Іле Алатауы баурайында орын тепкен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі академиясы еліміздегі бірден-бір шекарашы офицерлерді дайындайтын әскери оқу орны.
Академияда жиырмаға жуық кафедра бар. Соның ішінде шоқтығы биік 40 жылдық тарихы бар кинология және атты дайындық кафедрасы деп айтсақ артық болмас. Бүгінде еліміздегі күштік құрылымдарға және басқа да ведомостволарға кинолог-офицерлерді дайындап шығаратын кафедраны полковник Еркін Оңбаев басқарады. Тәжірибелі маман, білікті офицердің басшылығымен кафедра ұжымы өздеріне жүктелген жауапты міндетті абыройлы атқаруға дағдыланған. Мұндағы білікті офицерлер мемлекеттік шекараны күзету ісіне таптырмайтын көмекші ретінде қызметтік жануарларды үйретеді. Ұжымдағы әр оқытушы – өз ісінің кәсіби маманы. Кезінде шекара шебінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып келген кәнігі шекарашылар. Кафедрада негізінен қызмет иттерін шекара бұзушының ізін кесуге, шекаралық бақылау-өткізу бекеттерінде көлікке жасырылған заңсыз есірткі мен валюталарды, жарылғыш заттарды іздеуге баулыса, сонымен қатар жаттықтырып үйрететін кинолог мамандарын да- йындайды. Кафедра дайындаған кинолог мамандар мемлекеттік шекараның әр тарапынан шекараны заңсыз кесіп өткісі келген азаматтар мен бақылау-өткізу пункттері арқылы алып өтуге тыйым салынған заттардың жолын кесіп, жарылғыш заттар мен есірткілердің шекара асуы- на жол бермейді. Сабақ барысында академия қабырғасында білім алып жатқан әр курсантқа бір қызмет иті бекітіліп беріледі. Олар иттердің иіс сезу қабілетін дамыту арқылы жарылғыш заттар мен заңсыз валюталарды табуға, шекара бұзушыны құрықтаудың айла-тәсілдерін үйретуге машықтандырады.
Жақында кафедра бастығы, полковник Еркін Бүркітбайұлы мен оның орынбасары подполковник Игорь Александровичтің ұйғарымымен Сарыағаш қаласында өткен ҰҚК Шекара қызметінің біріншілігіндегі жарысқа академияның атынан барған әріптестеріміздің асығы алшысынан түсіп, 2-орынды иеленді. Олар келісімшарт қызметінің сержанттары Д. Алкеев пен Е.Насировтар болатын. Кафедраның бетке ұстар кинологтары есірткі затын іздеу бойынша арнайы иттердің үздік маман кинологы атанып, мақтау қағаздарымен марапатталды. Жалпы команда бойынша «Арнайы иттердің үздік маманы» ауыспалы кубогын жеңіп алды.
Академия қабырғасында дайындалып жатқан болашақ шекарашы офицерлер шекара шебіне қызметке келген соң, қарамағындағы жеке құрамға жылқыны шекараны күзетуге, жүктерді тасымалдауға, өзендер мен таулы жердің соқпақ жолдарымен жүруге және табиғи жол кедергілерін оңай еңсерудің қыр-сырын үйретеді. Жануарға керегінше күтім көрсетуге, баптап, жұмысқа және демалысқа дұрыс дайындауға, қызметке пайдалана білуге дайын болу сабақтарында кафедраның аға оқытушысы подполковник А.Плахованың еңбегі ерен. Ол ширек ғасырдай қызмет атқарып келеді.
Кафедра оқытушылары қызметтік иттерді күтіп-баптап, үйретіп-жаттықтыруды оқу үдерісінде ғана қолданып қоймай, сонымен қатар күшік өсіруді де іске асырып, қызметтік иттер қатарын асыл тұқымды иттермен де толықтырып отырады. Бұл тұрғыда бірқатар оңды істер жүзеге асып келеді. Академияның жоғары басшылықтарының келісімімен алдын ала құрылған жоспар бойынша «Бельгия овчаркасы» тұқымын қалдыру мақсатында жүргізілген жұмыс нәтижесін берді. Бұл күшіктердің анасы жоғарыда аталған жарыста жеңіске жеткен және көптеген жақсы жетістіктерімен көрінген алғыр, есірткіні іздеп табудың шебері. Оның лақап аты «Аура» деп аталса, қылмыскердің ізін кесуге және ұстауға қабілеті жақсы жетілген еркегі «Есаул» деп аталады. Қазір үйрету-жаттықтыру жұмыстарымен күшік өсіруші тобының аға нұсқаушысы сержант Ұ.Нұрлан түпкілікті айналысуда. Күшіктердің орналасқан орны санитарлық және басқа да талаптарға сай. Бұйырса алты айдан соң бұл күшіктер де курсант-кинологтарға беріліп, оқу үдерісіне берілетін қызметтік иттердің қатарын толықтырмақ. Кинология және атты дайындық кафедрасының тәжірибелі офицерлері мемлекеттік шекараны күзетуші кинолог мамандарға қызметтік жануарларды қолдану тәсілдерінің қыр-сырын үйрету барысында олардың мінез-құлық ерекшеліктерін, қасиеттерін ескеруге, дұрыс қолдана білуіне де ерекше назар аударып келеді.
Марат МОЛДАБЕКОВ, подполковник, ҰҚК Шекара қызметі академиясының аға оқытушысы