Кейде қарапайым кейіпкеріңнің бір бойынан табылатын түрлі қабілет, қасиет, көрікті көлемі шектеулі мақалаға сыйғыза алмайтыныңа қынжыласың-дағы, сосын өмірге осыншама құштар жандардың жүргеніне қуанып, амандық болса әлі де оның табыстарына оралатыныңа өзіңді сендіресің.
Ақиқатын айтқанда, Айнаны бізге тауып берген балаларға арналған «Ұлан» газеті. Оның Испанияның Бенидорм қаласында өткен Oceanman марафонын жүзіп өткен тұңғыш қазақ қыздарының бірі екенін біліп, кейіпкеріне «құда түскенімізде» әріптесіміз, газеттің бас редакторы Жұлдыз Әбділда бірден қуаттап, басылымдарында көлемді материал жарияланса да, Айна Досмахамбетқызының қайырымдылық шараларымен айналысатындығы, интернетте I book you порталының негізін қалап, оны онлайннан оффлайнға көшіруге қол жеткізгені, басқа да ізденімпаздығы айтылмай қалғанын, егер республикалық бас газет осының бәрін қамти алса, құба-құп болар еді дегенді қуана білдірді. Әрине бұл әріптесіміздің бір табысымен тоқтап қалмай, тек алға ұмтылып, айналасына шапағатын тигізіп жүрген ару қыз таныла берсін деген адами тілегі еді.
Сонымен жанкештілікпен 5 шақырымнан астам ашық теңізде жүзіп, жауырыны қақпақтай жүзгіш жігіттермен қатар мәреге жеткен қазақ қызы Айна Досмахамбетқызы – Oceanman суда жүзу марафонына қатысқан алғашқы қазақ қыздарының бірі болып қала бермек.
Сүйкімді саяхатшы, бірқатар ілкімді жобалардың авторы әрі Rumi Group-тің PR директоры Айна да бір кездері журналист болғысы келген. Алайда мұғалімі тілінің көркемдігіне көңілі көншімей, «сенен журналист шықпайды» деген сөзі оның өмірін IT саласына бұрып әкетеді. Кейіпкеріміздің жап-жақсы блог жүргізетіндігі осыдан қалса керек.
«Бенидормның қасында Қапшағай бассейн екен ғой»Бірден айта кету керек, Айна Oceаnman халықаралық марафонына жалғыз қатыспағанын, бұл жарыста қасында Әлішер Шәріпов, Данияр Әзімханов, Галина Әзімханова, Константин Елисеев, Əсия Ералықызы сынды алғашқы қазақстандықтар болғанын айтады. Оларға дейін мұндай жарысқа тек Ержан Есімханов қатысқан екен. Ол үш рет Oceаnman марафонында жүзіп, бір рет әлемнің ең қиын марафондық дистанцияларының бірі Гибралтар бұғазын жүзіп өткен болатын.
Oceаnman марафоны дегеніміз – жылына бірнеше рет əлемнің ашық теңіздерінде өткізілетін суда жүзу марафоны. Толық Oceаnman – 10 шақырым, жартылай Оceаnman – 5 немесе 5,5 шақырым. Жүзуді бала кезінен армандаған Айна бес жарым шақырымды бағындырған.
Суда жүзген балықтай болуды көксеген біздің қызымыз 1-курста ғана бассейнге бірінші рет жолы түскенін, жүзуді бастапқыда жаттықтырушысыз үйренгенін айтады.
– Қарасам, көрші жолақта 45 минут бойы тоқтамай бір қыз жүзіп жүр. Соған қарап ішпен жүзуді үйреніп алдым. Кейін білдім, қате үйреніппін. Негізі жүзуді нөлден бастап жаттықтырушымен үйренген жөн. Бірінші курстан соң жүзу осымен тоқтады. 2015 жылы Қазақстанға I Love Running спорт мектебі келді. Олар жарты жылдан соң I Love Swimming жүзу мектебін ашты (қазір олар I Love Supersport деп аталады). Қуана қатыстым. Осында жүзуді қайта үйрендім. Дұрыс жүзбесең, ұзаққа малти алмайсың. Бірде-бір сабағын жібермей, 1 шақырымды жүзіп өттім. Испанияның Бенидорм қаласында Oceanman марафоны болады дегенде көзімді жұмдым да барамын дедім. Ол кезде жарты жыл жүзбей кеткенмін.
Бенидорм үшін Айна төрт айлық сабаққа қатысады. Жанындағылардың бəрі 5 шақырымдық Волга өзенін не Босфорды жүзіп өткендер. Айна да осал емес. Қоржынында алты ай бұрынғы бір шақырымы бар. Бірақ қалғандары ойланып жүргенде Испанияға барам деп шауып жүрген жалғыз өзі. Марафонға қатыспас бұрын Айна қалтасынан ақша шығарып Лондонда жүгіретіндерді, Испанияда жүзетіндерді түсінбеген. Жүгіргісі келсе, Алматының көшелері кең, су десе Қапшағай тұр деген ойда болатын. Ол сезімді тек қатысушы ғана түсінеді екен. Бассейнде жүрген бір бөлек, ашық суға барған мүлдем басқа. Ешқашан жүзбегендей күй кешеді екенсің. Айына бір рет жаттығу Қапшағайда өтеді. Барса, бассейнде балықша жүзіп жүрген қыз он метрді де игере алмайды. «Сөйтсем, Бенидормның қасында Қапшағай бассейн екен ғой», деп күледі. 3 шақырымды тоқтап жүзген ол «өліп қала жаздадым» дейді. Тек сол сəтте ғана «Бенидормды жүзіп өте аламын ба?» деген күмəн туады. Сол кезде Ыстықкөлде 4 жəне 2 шақырымды жүзіп өтуге арналған жарыс ұйымдастырылады. Ыстықкөлдің суы салқын. Қыркүйекте барып, суға аяғын салғаннан-ақ Айна «жүзбеймін» дейді. Барлығы судан шығып, демалуға кеткенде жағада бір өзі қалады. Қайтсе де суда жүзбекші болады. 200 метрдей жүзіп, қатты тоңады. Мына түрімен 2 шақырымды қалай бағындыратынын білмей, неде болса ертеңгі күнді күтеді. Келесі күні ішінен «тек буйға (қалқыма белгі) дейін жүзесің» деп дайындалып барады. Ал буйлардың арасы 300-400 метр. Жалпы қашықтықтың екі шақырым екенін ойламауға тырысады. 800 метрге барғанда аяғының саусақтарын сезбей қалады. Тепе-теңдік ұстап тұратын гидрокостюмі де жоқ. Аяғы қимылдамай қалса не шаршаса, суға батып кетемін бе деп қорқады. Бірақ өз-өзіне жігер беріп, ақыры белгіленген қашықтықты жүзіп өткен. Енді ол Бенидормды да бағындыратынына сенімді болады.
Ашық теңіздегі арпалыс– Ыстықкөлді жүзіп өткенімді ашық теңіздің не екенін білемін деп есептеп, Бенидормға бардым. Сөйтсем ашық теңізде толқын деген сұмдық екен. Сонымен қатар суда медузалар да көп. Көп қатысушыларды шағып алды. Менің қолымнан тек жанап өтті. Сонда да бірнеше минуттай ауырды. Су ə дегеннен-ақ аузымды ойып тастады. Бенидормның жалғыз артықшылығы – суы жылы. Ашық теңізге шыққанда міндетті түрде құтқарушы буй болуы керек екен. Оған жүзушілер арнайы тағам не ішетін су салып алады. Сонымен қатар 5 шақырымда бір жерде, 10 шақырымда екі жерде тамақ беретін қайықтар тұрады. Олар ұзын қармақпен банан түйіршіктері мен су береді. Суда тұрып, ішіп-жеп аласың. Болмаса спорттық гель тамақтарын салып алсаң болады. Мен олардың ешқайсысын білмеймін. Ертең жүземіз деген түні супермаркетке барып, балалар пюресін жеп алдым. Құтысын жуып, оған су құйып, таңертең буйға жабыстырып қойдым. Ертеңіне теңізде толқын басталды. Аралды айналып жүзуіміз керек. Арал бізді қатты толқыннан қорғап тұр екен. Бар қиындық аралдың арғы бетінде басталды. Толқын келіп бетіңнен шапалақпен ұрғандай тартып жібереді. Онысы аздай былай да, олай да төңкереді. Əдетте жүзгенде 1-2-3 сол жаққа дем аласың, 1-2-3 оң жаққа дем аласың. Ал теңізде қалай болса, солай демалдым. Басында тек оң жақтан демала бергендіктен гидрокостюм мойнымды қажап жіберді.
Бар күшімді салып жүзіп келем. Айналама қарап қоямын. Арал өзгермейді. Əлі бір орында тұрмын. Үрей бойымды алып барады. Сонда кəсіби спортшылардың өзі суға не үшін батып кететінін түсіндім. Үрей ұстамасы ұстап қалғандықтан екен. Ол кезде аяқ-қолың істемей қалады. Менің де қорқынышым сол. Өз-өзіме «сен жүзе аласың, сабыр қыл» деп қайталай бердім. Тым болмағанда бес минут демалуға мұрша беруді сұрап, Аллаға жалбарындым. Əйтеуір аралды зорға жүзіп өттім. Жағаға дейін әлі үш жарым шақырым бар. Толқынның шапалағынан шаршағаным сонша, дистанцияны тез бітіргім келіп, тамақтанатын қайыққа да тоқтаған жоқпын. Кейде құтқарушы қайықтарға да қарап қоямын, «шақырсам ба» деп. Бірақ, теңізді тастап шықпадым. Мəреге бір шақырым қалғанда музыка естіледі. Оның өзі жұбаныш. Бірақ көріп тұрған жерге жете алмай кетесің. Жүзіп келе жатып жарысқа бес жүз адамның қатысатынын ойладым. Əдетте екінші, үшінші рет келетіндер көп. «Олардың бəрі ақымақ шығар» деймін. Бірақ тіпті олар үшін де осы марафонды жүзіп өту қиын болыпты.
Белгіленген қашықтықты 3 сағат 13 минутта жүзіп өтіп, жасыл ленталы медальды мойнына таққан соң ғана Айна өзіне риза болады. Жауырыны тоқпақтай жігіттердің мойнынан өзінікіндей медальды көргенде өзін құрметтей бастайды.
«Жұрт менен бəріне қалай үлгеретінімді сұрап жүрсе, мен спортшыларға қарап, аузым ашылып жүреді. Спортпен айналысатын адамдар басқалармен салыстырғанда жауапкершілігі мол, мақсатқа ұмтылғыш, табысты, бір сөзді болады. Əлемде жетістікке жеткен адамдардың барлығы дерлік спорттың түр-түрімен айналысады. Спортшылардың жанында жүре бергің келеді. Тағы байқағаным, спортта мықты төзім керек екен. Бұрын өмірлік жарым мені жақсы көрсе болды деп ойлайтынмын. Ал қазір оның бір спорт түрімен айналысқанын қалаймын. Көрдіңіз бе? Тіпті талғам өзгерді. Əкеме басқаша қарай бастадым. Əкем Дос Көшім жұмысынан бөлек КСРО шөлдерін кесіп өткен адам. Оның қандай қиындыққа шыдағанын енді ғана ұқтым. Спорт мүлдем бөлек əлем екен», – дейді Айна «Ұлан» газетіне берген сұхбатында.
Қолы ашықтың жолы ашықСонымен Айна қайырымдылыққа қалай келді?
– 2013 жылы менің туған ағамның баласы бүйректен қатерлі ісікке шалдығып, Бағанашылдағы балалар онкологиялық ауруханасына түсті. Осы кезде біз небір жағдайға душар болған адамдарды көрдік. Ауқатты адамдар баласы ауырып қалса, бірден шетелге әкетеді. Ал мына тұрған Шымкенттен химиятерапияға келуге автобусқа 4 мың теңге таба алмайтындардың барын білдік. Қатерлі ісіктің емдік шараларын бір күн де кешіктіруге болмайды. Сондықтан бірнеше балақайдың ауруы асқынып, қайтыс болғанын естігенде, бұндай нәрсені енді болдыруға болмайды деген ой келді. Балалар онкологиясы болғандықтан ауруханада тек балаларға ғана тамақ беріледі. Оны қарап отырған кей ата-ананың баладан қалғанын жеп отыратын кездері болады. Кейде тіпті кір жуатын сабыны да болмай қалады. Қазір шама-шарқымыз келгенше көмекке мұқтаж жандарға қарайласып тұрамыз, – дейді суда жүзген балықтай ару.
Айтқандай, бастапқыда Айна қыз құрбысымен ашқан I book you оқылған кітаптар алмасатын платформасына 30 шақты адам хабарласса, үш жылдан кейін онлайннан оффлайнға көшкен қызметке жүгінетіндер саны 200-ге жетті.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ