Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріміздің маңыздылығын бағалай отырып, біз болашаққа сеніммен қарай аламыз. Елбасы Н.Назарбаевтың егемендігіміздің алғашқы жылдары анықтаған стратегиясының арқасында еліміз аз уақыт ішінде әлемдік деңгейде құрметке ие, жетістіктерін танитын, сөзіне құлақ салатын мемлекетке айналды. Әлем өзгеру жолында, бірақ біз ұлттық идеяны сақтап, тарихи мұра, құндылықтардың қасиетін жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа аманат етуіміз керек. Жуырда жарық көрген Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы бүгінгі қоғамға аса қажетті және кейінгі ұрпаққа аманат етер құнды дүние.
Біздің студенттер қауымына бұл кітап күнделікті қолданатын құнды оқулық та дер едім. Өйткені біздің тәуелсіздігіміздің тарихы қамтылған, болашағымызды белгілеп берген кітап. Бүгінде егемен елдің энциклопедиясы деп бағаланған, тарихи публицистика жанрында жазылған туындыда жас мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады. «Қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдарымен қозғаушы күштері жан-жақты сараланған. Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Жалпы туынды авторының өзі айтқандай, кітап кемел келешекке өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халыққа арналған. Сондай-ақ Елбасы жуырда журналистерге берген сұхбатында кітапты өзінің жеке тәжірибелерінен түйген негізді ойларына сене отырып жазғанын айтып өтті. Еліміз ширек ғасырдың ішінде қалыптасқан ұлттық мемлекеттігі, тиімді нарықтық экономикасы, демократиялық қоғамдық құрылысы мен халықаралық жоғары беделі бар заманауи мемлекетке айналды. Қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығы аса көрегенділікпен жүргізілген реформалар мен инновациялардың нәтижесі.
Еліміздің жаңа тарихы тұтас қамтылған, мазмұны аса бай кітаптың әр бөлімінің атауларына да ерекше мән беріліп, қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты әрі дәл суреттелген. Еліміздің жарқын сәттері баяндалған. Елбасы туындысындағы: «Қазақстанды жоғары дамыған мемлекетке айналдыратын – азат ойлы, жаңашыл да жасампаз азаматтары. Ол үшін әркім жан-жақты және кемел білімге ден қойып, қажырлы еңбек пен өзін-өзі толассыз жетілдіруді өмір салтына айналдыруы қажет», деген өнегелі сөздері де әсіресе жастарды жігерлендіріп, кемел істерге жетелейді. Сондықтан да жаңғыру жолына түсе алған қазақ елінің жаңа дәуірдегі даму тарихы кеңінен тарқатылған бұл энциклопедияны, әсіресе жастарға дәріптеу маңызды. Қазақстанның жаңа тарихынан сыр шертетін, әрбір дата, оқиға нақты көрсетілген туынды уақыт өте келе ел туралы таптырмас танымдық оқу құралына айналары сөзсіз.
Саттар ҚУАШБАЙ,
экономика ғылымдарының докторы, профессор, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты