Мемлекеттік орталық музейде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы қорының негізінде ұйымдастырылған «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі аясында дәрістер мен шеберлік сабақтары өткізілді.
«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі «Көшбасшы жолы», «Көшбасшы феномені», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» және «Әлем таныған көшбасшы» тақырыптық арнайы бөлімдерден тұрады. Ел назарына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы қорының архивтік құжаттары, кітаптар мен жәдігерлерінің топтамасы ұсынылып отыр. Көрменің әрбір экспозициясына қойылған Тәуелсіз Қазақстанның тарихи деректік хроникасы Елбасының қызметі арқылы интерактивті ауқымды ақпараттық ресурстар арқылы көрсетіледі.
Ел ықыласын оятқан бұл көрменің мақсаты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының әлемге танылған, экономикасы қарқынды дамыған, ірі экономикалық, өндірістік, ғылыми, мәдени, заманауи мемлекет қалыптастырудағы рөлін жүйелі түрде көрсету болып табылады. Кітапхана жинағының материалдары Н.Назарбаевтың мектеп жасындағы, жастық шақ, комсомол, партия және мемлекеттік қызметтегі кезеңдерін сипаттайды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорындағы кітаптардың арасынан әр жылдарда Н.Ә.Назарбаевқа сыйға берілген қазақстандық авторлардың қолтаңбасы қойылған кітаптар ерекше орын алады. Мемлекет басшысының тұлғасына байланысты, әрбір қолтаңбасы бар кітапта сыйлаушының тағдыры мен кітаптың қайталанбас тарихы жатыр.
«Әлем таныған көшбасшы» бөлімінде шетелдік мемлекет және Үкімет басшыларынан тапсырылған дипломатиялық сыйлықтар ұсынылған. Бұл сыйлықтар Н.Ә.Назарбаевтың сыртқы саясаттағы саяси бастамаларының нәтижесі болып табылады. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының өзекті мәселелері Мемлекет басшысының көптеген ғылыми және ғылыми-танымдық еңбектерінде қарастырылады. Н.Ә.Назарбаев дүние жүзінің 34 тіліне аударылған жиырмадан артық кітаптардың және ғылыми мақалалардың авторы.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа шетелдің 30-дан аса мемлекетінен берілген ең жоғары марапаттары кітапхананың музей қорының ең басты құндылықтары әрі мақтанышы болып есептеледі. Бұл марапаттар мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қатынастар орнатудағы Н.Ә.Назарбаевтың қосқан зор үлесі үшін, ядролық қауіпті жою және Қазақстандағы ұлтаралық, дінаралық татулық пен келісімді қамтамасыз етудегі толайым бастамалары үшін берілгені белгілі.
Іс-шараға еліміздің танымал тарихшы ғалымдары Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек Қабылдинов пен профессор Мұрат Әбдіров қатысып, көрмеге келген жастарға қызғылықты әңгіме өткізді.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ