• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Қаңтар, 2018

2018 жыл: сәннен қалмаудың 13 амалы

1772 рет
көрсетілді

Енді жұрттың бар­лығы да бұрын­ғыдай жаппай бір сән үлгісіне ілес­пейді. Әркім өзіне үйлесетінін киеді. Заманына қарай – адамы. Бұрын «мо­да» қуған жұрт енді жастардың жаңа тер­мині «трендке» барып тіреледі. Бірақ қай кезде де бұл әлемде болып жатқан үде­рістерден қал­май­тын кербездер мен сылқымдар бар. Ен­деше есіктен еніп келе жатқан жыл­дың бұйрығы қандай десек, әлем­дік дизайнерлер оның 13 белгісін атап отыр. 

№1 тренд: Сәнді деним. Деним джинс тігетін матаның «туысқаны», ақшыл-көк түстері бар мақтадан тоқылған жұмсақ мата. Биыл да қаракөк, көкшіл, сұр, қара денимнен тігілген комбинезондар мен жейделер сәннен қалмайды.

№2 тренд: Жылы тоқымалар. Денеге ың­ғай­лы да жайлы киімдерді ұна­та­тындар тоқыманың әмбе­баптығын барлық кезде баға­лайды. Күнделікті жұмыста трикотаждан тігілген көйлек, кос­тюм, белдемше, кеудеше, топ­тар мен свитшоттардың ың­ғайлы екенін ұмыт­пайды. Ал дизай­нерлер оның алпыншақ-сал­пын­шақтарын барынша азайтып, мінсіз пішім ар­қылы сәнқойлардың көңілін табуға тырысатын болады.

№3 тренд: Водолазка мен көйлек водолазкалар. Мойны қайырылатын көйлек-кофталар барлық кезде керек. Ол қыз-келін­шектердің ғана емес, ерлердің де гардеробынан табылуы тиіс ыңғайлы киім саналатындықтан сәннен қалмайды. Күн суықта пиджактың да ішінен кие салуға болатын, классикалық киімдермен де үйлесетін водолазка түрлі-түрлі дизайнмен алдағы жылда да дүкен сөрелеріне шығады.

№4 тренд: Woman in black. «Қара көйлекті әйел» стилін кім білмейді?! Құлын мүшесі келіскен қыздарды былай қойғанда, бәденді келіншектерді де тартымды да арық етіп көрсететін қара көйлекті мың құбылтып киюге болады.

№5 тренд: Қыпша бел. Мықынға белдік болып түскен ғажайып акцент биыл да, келер жылы да сәндік мінберлердің төріне талай шығады. Бір қарағанда жалпиған дөрекілеу, металдары бар белдіктер бәрібір белді нәзік етіп көрсетеді.

№6 тренд: Қалталары қампиған пальтолар. Қалың тондарымызды тас­тап, жұқалау пальтолар киетін кезге жетке­німізде қалталары сыртына неше түрлі сүлгімен, көзге түсетіндей етіп тігілген сырт киімдерді киюге болады. Қыс өтіп, көктем жеткенде пальто-манто, пальто-кардиган, кимоно киетін күндер келеді.

№7 тренд: Қампиған пуховиктер. Қақаған аязды күндерде құс жүні толтырылған сырт киімдер неткен жайлы, қандай жылы?! Қамписа да жеп-жеңіл бұл киімді келер жылы джинсмен де, көйлекпен де кие беруге болады. Оны ірі тоқылған бас киім толықтыра алады.

№8 тренд: Белдігі бар тондар. Неше түрлі бұлғын тон­дарды қандай белдікпен тақ­саңыз да қиялыңыздың шыр­қау шегі білсін. Жіңішке немесе жалпақ белдікті үйлесіміне қарай таңдап тақсаңыз, беліңіз де жылы жүреді.

№9 тренд: Балағы қайы­рылған шалбарлар. Кең-мол, манжетпен тігіл­ген шал­барлар спорттық аяқ киімдермен ғана емес, біз өкше туф­ли­мен де жараса кетеді. Тек биыл­ғы сәнді ұзындық тобыққа дейінгі – 7/8 ұзындық.

№10 тренд: Ашық түсті шұлықтар. Алдағы күндері неше түрлі ашық түсті колготкалар мен шұлықтарды киімдермен келістіріп киіп жү­руге болады. Шұлықтардың қа­лың тоқылғандарынан бас­тап, ең жұқасына дейін сәнді көрінеді. Ал түрлі-түсті, гүлді, өрнекті кол­готкалар 70-80-жылдарды еске түсіріп, жаңа маусымда қай­та оралады.

№11 тренд: Жейде-көйлек. Қыз-келіншектердің жігіттерден «тартып алған» тағы бір киімі – жейделер. Бірақ бұл киім қыздарға жараса кеткенін кім жоққа шығарсын?! Сондықтан жаңа маусымда дизайнерлер нәзік те сәнді көйлек-жейделер тігудің жарысын бастап та кетті.

№12 тренд: Кең-мол пішілген киімдер. Сән үлгісінде де еркіндікке ие болу қашанда маңызды. Жүз жерден мода қуамын десек те ол ыңғайлы киімге жетпейді. Небір кер­бездердің өзі «Оверсайз» сти­лін ұнатады және классикалық киім үлгілерін өзі еркін жү­ріп-тұруға ыңғайлылықты ұмыт­пайды.

№13 тренд: Шілтер. 2018 жылы сән әлемінде дизайнерлердің басты қаруы желбіршек болады. Олар нәзік шілтерлермен көйлек, сарафандарды ғана емес, шалбар, шорт, комбинезон, тіпті суға шомылуға арналған киімдерді де сәндеуге қолданатын болады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»