Егемендік алған жылдар ішінде Елбасының сарабдал саясатымен қоғам дамуының барлық саласында түбегейлі өзгерістер болды.
Соның ішінде мемлекеттік органдардың тиімді жүйесі мен құрылымы жасалып, мемлекетті басқарудың ұтымды үлгісі іске қосылғандығын да атап өткен жөн. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Мемлекеттік қызмет көрсету – бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші» деп атап өтілген болатын. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға және аталған саланың дамуына басты назар аударуымыз қажет.
Бұған қатысты Қарағанды облысында біршама ауқымды іс-шаралар атқарылып келеді. Айталық, Жаңаарқа ауданының атқарушы органдары ағымдағы жылы мемлекеттік қызмет көрсетудің түрлерін өз деңгейінде жүзеге асырған. Бір жыл ішінде аталмыш ауданның атқарушы органдары барлығы 69 238 мемлекеттік қызмет көрсетіпті. Оның ішінде заман талабына сай жабдықталған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтер де бар. Мысалы, «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы 97 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Сонымен қатар Елбасының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында аудан тұрғындарын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды форматта және мемлекеттік көрсетілетін қызметті «Электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы алу, сонымен қатар ақпараттық сауаттылықты арттыруға бағытталған аудан орталығының тұрғылықты халық көп шоғырланған көшелеріне, ауданның барлық кент және ауылдық округтерінде тақырыптық баннерлер орнатылғандығы да осы жұмыстардың нәтижелі жалғасы болып есептеледі.
Жаңаарқа ауданы бойынша мемлекеттік қызмет көрсететін бөлім қызметкерлерінің қатысуымен өткен Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жәрмеңкесін де көпшілік көңілінен шықты деуге болады. Жәрмеңкенің мақсаты – аудан тұрғындарына мемлекеттік қызмет көрсету бойынша кеңес беру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді барынша оңтайландыру, қолжетімділікті дамыту, сапасын арттыру және «Электронды үкімет» порталы «Egov» арқылы көрсетілетін қызметтер туралы халыққа кеңінен түсіндіру. Аудан тұрғындары үшін бұл жәрмеңкенің маңызы зор екені белгілі. Себебі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жәрмеңкесінде аудан тұрғындары барлық салалар бойынша сұрақ қойып, жауап алу мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен бірге Елбасы Жолдауында көзделген іс-шараны жүзеге асыру мақсатында аталмыш аудан әкімдігіне қарасты бөлім ұйымдары, мекеменің барлық қызметшілері жедел түрде электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) ашып беру бойынша тиісті жоспар-кесте бекіткен. Осыған орай электронды цифрлы қолтаңбамен қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметтерді барынша электронды түрде, яғни «Электронды үкімет» порталы» арқылы алудың тиімділігін кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілгендігі қуантады. Сондай-ақ «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарын» кент және ауылдық округтер әкімшіліктерінде жандандыру жұмыстары жүргізіліп ұйымдастырылған.
Жалпы, мемлекетімізде қызмет алушылардың мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі туралы хабардар болу деңгейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Оған байланысты да Жаңаарқа ауданы семинар-кеңестер, дөңгелек үстелдер, брифингтер, конференциялар мен басқа да іс-шаралар өткізіп тұратын.
Одан бөлек, ауданда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мен Қарағанды облысы әкімі аппаратының қызметкерлері семинар өткізген. Оның да басты міндеті Жаңаарқа ауданының жергілікті атқару органдарының сапалы мемлекеттік қызметтерді көрсетуі, мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының нормаларын сақтауы болып табылады. Бүгінде аудан көлемінде барлық мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерде және ХҚКО ғимараттарында мемлекеттік қызметтерді алу, оларға арыздану мерзімдері туралы, сол сияқты 1414 бірегей байланыс орталығы туралы ақпарат орналастырылған. Алдағы уақытта да Жаңаарқа ауданында көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтерге халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімі аппаратының ресми сайты жұмыс істемек. Ол жерде де электронды қызметтерде тұтынушылардың үлесін көбейту, қызмет көрсету мерзімдерін бұзуға жол бермеу, көрсетілетін қызметтер санын арттыру бағыттарында жұмыстар жалғасын таппақ.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы