбайлас жемқорлықты рухани жағынан қабылдамауға мән беріледі. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптастырылуын оқу орындарынан бастағанымыз дұрыс. Жас ұрпақты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілікке тәрбиелеуіміз керек. Қазір сыбайлас жемқорлықтың барлық түрлерін жою үшін Қазақстан азаматтарының құқықтық санасын арттыру жүргізілуде. Өйткені олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы білімінің болмауына байланысты абайсызда сыбайлас жемқорлықтың қатысушылары болып қалады. Бүгінде мемлекеттік органдарда сенім телефондары орнатылған. Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік қызметтердің көрсетілуі туралы мақалалар жариялануда. Мемлекеттік органдардың қызметшілері үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тағылымдамалар өткізілуде. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға болады.
Жалпы, біздің елімізде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап әлемдік стандарттарға сәйкес келетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар жүзеге асырылып келеді. Сыбайлас жемқорлықтың көріністерін жою мақсатында заңнамалық актілер қабылданды. Рұқсаттар мен мемлекеттік қызметтердің алынуын жеңілдету үшін электронды үкімет пен электронды сандық қолтаңба, «бір терезе» қағидаты енгізілді. 2014 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Оның негізгі міндеті мемлекеттік қызмет саласындағы басшылықты, мемлекеттік қызмет көрсету санасын бақылау, сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады.
Жоғарыда айтқанымыздай, «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізі. Осы стратегияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешені жұртшылықтың қатысуымен жүргізілуі қажеттігі айтылған. Мемлекет пен қоғам тығыз қарым-қатынаста болғанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы төтеп бере аламыз. Сондай-ақ стратегияда сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына, ал адалдық пен сатылмаушылық мінез-құлық нормасына айналу керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда ұрпақпен жұмыс істеу қажет. Адамды бала кезінен қазақстандық патриотизм және сыбайлас жемқорлықты қабылдамау рухында тәрбиелеп өсіру керек. Стратегияның мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету.
Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту жолындағы стратегиялық маңызды мәселелерді айқындап, қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге, жаңғыртуға бағытталған бес негізгі басымдылықты белгілеп берді. Мұнда бесінші басымдықтың бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Онда: «Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет. Маңызды мәселенің бірі – сатып алу саласын жетілдіру. Үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізуді тапсырамын. Квазимемлекеттік секторда, табиғи монополия және жер қойнауын пайдалану салаларында да сатып алу шараларын өткізу әдістерін түбегейлі қайта қарастыру керек. Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс» делінген.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 13-қадамында да жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселелері нақты көрсетілген. Мұның барлығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз.
Анарбай РАДЖАПОВ, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
АЛМАТЫ