Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында еліміздің экономикалық әл-қуатын арттыру мен саяси жүйесін жетілдіруде құқықтық реформа маңызды рөл атқаратынын қадап айтты. Өйткені, еліміз үшін бүгінгі таңда құқық қорғау жүйесін реформалау қажеттіліктен туындап отыр. Қазір күн сайын дүние жүзінде орын алып жатқан жол-көлік оқиғаларынан және оның салдарынан адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалу әлем үшін жаһандық мәселеге айналды. Бұл орайда өркениетті елдер ЖКО бола қалған жағдайда адамның опат болмауын немесе жарақат алмауын о баста ойластырып қойғаны белгілі. Мәселен, Парламент Сенатының депутаты Қ.Сұлтановтың айтуынша, әлем тойлаған Жаңа жыл мейрамында қазақстандықтар бірнеше күн демалған еді. Осы мерзім ішінде Қазақстанда 356 жол апаты тіркеліп, онда 78 адам көз жұмған. Ал бізден адам саны да, көлігі де әлдеқайда көп Бейжің қаласында осы кезеңде небәрі 71 жеңіл-желпі ЖКО орын алған көрінеді. Жеңіл-желпі дейтін себебіміз, онда бірде-бір адам опат болмаған. Демек, олардағы ЖКО көліктердің бас-көзге қарамай ағып келіп бір-бірімен соқтығысуы емес. Сонда біздің елдегі жол жүру тәртібі қашан түзелмек? Бұл көкейкесті сұраққа кеше елордада өткен Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысына қатысушылар көңілден шығар жауаптар іздестірді.
Отырысқа жол тәртібі жөнінде мәлімет беруге келген Ішкі істер вице-министрі Амантай Күреңбеков сөзін сонау 1996 жылы “Жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы” заң қабылданғанынан бастап, содан бері талай іс жүзеге асқанын тілге тиек етті. Бірақ жарты сағатқа жуық уақыт баяндама жасаған оның дәйектері комиссия мүшелерін қанағаттандырмаған секілді. Сондықтан да вице-министр бірсыдырғы баяндамасын аяқтай бере көкейде жүрген көп сұрақтар көбесі сөгіліп қоя берді. Кезінде жолда жүру ережесіне түзетулер мен өзгерістер енгізілгеннен кейін заң біршама қатайып, жағдай оңалып қалып еді. Көліктің терезелерін тұмшалаған “перделер” сыпырылып, жүргізушінің өз қауіпсіздігі үшін белдік тағылатын болды. Қатаң бақылау күшейген соң қарсы жолға шығу, мас күйінде көлік жүргізу, бағдаршамның қызыл көзіне өту, жылдамдықты шектен асыру секілді заң бұзушылықтарға тосқауыл қойылды. Әсіресе, жол полициясы қызметкерлері арасындағы сыбайлас жемқорлық көріністері бәсеңдеп қалған болатын. Бірақ бұдан жүргізушілер мәдениеті түзелмей-ақ қойды. Отырысқа төрағалық етуші Парламент Мәжілісінің депутаты С. Тұрсынов қала көшелерінде жол қозғалысы тәртіпсіздігін күнделікті кездестіретінін айта келе, мен шетелде де біраз уақыт көлік жүргіздім, бірақ шынымды айтайын, дәл біздің еліміздегі секілді жол жүру ережесін бұзуды ешбір мемлекеттен кездестірген емеспін, тек осы Қазақстанда ғана жол жүру ережесі сақталмайды, деді.
Ал Әділет вице-министрі Д. Құсдәулетов жол полициясы қызметкерлерінің адам құқықтары жөніндегі заңдарды жетік білу қажеттігіне назар аударды. Олар көбіне министрдің бұйрықтарын жатқа айта алады, ал нақты адам құқықтары туралы мәселеге тірелгенде ақсап жатады. Сонымен қатар, бұрын МАИ қызметкерлері заңдарды бес саусақтай білуімен қатар, техникадан да бір кісідей хабары болатын. Бір сөзбен айтқанда, олар көліктің қауіпсіздік жағын толықтай тексере алатындай білікті еді. Ал қазір жағдай мүлде басқаша. МАИ тексерістен өткіземіз дейтін мемлекеттік бақылаудың аты ғана бар. Отырысқа қатысушылар шетелде көшеде ала таяқ ұстаған бірде бір МАИ қызметкерін кездестірмейтіндігін айтып, таң қалады. Ал бізде қажет пе, қажет емес пе, белгісіз, кез келген уақытта қыйылысқа ысқырығын аузына қыстырып, ала тяғын шошаңдатып шығып алған реттеуші қалыпты қозғалыстың ретін бұзып, қолдан кептеліс туғызады. Сөйтіп, жол қозғалысына қатысушылардың құқын аяққа таптайды. Реттеуші керісінше, шет елдегідей, қозғалыс тығыздығы артқан кезде көлік көп өтіп жатқан жолдың бағытына қарсы жолдың бір жолағын қосымша ретінде қосып, өту мүмкіндігін кеңейтуге әрекет жасауы тиіс. Міне, сонда реттеушінің қимылы ақылға қонымды болмақ. Ал жалпы жерінің кеңдігімен мақтана алатын еліміздің жаңа елордасында орын алатын кептелістердің көптігі жанға бататын жәйт.
Демек, сенатор Қуаныш Сұлтанов айтқандай, елдегі барлық жүргізуші біткенді жауапқа тарту мүмкін емес. Тәртіпті сақтаудың ең оңай жолы – жағдайдың алдын алу. Бірақ бұған тиісті мемлекеттік органдар аса көңіл бөліп отырған жоқ. Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында бәрінен бұрын құқық қорғау жүйесін оңтайландырып, әрбір мемлекеттік органның нақты құзыретін түзу керек дей келе, құқық қорғау жүйесінің қызметінде екпін ішківедомстволық мүддеден азаматтардың құқы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ауыстырылуы тиіс деп атап өтті. Ал осы ІІМ-де адам құқы не екендігі туралы оқытылып, дәріс беріле ме екен?! Өйткені, жүргізушілердің ғана емес, жаяу жүргіншілердің де құқы үнемі бұзылады. Ендеше, жол полициясы қызметкерлеріне міндеттеріне сәйкес қойылатын ең басты талапты атқаруда, яғни заң аясында жұмыс істеуде азаматтардың құқын сақтау өзектілігі ескерілмейтін секілді. Мұның бәрі айналып келгенде, қарапайым адамдардың “мылтықсыз майданда” қырылып жатқанын көрсетеді. Жылына орта есеппен 4 мыңға жуық адам ЖКО опаты болып, 15 мыңнан астам адам жарақат алады. Мұндай сұмдықтың алдын алуға неліктен нақты да пәрменді әрекет жасалмайды? Алайда, бұл сұраққа толымды жауап табылмады.
Отырысқа қатысушылар жол көлік қозғалысындағы орын алып отырған жағдайдың күрделі екендігін нақты мысалдармен дәлелдей келе, бүгінде Қазақстан әлемдегі ең беделді ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп жатқан кезде бұл төзгісіз жағдай екендігін, сондықтан еліміз өнегелі ісімен өзгелерге үлгі көрсете білуі қажеттігін алға тартты. Бұл орайда “Еуропаға жол” бағдарламасы да жасалынды. Бұрынғы кеңестік кеңістікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң біздің елімізде бірінші болып қабылданды. Осындай орасан зор жетістіктерге жетіп, зайырлы, демократиялық, құқықтық мемлекет екендігімізді дәлелдеуге барынша қам жасап жатқанда, етектен тартқандай жол жүру тәртібінің төмендеуі, қабылданған халықаралық міндеттемелердің орындалмауы көңілге күдік ұялатады. Себебі, біздің елдегі дипломатиялық корпустар мен елшіліктердің өкілдері бұл жөнінде аталған комиссия атына жиі шағымдануы көп нәрсені аңғартса керек. Бұған ішкі істер органдарындағы күнделікті орын алатын сыбайлас жемқорлық деректерін қосар болсақ, қылмыстық ахуалдың деңгейі тіптен айқындала түседі. Жолда құқық сақталмай мін түзелмейді.
Александр ТАСБОЛАТОВ.