• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Қаңтар, 2018

Елімізде автоматтандырылған көлік тұрағы енгізіледі

312 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде «Нұржол» желекжолында көлік тұрағы кеңістігін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізуге арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Шараға қатысқан Астана қаласының жолаушылар кө­лігі бас­қармасының басшысы Бек­мырза Игенбердинов автомат­тандырылған жүйе 15 қаңтардан іске қосыла бастайтынын айтты.

«Елордада ақылы көлік тұрағын енгізу жөніндегі «Ас­тананың көлік тұрағы кеңістігін басқару» жобасы іске қосылды. Оның алғашқы кезеңі «Нұржол» желекжолында жүзеге асырылды. Аталған аймақта 472 тұрақ орны белгіленіп, жол таңбалары сызылды, ақпарат алу тақталары мен 12 паркомат орнатылды», деді Б.Игенбердинов.

Сонымен қатар ол биылғы жылы Есіл, Сарыарқа және Ал­маты аудандарының аумағында 9 мыңнан астам көлікке арналған тұрақ ашылатынын жеткізді.

«Автокөлік иелеріне тұрақ ақысын төлеудің түрлі нұсқа­лары ұсынылады. Олар паркомат арқылы қолма-қол ақша, банк картасымен, SMS жолдау немесе жеке кабинет арқылы, «Касса 24» терминалдары мен арнайы мобильді қосымша көмегімен төлеу мүмкіндіктеріне ие. Тұрақ ақысы таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін сағатына – 100 теңге. Тұрақ сессиясы басталған сәттен бастап алғашқы 30 минут тегін», деді ол.

Айта кететін тағы бір жайт, қаламызда қазірдің өзінде «Астана» темір жол вокзалы аумағындағы ақылы тұрақ жұмыс істеуде.

Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»