Қостанай қалалық ішкі істер басқармасының «Северный» бөлімшесінің кеңсесі жөнделіп, қайта пайдалануға берілді. Бұл 1972 жылы салынған типтік бала бақша болатын. Бірақ содан бері , міне 45 жыл ешқандай жөндеу көрмеген. 2006 жылы қалалық ішкі істер басқармасының «Северный» бөлімшесі ашылды да, олар 90-шы жылдары босап қалған бала бақша ғимаратына орналасқан болатын.
«Осыдан бір жыл бұрын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов екеуіміз келіп, көргенде жағамызды ұстаған едік. Қыс айында бөлімше қызметкерлері қолғап киіп отыр екен. Ал типтік кеңсе салу 1,5 миллиард қаражатты қажет етеді. Біз тығырықтан жол таптық» дейді облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Бекет Аймағамбетов.
Генерал айтса айтқандай, апатты жағдайдың алдында тұрған ғимаратты қалпына келтіруге барлығы 327 миллион теңге жұмсалды. Оған кеңсенің төбесі, есік-терезелері, санитарлық техникасы, жылу, су құбырлары түгелдей жаңартылды.
«Бұрын ғимаратта өткізу бекеті болмайтын. Қазір оған рентген өткізгіш қойылды, кабинеттер көбейтілді, олардың барлығы видеокамералармен жабдықталды. Камералар тергеушілер жұмысындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алатын болады» деді «Северный» бөлімшесінің бастығы, подполковник Жансерік Хасанов.
Енді бір-екі күнде кеңсе жиһазбен жабдықталып, алты ай бойы басқа орында уақытша отырған қызметкерлер кеңсеге жайғасатын болады.
Нәзира Жәрімбет
«Егемен Қазақстан»
Қостанай