Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында зерделенген құндылықтар, халыққа ұсынылып отырған идеяларды терең ұғына білу, уақтылы жүзеге асыру мақсатында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде аймақтық жобалық кеңсе ашылды. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ірі ғылыми орталық болып саналады. Ол университеттің инновациялық технологиялар паркінде орналасқан, қажетті материалдық базамен, кадрлармен қамтамасыз етілген.
Қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қалыптастыруға және заман сынағына төтеп беруге қажетті бағыттар жобаларын жүзеге асыруда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті алты бағыт бойынша жұмыс істеуде. Олар: Бәсекелік қабілеттілікті арттыру; Ұлттық бірегейлікті сақтау; Қазақ әліпбиінің жаңа графикасын әзірлеу; Гуманитарлық білім мазмұнын жаңарту; Өлкетану үрдісін жандандыру; Білім мен ғылымды заманауи талаптарға сәйкестендіру.
«Туған жер» және «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» арнайы жобаларында әрбір қазақстандықтың бәсекеге қабілеттілігін, халықтың азаматтық жауапкершілігі және әлеуметтік белсенділігін арттыруға және прагматизмді түсінуге бағытталған, Ақтөбе облысының тамыры терең тарихын, мәдени дәстүрін және рухани құндылықтарын таныту мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және кеңінен тарату іс-шаралары жоспарланған.
Осыған орай, тұрғындардың этноәлеуметтік және этносаяси тарихын, өңірдегі тарихи тұлғалардың орны мен рөлін, киелі жерлер географиясын (топонимика, ономастика, лингвистика) Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің экспедициялық зерттеулерінің нәтижесі бойынша жас ұрпаққа туған жерінің – Ақтөбе облысының тарихы туралы толық және терең білім беру үшін мемориалды-культті аймақтың қалыптасу тарихы мен дамуы жөніндегі құжаттар (Абат-Байтақ кесене, Есет батыр мемориалды кешені, Қобыланды батыр және Хан моласы және т.б.) зерттелуде. Осы бағыттағы іс-шаралар аясында: өлкетану білімін дамыту, ЖОО мен педагогтердің біліктілігін арттыруда осы бағыттағы оқу құралдарын, базалық оқулықтар дайындау; өлкетану бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу; ішкі тарихи-өлкетану туризмін дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Қазақстанның киелі жерлер география- сы» арнайы жобасының бірі – «Гугл» спутнигі арқылы Батыс Қазақстан аймағы бойынша IV-V ғасырға жататын (ғұн дәуірі) археологиялық ескерткіштерді табуда.
Ақтөбе облысында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жалпы құны 2 млрд 848 млн теңгені құрайтын 555 жоба іске асыру жоспарланған. Қазіргі таңда акция аясында 5 миллиард 424 миллион 390 мың теңгеге 464 жоба орындалды. Оның ішінде ірі жобалар қатарына – хоккей модулі (240 млн); облыстық тарихи-өлкетану музейі (635 млн); «Жұбановтар әуені» өнер орталығы (300 млн); 28 гүлзарлар мен парктер құрылысы (300 млн); әлеуметтік нысандарды жөндеу, елді мекендердің инфрақұрылымдарын одан әрі дамыту жобалары енді. «Туған жер» арнайы жобасын ірі шараларының бірі – «Ақтөбе – құтты мекен» жерлестер форумы, оған АҚШ, Германия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Украина, Армения және Әзербайжан секілді 20 шетелден 300-ден астам ақтөбеліктер келді. Форум негізгі нәтижелерінің бірі – құны 80 миллиард теңгені құрайтын өзара түсіністік пен жаңа өндіріс кәсіпорындарын ашу туралы бірқатар меморандумға қол қойылды. Форумға жерлестеріміздің арасынан 23 медицина саласының атақты дәрігерлері қатысты. Осы күндері келген қонақтар аса күрделі саналатын 29 операция және 1500 медицина қызметкерлерін қамтитын 14 әдістемелік семинар өткізуге ықпал етті.«Киелі жерлер география- сы» атты арнайы жобасы аясында Ақтөбе облысынан жалпыұлттық киелі жерлер тізіміне 10 нысан енгізілді. Облыстың тарихи жерлеріне қазба жұмыстары жүргізілді және көне тарихи ескерткіштерге ғылыми-зерттеу жұмыстары басталды.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы заманауи әлемде терең жаһандану жағдайында ұлттық мәдениетіміздің және қазақстандық қоғамның бірегейлігін сақталуына негізделеді. Келешекте ұлттық салт-дәстүр, тіл, музыка мен әдебиетімізді сақтау және кеңінен тарату туралы базалық түсінікті дамытуға бағытталған іс-шаралар қарастырылған, осы арқылы ұлттық рухты қалыптастыру көзделген.
Осы жоба бойынша, Ақтөбе облысында ірі маңызды шаралар өткізілді. Мысалы, Есет батыр Көкіұлының 350 жылдығы, Дербісалы Беркімбаевтың 180 жылдығы, Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығы (1860 жылы осында алғашқы сауда қатары салынған болатын, олар осы уақытқа дейін сақталып қалған), белгілі композитор, күйші Қазанғап Тілепбергенұлына арналған «Ақжелең» халықаралық күйшілер байқауы, композитор Ғазиза Жұбанованың 90 жылдығына арналған «Мүшәйра» ақындар айтысы, «Жібек жолы» республикалық фестивалі өтті.
Ақтөбеден шыққан жерлес-меценаттардың қолдауымен Есет батырға, заңгер-ғалым және саяси қызметкер Нағашыбай Шайкеновке, Қобыланды батыр, халық көтерілісінің саяси көсемі, қолбасшысы, батыр Исатай Тайманұлы, Алтай батыр, Әлия Молдағұловаға арналған ескерткіштер бой көтерді. Ресей Федерациясының Орынбор мемлекеттік мұрағатымен өзара келісім жасалып, ондағы тарихи құнды архивтік материалдар зерттеліп, цифрлы жүйеге көшірілуде. Облыстық өлкетану музейінің экспозициялары толықтырылып, 3D виртуалды форматта жаңартылады. Жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары басып шығарылады. «Жас ғалым» жобасы жүзеге асырылып, облыс әкімінің гранты (5 млн 200 мың теңге) тағайындалды.
Ақтөбе облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отырады. Сараптама кеңесінің жұмысында жергілікті белгілі ғалымдар, зиялы қауым, БАҚ өкілдері және қоғамдық қызметкерлер қатысады. Сараптама кеңесі отырысында тұрақты түрде облыстық ішкі саясат, мәдениет, білім, тілдерді дамытуға сыртқы байланыстар және туризм басқармаларының, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының есептері тыңдалады. Басқармалар жұмысының нәтижелері бойынша жұмысты жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар жасайды. Атап айтқанда, ішкі саясат басқармасына, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, зиялы қауым мен қоғам өкілдерін осы жұмысқа тарту ұсынылды. Облыстық мәдениет, сыртқы байланыстар және туризм басқармаларына ақын-жазушылармен, шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен тұрақты байланыс жасап, киелі география бойынша шаралар жүргізу, киелі орындар картасын жасау тапсырылды.
Бауыржан ЖҮНІСОВ,
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша Ақтөбе облысының
Сараптама кеңесі төрағасының орынбасары