Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан блокчейн және криптовалюта ассоциациясы» кеңесінің төрағасы Есет Бутиннің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Шара барысында Қазақстан Республикасында блокчейн технологиясының келешегі туралы айтылды.
«2017 жылғы 17 қарашада «Қазақстан блокчейн және криптовалюта ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі құрылды. Бірлестік Қазақстан экономикасына блокчейн технологиясын шетелдік озық тәжірибелерді қолдана отырып енгізу үшін құрылған болатын. Оның мақсаты – елімізде блокчейн технологиясын ілгерілету және біріктіру. Ассоциация криптовалюта нарығын және ICO-ны заңдастыру бағытында қазақстандық реттеушілермен жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ блокчейн технологиясы заңнамалық бастамаларды әзірлеумен қатар, ірі жобаларды іске асыру барысында ассоциация мүшелерінің күш-жігерін жұмылдыру бойынша жұмыс жүргізетін болады. ҚБКА құрамына медицина, қаржы, инжиниринг салаларында блокчейн жобаларды енгізбекші болып отырған Медэлемент, СанскрИТ, Асыл Тобе, Техсол Инжиниринг және басқа да қазақстандық жетекші компаниялар кірді. Қазіргі таңда бірлестікке қатысуға ниет білдірген тұлғалардан ай сайын отыздан астам өтініш түсіп отырады», деді Е.Бутин.
Сондай-ақ ол осы қысқа мерзім ішінде ҚБКА АХҚО-мен ынтымақтастық туралы келісімге келіп, өзара түсіністік жөнінде меморандумға қол қойғанын жеткізді.
«Оңтүстік Корея астанасы Сеулде өткен халықаралық блокчейн-конференция аясында ҚБКА блокчейн индустриясын ілгерілету жөніндегі Корея ассоциациясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Осы меморандумдар аясында тараптар келесі бағыттар бойынша ынтымақтастық құруды қажет деп тапты. Олар қаржылық технологиялар, жасыл қаржы, активтерді басқару, инвестициялық краудинвестинг ортаны дамыту, ICO және краудфандинг, блокчейн технологиясы», деді ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»