Алакөлдің жағасындағы Қабанбай ауылында жақында ел есінде қалатындай, жүректерге қуаныш сыйлаған елеулі оқиға болды. Осы ауылдың өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан жалғызбасты Гүлбарам Құрманова деген 74 жастағы ана 70 жылдан бері әбден тозығы жеткен шағын бір бөлмелі үйде тұрып келсе де, алақан жайып, ешкімнен көмек сұрамады, барын қанағат тұтып тіршілік жасап келді.
Қабанбай ауылдық округінің әкімі Қалихан Нұрымбаев, Үржар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты Қабанбай ауылдық бөлімшесінің қызметкерлері Бағдагүл Темірғалиева мен Ақмарал Шақабаева апайларының тұрмысын жақсы білгендіктен аудан әкімі Серік Зайнулдинмен, ауылдастарымен ақылдасып Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында кейуанаға тұрғын үй салып беруді ұйғарды.
Қарт анаға тұрғын үй кілтін тапсыруға арналған жиынға ауылдастары түгел келді. Ауыл әкімі Қ.Нұрымбаев салтанатты жиынды ашып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында адамдарға әлеуметтік жағдай жасау, олардың тұрмысына көңіл бөлу жайлы айтылғанын еске сала кетті. Бұдан кейін ауыл әкімі тұрғын үй салуға қолғабыс жасаған абзал жандарға алғысын білдірді. Алакөлдің жағасындағы кәсіпкерлер 250 мың теңге жинап беріпті. Мардан ақсақал басқаратын ақсақалдар алқасы – 65, ауыл ақсақалдары Мұқан Омарғалиев, Еркінбек Қалипанов, Серік Жанұзақов, ауылдың бас имамы Марат қажы, «Дорожник», «Сансызбай» демалыс үйлерінің басшылары, «Манас» қожалығының иесі қомақты қаржы қосқан. Ауыл азаматы Мейрамбек Дәулетханов бригадасымен келіп үйдің тағанын құйып берді. «Көп түкірсе көл» дегендей, ақыры төбесі жабылған, ауласы шіріген ағаштардан тазартылған, көздің жауын алатын тұрғын үй пайдалануға берілді.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Сәдуақасов Қабанбай ауылының тұрғындарына, әлеуметтік сала қызметкерлеріне қарияға жасаған қамқорлығы үшін ризалық білдірді. Қарт ананың қуанышын бөліскен жерлестері сыйлықтарын да ала келген екен. Яғни кілем, ыдыс-аяқ, тұрмысқа қажет заттарды табалдырыққа үйіп тастады. Ақмарал Шақабаева ұзақ уақыт бойы әжені қамқорлығына алып, көмектесіп келіпті. Қыс мезгілінде мектептің тимуршылары қар күреп, отынын жағып, суын тасып береді екен. Ол өз сөзінде алдағы уақытта да анаға қолғабыс жасай беретінін тілге тиек етті. Ал қарт әже өзіне қамқорлық жасаған аудан, ауыл басшылары мен жерлестеріне алғысын білдіріп, көзіне жас алған кезде көпшілік қауым толқып кетті.
Ауыл тұрғындары Г.Құрманованың жаңа үйіне кіріп, шашу шашты, дастарқаннан дәм татты.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы