Оқшауланғанды опық жегізетін мынау жаппай жаһандану заманында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық интеграцияға балама жоқ екендігін өзінің өміршең бастамаларымен барлық биік-биік халықаралық мінберлерден барынша дәлелдеп келеді. Тұңғыш Президентіміз таңдауынан таймайтын табандылығын тағы да төрткүл дүниеге паш етіп, Қазақстан халқына арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауында интеграциялық үдерістерге ерекше маңыз беріп өтті. “Қазақстан ТМД-дағы интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы болып табылады. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Ресеймен және Беларусьпен Кеден одағының құрылуы – бұл қазақстандық барлық интеграциялық бастамалардың серіппелілігі.”,–деп атап көрсетілген Жолдауда.
Иә, 2006 жылдың 16 тамызында өткен ЕурАзЭҚ-тың мемлекет басшыларының ресми емес басқосуында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен ЕурАзЭҚ шеңберінде кедендік одақ құру туралы шешім қабылданды. Ал 2009 жылдың 27 қарашасында Минск қаласында Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің басшылары Кедендік одақтың Кеден кодексі туралы келісімге қол қойды. Бұрын-соңды экономикалық интеграция құрылымдарында баламасы болмаған бұл тарихи құжат Қазақстан Республикасының жетекшілігімен жүзеге асырылды. Бұдан бұрын газетімізде жарық көрген мақалаларда біз 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеп жатқан Кедендік одақтың Бірыңғай кедендік тарифі, Кедендік одақ комиссиясы және кедендік тарифтік және тарифтік емес реттеулер хақында тілге тиек еткен едік. Енді үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін Кеден кодексінің кейбір ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталмақпыз.
Біздің еліміздің жетекшілігімен жүзеге асырылған Кеден кодексінің негізіне халықаралық кедендік қатынастарды реттейтін және үйлестіретін Киото конвенциясының ережелері алынған. Ескерте кететін бір жай, Кедендік одақ құрамына кірген үш мемлекеттің ішінде бүгінгі күнге дейін Киото конвенциясына кірген жалғыз Қазақстан ғана. Сонымен құрылымы 8 бөлімнен, 50 тараудан және 372 баптан тұратын жаңа кодекстің басты мақсаты – Кедендік одақ шеңберінде бірыңғай кедендік кеңістік қалыптастыру, одақ аумағында транзит үшін ортақ ахуал жасап, кедендік тіркеулер мен кедендік бақылаулардың күшін жою. Сөз жоқ, өте игілікті іс.
Ал енді оны нақты іс жүзіне асыру оңай шаруа емес. Осы уақытқа дейін тәуелсіз үш мелекет өздерінің сыртқы әлеммен кедендік қатынастарын жеке-жеке жүргізіп келді. Соған байланысты үш мемлекеттің кедендік заңдары да әралуан. Міне, 1 шілдеде күшіне енетін жаңа кодекстің негізгі мақсаты да Киото конвенциясы ережелеріне сүйене отырып, Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің кедендік заңдарына ортақ кедендік қатынастар ережелерін енгізу болып табылады.
Сонымен бірге кедендік реттеулер саласында жаңа кодекстің реттейтін негізгі мақсаттары мыналар:
– Кедендік одақтың Бірыңғай кедендік аумағы ұғымын енгізу;
– Кедендік одақтың бүкіл аумағында бірыңғай транзиттік ахуал қалыптастыру;
– Кедендік одаққа мүше-мемлекеттер аумағында шығарылған және Кедендік одаққа мүше-мемлекеттердің бірыңғай кедендік аумағында еркін тұтыну үшін шығарылған шетелдік тауарларға кедендік тіркеулерді және кедендік бақылауларды жою;
– арнайы жеңілдіктерді енгізе алатын операторлар институты өкілеттігін, сонымен бірге декларанттар мүддесі шеңберінде кейбір кедендік операцияларды енгізу құқығы берілген кедендік өкіл ұғымын енгізу;
– кедендік бақылаулар жүргізген кезде әкімшілік және қылмыстық тәртіп бұзушылық болып саналмайтын кейбір тауарлар мен құжаттарды тәркілеу туралы Қазақстан мен Ресей үшін жаңалық болып табылатын ережелерді енгізу;
– лицензиялауды жою және кедендік іс саласында қызмет атқаратын тұлғаларды реестрлерге тіркеу туралы Беларусь пен Қазақстан үшін жаңалық болып саналатын ережелерді енгізу.
Кедендік одақтың кедендік аумағын малдарға жұқпалы ауру тарататын індеттерден қорғау, оның ішінде адамдарға да, малға да қауіпті малдәрігерлік-санитарлық талаптарға сай келмейтін тауарлар мен өнімдерге тосқауыл қою, сонымен бірге карантиндік нысандарды енгізу мен таратудан қорғау және олардың салдарынан болған шығындарды шектеу мақсатында Кедендік одақтың малдәрігерлік-санитарлық келісімі және Кедендік одақтың өсімдіктер карантині туралы келісімі қабылданды.
2010 жылдың бірінші жартыжылдығында тараптар Кедендік одақтың малдәрігерлік және фитосанитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірыңғай жүйе қалыптастыруға және малдәрігерлік-санитарлық, карантиндік фитосанитарлық талаптар мен шараларды қолдану саласында келісілген саясат жүргізуге мүмкіндік беретін бірқатар қосымша нормативтік- құқықтық актілер қабылдауы қажет. Санитарлық және фитосанитарлық шаралар жүргізудің бірыңғай жүйесін жасау:
– Кедендік одақ аумағына үшінші бір мемлекет тарапынан карантиндік нысандардың және малға жұғатын әртүрлі індеттердің кіріп кетпеуі үшін малдәрігерлік және фитосанитарлық салада бірлескен тиімді шаралар қолдануға;
– кеден аумағына әкелінетін тауарларға бірыңғай малдәрігерлік-санитарлық, фитосанитарлық шаралар мен тәртіп қолдануға қолайлы мүмкіндіктер туғызады.
Сондай-ақ, Кедендік одақ аумағына өсімдік карантині саласындағы заңдылықтарға сәйкес келмейтін карантинді өнімдердің кіруіне шектеу қою жөніндегі ақпараттар мен фитосанитарлық құжаттардың дәл қай уақытта берілгендігі жөніндегі ақпараттармен алмасып отыратын бірыңғай ақпараттық жүйе қалыптастырылады және іс жүзіне асырылады.
Кедендік одаққа мүше мемлекеттер үшін алдағы уақытта өзара және сырт елдермен сауда қатынастарын бүгінгі халықаралық озық дәстүрлер деңгейінде реттеудің маңызы зор. Бұл ретте анық та айқын ақпараттық жүйенің болуы ауадай қажет. “Ақпаратты меңгерген әлемді билейді” деген қанатты тұжырымды қаперге алатын болсақ, Кедендік одақ шеңберінде әлемдік сауда саласында болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерден дер кезінде хабардар етіп отыратын толыққанды ақпараттық жүйе қалыптасуы керек. Осыған байланысты Кедендік одақ шеңберінде сыртқы және өзара сауда қатынастарының интеграцияланған ақпараттық жүйесін құру жоспарланып отыр. Әлемдік сауда жүйесіне кірігудің маңыздылығын Президентіміз биылғы Жолдауында да атап көрсетті. “ТМД-дағы өңірлік экономикалық бірлестіктерге қолдау білдіре отырып, Үкімет Қазақстанның экономикалық даму баспалдақтарына сай келетін жағдайларда Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру үдерісін жандандыруы тиіс.”, деп атап көрсетілген Жолдауда.
Интеграцияланған ақпараттық жүйені құрудың басты мақсаты, Кедендік одақтың кедендік аумағында сыртқы және өзара сауда қатынастарын тиімді реттеу және жүйелі түрде мониторинг жасап отыру болып табылады. Осы жүйені қалыптастыру үшін арнайы экспорттық топ құрылып, арнайы тұжырымдама дайындау міндеті қолға алынды. Бұл топтың басшылығымен мынандай келісімдер жасалуда:
1.Кедендік одақтың сыртқы және өзара сауда қатынастарының интеграцияланған ақпараттық жүйесін құру жұмысын қалыптастыру және дамыту туралы келісім.
2. Еуразиялық экономикалық қауымдастық шеңберінде Кедендік одақтың кедендік аумағындағы сыртқы және өзара сауда қатынастары жөніндегі электронды құжаттармен алмасқан кезде ақпараттық технологияларды пайдалану туралы келісім.
Қазіргі кезде бұл келісімдер Кедендік одаққа мүше-мемлекеттердің тиісті органдарында талқылаудан өткізілуде.
Міне, биылғы жылдан бастап Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттері экономикалық интеграцияланудың жаңа үлгісі – Кедендік одақ құрамында өмір сүре бастады. Жаңа экономикалық құрылымның басты артықшылығы үш мемлекеттің тауар өндірушілері Кедендік одақтың кедендік аумағындағы өзара сауда қатынастары арқылы бәсекелестіктерін шыңдап, бүгінгі жаһандану дәуіріндегі әлемдік қатал бәсекелестікке қарсы тұру болмақ. Әрине, бұл оңай шағылатын жаңғақ емес екендігі белгілі. Сондықтан Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің тауар өндірушілеріне кедендік аумақтағы ортақ рынокта бәсекелестіктерін шыңдауға жол ашылды. Осы ортақ рынокта жүзден жүйрік шыққандар әлемдік сауда рыногының қатпарына түрен салмақ. Нақ осы мақсаттарда оларға Қазақстан Республикасының басшылығымен өмірге келген Киото конвенциясының негізіндегі Кедендік одақтың жаңа Кеден кодексі көмекке келеді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕРГЕ ТАПСЫРЫСТАР КӨБЕЮДЕ
Жергілікті жерде өндірілетін өнімдердегі қазақстандық үлесті арттыру Елбасы тарапынан қойылып отырған нақты міндеттердің бірі. Қазақстандық үлеске назар аударып, осы бағытқа сай жұмыс жасау бұрын шетелдік импорттарға ғана таңдау жасап келген ірі холдингтер мен ұлттық компаниялардың беттерін бері қаратып, дәл қастарындағы отандық тауар өндірушілерді де таныта бастады.
Өткен жылы қараша айында облысқа жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен “Қазақстандық мазмұн: инновация арқылы өсу” тақырыбында отандық тауар өндірушілердің аймақтық форумы өтті. Форум барысында 2010 жылы еліміздегі ұлттық компаниялар мен ірі кәсіпорындар басшылары 97,4 млрд теңгенің өнімдері мен қызметтерін сатып алу жөнінде екі жақты бірнеше меморандумдарға қол қойды. Бұдан бұрын да Елбасының қатысуымен Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында инвестициялық форум өткізілді. Осы форумның аясында қазақстандық үлесті дамыту жолына ден қойған бірқатар кәсіпорындар өзара ынтымақтастық жөніндегі екі жақты келісімдерге қол жеткізген болатын. Облыстағы “KSP SteІІ” кәсіпорны мен “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы арасында темір жол бойына керекті балкалар мен рельстер шығару үшін келісімдерге қол қойылды. Ал, қазір осы меморандум бекіткен құжат барысында бұл жұмыстардың техникалық-өндірістік дайындық жобалары пысықталып, қаржылық реттілік мәселелері жалғасуда. Енді екі жылдан кейін облыстағы жаңа зауыттан алғашқы қазақстандық шойын жол рельстерін жасайтын жаңа өндіріс іске қосылады. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев жоғарыда аталған форумда сөйлеген сөзінде қазақстандық үлесті арттыру жолында облыста алдағы уақытта бірқатар шаралар жолға қойылатынын айтып өткен еді. Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары А. Вербняктың төрағалық етуімен арнайы кеңес болып өтті. Яғни, жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алу барысы қандай дәрежеде жүріп жатқандығын анықтау мақсатын көздейтін отырыстың болатыны жөнінде алдын-ала бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланды. Есік ашық. Яғни, ірі компаниялар мен өндіріс орындарына өздері шығарған тауарлары мен қызметтерін ұсынғысы келетін кәсіпкерлердің келіп қатыса берулеріне болады. Отандық үлестің өркендеуіне үлкенді-кішілі өндіріс орындарының бәрі де мүдделі. Жиында негізінен “Екібастұз ГРЭС-1” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, “Екібастұз ГРЭС-2 стансасы” акционерлік қоғамы, “Майкөбен-Вест” серіктестігінің басшылары келіп, биылғы жылғы қазақстандық үлесте сатып алынатын өнімдері мен қызметтері туралы мәліметтер берді. Бұған дейін, яғни, Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясына – ENRC тобына қарайтын “Қазақстан алюминийі”, “Қазақстан электролиз зауыты”, “Еуразиялық энергетикалық корпорациясы” акционерлік қоғамдары, сонымен қатар, Екібастұздағы “Богатырь Көмір” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, “Павлодар мұнай-химия зауыты” “Казэнергокабель”, “Павлодарэнерго” акционерлік қоғамдарының басшылары қатысып, өздері басқарып отырған ірі өндіріс орындарының биылғы жылы сатып алатын өнімдері мен қызметтерінің тізбесін жариялаған болатын. Дағдарыстан дағдарып қалған компаниялардың қарқындары былтырғыға қарағанда биыл ширақ, қабылдаған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға кірісіп кетіпті. Бұл қазақстандық үлеске де әсерін тигізіп, биыл сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің көлемін көбейтеді деген сөз. Бәрімізге белгілі, “Екібастұз ГРЭС-1” стансасының қожайыны бұрын америкалық инвестор болса, бұл күндері станса “Қазақмыс” корпорациясы құрамына енді. Стансаның атқарушы директоры Дулат Дүйсенғалиевтің айтқанындай, кәсіпорын өткен жылы 10 млрд, 671 миллион теңгеге жергілікті жердің өнімдері мен қызметтерін сатып алыпты. Жөндеу жұмыстарының да ауқымы үлкен болған екен. Стансаның алдында қазір екі бірдей инвестициялық жобаны іске асыру мақсаты тұр. Ал, қазақстандық үлеске бағаланған биылғы жылғы меже –12 млрд. 800 миллион теңгені құрап отыр. Мұның ішінде 9,5 млрд. теңгеге көмір сатып алынады. Жанар-жағармай өнімдері 500 миллион теңгеге алынады. Ал, Екібастұздағы екінші бір алып станса – ГРЭС-2 болса, акционерлік қоғамның басқарма төрағасы А. Герасименконың баяндағанындай, өңірдегі өндіріс орындарымен бірлесе отырып қазақстандық үлеске қатыса алатындарын жеткізді. Биылдан бастап айтыла-айтыла жауыр болған стансадағы №3 энергоблоктың құрылысы басталып, қарқынды жүргізіледі деген үміт бар. Жан-жақтан қаптап үлкенді-кішілі өндіріс орындары ашылған сайын, электр энергиясына деген сұраныстың артатыны айтпаса да түсінікті. Бұл тіпті бүкіл еліміз үшін де маңызды жоба болғанымен, өндірісі саналуан Екібастұздың бір өзі үшін де қаншалықты маңызы бар жоба екені белгілі. Бұл мәселе күні кеше ғана Елбасы Жолдауында аталып өтті. №3 энергоблоктың жобасының жалпы құны 800 миллион АҚШ доллары тұрады. Маңызды жобаның құрылысын бастауға Еуразиялық банк пен ресейлік “Межэкономбанктің” коммерциялық қаржысы яғни, 100 миллион АҚШ доллары осы жылы іске асырылып, игеріледі. Келесі бір көмір кеніне бай өндіріс орны – “Майкөбен Вест” деп аталады. Өткен жылы бұл компания қазақстандық үлес бағытында жергілікті кәсіпорындарға 1,5 млрд теңгенің көлемінде тапсырыс жасапты. Компанияның өндіріс көлемінің ұлғаюына орай, биылғы меже де биік көрінеді.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.
“КОНДЕНСАТТЫҢ” ӨРІСТІ ЖОЛЫ
Ақ Жайық өңіріндегі “Конденсат” компаниялар тобының атақ-даңқы Батыс Қазақстан облысында ғана емес, елімізде және одан тысқары жерлерде де кеңінен мәлім. Орал өңіріндегі шаруасы өрге басқан, орнықты дамып отырған осынау компания бизнесті жаңа технологиямен шебер қиюластырып, өркениетті жүргізудің өзіндік жолын тапқан табысты кәсіпорындардың арасында құрметпен аталады.
Талай сүрлеу-соқпақтан өтіп, кедергілерді еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түскен, бүгінде аймақтағы мұнай-газ кластерінің алғашқы қарлығашы болған оның қалыптасуы оңайға түскен жоқ. Сонау 1992 жылы консорциум өз тарихының бастауында тұрған кезінде бәрі басқаша болған еді. Бір ғана адамның – қазіргі компаниялар тобының басшысы Валерий Кенжеғалиұлы Жүнісовтің таудай талабы мен табандылығынан басқа қолында қарманар ештеңесі болған жоқ.
Барлығы кішкентай ғана шағын тоннажды МТУ-400 зауытын құрудан басталды. Алғашқы кезде ойға алған ондаған модульдерді құбырларға қосып, өндіріс құрудың машақаты шындап келгенде алынбас қамалға айналды. Ең алдымен инвесторлар іздестіруге қаншама уақыт кетті. Бүгінде ғой, Қарашығанақ кеніші деп аталатын отандық мұнай күлшесінен үлес алып қалмаққа ұмтылғандарда есеп жоқ. Ал ол кезде оған жанасудың өзіне тұтастай екі жыл кетті. Басқа біреу болса, әлдеқашан қолын сілтеп, жайына кетер еді. Бірақ Ленинград су көлігі институтының түлегі, теңізшілер әулетінен шыққан Жүнісов қиыншылыққа оңай шағыла қоймайтын өршіл де қайсар жігіт болатын. Бұған дейін Орал өзен кемесі кәсіпорнында, облыстық партия комитетінде, Қазақ КСР Мұнай өнімдері комитетінің облыстық басқармасында басшылық қызметтің мол тәжірибесінен өткен Валерий Кенжеғалиұлының туған қаласында да беделі жоғары болатын. КОКП тарқар алдында өткен қалалық партия конференциясы естен кетпейді. Демократия самалы есіп, жариялылықпен желденген делегаттар 1990 жылғы сәуірде конференцияны қиқуға айналдырып, екі күнге ұластырған. Онда қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығы лауазымына облыстық партия комитетінің шенеуніктері ұсынған кандидатура өтпей қалып, В.Жүнісов баламалы негізде сайланып, партияның 27-інші съезіне делегат болғаны бар. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.
– 1994 жылы біздің инвесторлар іздестірген екі жылдық еңбегімізді Ә.Қажыгелдин үкіметінің бұрынғы министрлер кабинетінің міндеттемелерін мойныма ала алмаймын деген мәлімдемесі одан сайын қиындата түсті, – деп еске алады Валерий Кежеғалиұлы. – Шетелдік несие берушілердің қазақстандық жобаларға сенімі шатқаяқтады. Дегенмен, Үкімет мүшелерінің ол сенімді қалпына келтіруге ұмтылысын атап өту қажет. Үкімет біздің жобамызға және командамызға сенім білдірді және алашақ несиемізге мемлекет кепілдігін беруге келісті. Бұл нағыз шешуші фактор болды. Екі жылдың ішінде 150-ден астам келіссөздер мен кездесулер өткізілді, ал Жүнісовтің өзі осы кезеңде 500 күндей уақыт іссапарларда жүрді.
1998 жылы шағын тоннажды зауыт пайдалануға берілгеннен кейін экологиялық көрсеткіштерді жақсарта түсетін және өнім сапасын арттыратын жобалардың тұтас сериясын іске асырудың сәті түсті. Олардың арасында таза фракцияны меркаптан қосылыстарынан тазарту, Ақсай қаласындағы мұнай базасында мұнай өнімдері буының ауаға таралуын болдырмау және тазарту жобалары жүзеге асырылды. Консорциумның 15 жылдық мерейтойы жылында босқа жанып тұрған газ алауын пайдаға асыру және зауыттың қуатын жылына 600 мың тоннаға дейін шикізат өңдеуге ұлғайту жобалары аяқталды. Бүгінде мұнай өнімдерін тереңдете өңдеу және оның сапасын еуропалық стандарттарға жеткізу мәселелері қолға алынуда.
1997 жылғы 8 қыркүйек ұжым өміріндегі елеулі күн болды. “Конденсат” АҚ шағын тоннажды зауытының құрылысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болды. Н.Ә.Назарбаев технологиялық жабдықтың іске қосу түймесін басып зауытта іске қосу-реттеу жұмыстарының басталғанын паш етті. Мемлекет басшысы сонда жұмыс сапасына және жергілікті кәсіпкерлік бастамаларына жоғары баға берген болатын. Қарашығанақтың даму келешегі жайлы журналистерге түсініктеме бере келіп, ол: “Біздің жігіттер ешкімнің көмегінсіз зауыт сала білді. Шетелдіктер бұдан үлгі алуы тиіс”, деген еді.
Зауыт іске қосылғаннан кейін оның құрамында тұрақсыз газ конденсатын жылына 400 мың тоннаға дейін айдайтын қондырғы, химиялық талдау зертханасы, технологиялық бу және су жылыту қазандықтары, айдалатын мұнай қалдығын құятын сыйымдылығы 4000 текше метрлік автоцистерна мен сорғы стансасы аралық резервуар паркі болды. Диаметрі 159 мм. және ұзындығы 32 киломтерлік қос түтікті Қарашығанақ-Ақсай мұнай құбыры Ақсай қаласындағы мұнай базасын ашық және қоңыр түсті мұнай өнімдерін құятын сыйымдылығы 12 мың шаршы метрлік резервуармен жалғастырады. Оның қуаты тәулігіне 2000 тоннаға дейін өнімдер жөнелтуге мүмкіндік береді. Мұнай базасында өнімдерді қабылдау, құю, сақтау және жіберу темір жол арқылы да, автомобиль көлігімен де жүзеге асырылады.
2009 жылы ұжым өз қызметінің 17 жылдығын атап өтті. Бұл жылдың басты міндеті газды желдету және тұрақтандыру жобасын жүзеге асыру болды. 2008 жылы мұнымен қатар кәсіпорын мамандары зауыттың қуатын жылына 600 мың тоннаға дейін шикізат өңдеуге ұлғайту шараларын ойдағыдай атқарып шықты. Бұдан басқа осы жылы мұнай өнімдерін сақтаудың аралық паркінде мұнай өнімдері шығарындыларының ауаға таралуына жол бермейтін тұтқыш-қондырғы жобасы іске қосылды. 2009 жылы “Конденсат” АҚ су қорларын тиімді пайдалану және қорғау мақсатында өндірістік-жаңбыр ағынды суларын тазарту жүйесін жаңартып, тазартылған суды шаруашылық мақсаттарына пайдаланудың оңтайлы жолдарын таба білді. Ағынды суларды жоғары дәрежеде тазарту биологиялық және мембранды тарту технологиясын пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
“Natіonal Busness” журналының жыл сайынғы рейтингінің қорытындысы бойынша “Конденсат” АҚ соңғы алты жыл бойы өткізілген өнім көлемі бойынша Қазақстанның жүздеген ірі компаниялары тізімінің бел ортасында келеді. Соңғы үш жылда тауарлы өнімдерді өткізудің орташа жылдық көлемі 22,9 миллиард теңгеге жетті, ал осы кезеңде 6,1 миллиард теңге көлемінде салық түсімдері бюджет қоржынына құйылды.
“Конденсат” АҚ-тың алдағы жоспарлары мен жобалары кәсіпорынды техникалық және қайта жарақтандыру және жаңғырту, өнім сапасын одан әрі жақсарту, сондай-ақ Ақсай қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту шараларымен байланысты болмақ. Таяу уақыттарда акционерлік қоғам зауыттың екінші кезегін іске қосуды көздеп отыр. Ол екі кезеңнен тұрады. Компания оның алғашқы кезеңін қазірдің өзінде орындап үлгерді. Екінші кезең де аяқталу қарсаңында. Бұл жобаны жүзеге асыру кәсіпорынның Қазақстанда алғашқылардың бірі болып алдымен Еуро-2, ал кейіннен Еуро-4 стандарттарына сәйкес бензин мен дизель отынын өндіруіне мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда жобаның алдын ала бас жоспары жасалды және оны орындап шығудың оңтайлы технологиялық шешімдері және оны жүзеге асыратын әріптестер іздестірілуде. Жоба 2011 жылы аяқталмақ. “Конденсат” АҚ жүргізіп отырған әлеуметтік саясат та құрметке лайық. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – “Конденсат” компаниялар тобы кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты В.Жүнісовтің әрқашанда баса назар аударып отырған өзекті шаруасы. Консорциумда қызметкерлерді ынталандыру үшін үш дәрежелі ескерткіш төсбелгі тағайындалған, онымен компанияда 5, 10, 15 жыл еңбек еткен адамдар марапатталады. Ардагерлерге қосымша демалыстар беріледі және еңбекақыларына жыл сайынғы үстемеақы қосылады. Қызметкерлердің балаларын оқытуды қаржыландыруға дейін басқа да бірқатар жеңілдіктер көзделген. Компания жетім балаларға, соғыс және еңбек ардагерлеріне, балалар үйіне, орта мектептерге және басқаларына үнемі қол ұшын беріп отырады. Кәсіпорында 1999 жылдан бері Орал еңбек академиясы және әлеуметтік қатынастар академиясының үш таңдаулы студентіне атаулы стипендия тағайындалған, сондай-ақ Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің үш таңдаулы студентінің оқу ақысын төлеп отырады. “Конденсат” компаниялар тобы Орал қаласы мен Бөрлі ауданының 13 мектебін шепке алып, жыл сайын “Таңдаулы мұғалім” және “Таңдаулы оқушы” сыйлығын белгілеп отыр. Осы мектептерге жыл сайын материалдық-техникалық базаларын дамытуға қаржылық қолдау көрсетілуде. Оның үстіне “Конденсат” компаниялар тобы көп жылдардан бері ҚР Ұлттық лигасында өнер көрсетіп жүрген өзі аттас облыстық волейбол командасының бас демеушісі болып келеді. Тұтастай алғанда “Конденсат” 2008-2009 жылдарда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, халыққа және қоғамдық бірлестіктерге қайырымдылық және демеушілік көмегін беру шараларына 286 миллион теңгеден астам қаржы жұмсады.
Міне, осынау жасампаз істердің бастауында кеңінен толғайтын сарабдал азамат, білікті басшы Валерий Жүнісов тұр.
Марат ЖАНДОСОВ.
ЖҮН ӨҢДЕУ ФАБРИКАСЫ ЖАНДАНБАҚ
“ПОШ Тараз фабрикасы” ЖШС жылына 2,5 мың тонна жуылмаған жүн өңдеп, одан мың тонна топс шығарып отыр. “Топс” деп жіпке дайындалған шикізатты айтады.
“ҚазАгро”-дан 1 миллиард теңге несие алған кәсіпорын бүгінгі күні Франциядан 450 миллион теңгеге жаңа, 550 миллион теңгеге қосымша жабдықтар алыпты.
Облыстағы жеке шаруалардан 300 тонаға дейін жүн сатып алуға қаржылық әлеуеттері жетеді екен. Қазір жүннің бағасы - 170 теңге. Оған 130 теңге дотацияны қосқанда шығатын баға - 332 теңге.
Жақында фабрикада жаңа цех іске қосылмақ. Бұл үшін “Агрокорпорациядан” қомақты қаржы бөлінген. Бірақ кәсіпорын ол қаржыға қарап қол қусырып отырған жоқ. Өз қаржысына 6 жүн өңдейтін қондырғы қоймақшы. Сонда топс, яғни жіпке дайындалған шикізат өндіру жұмысы тоқтамайтын болады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.
ЕЛБАСЫ НАЗАРЫНДАҒЫ “АРАЛВАГОН” ЗАУЫТЫ ЖОЛДАУ “ПЕРЗЕНТІ”
Ұзақбай АЙТЖАНОВ, “Атамекен Холдинг” қаржы-өндірістік тобы” АҚ президенті.
Жолдауда көтерілген мәселелердің көкейкестілігін ел экономикасының алға қарай қарыштауына шама-шарқыларынша септесе отырып, өз бизнестерін дамытып жатқан жеке кәсіпкерлер, отандық инвесторлар жақсы біледі.
Кезекті Жолдау – бұл да нақты бағдарлама, нақты тапсырмалар мен ескертпелер. Мемлекет басшысы тарихи Жолдауға сәйкес жаңа міндеттерді айқындау мақсатында іле-шала өткен “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының бюро отырысына қатысты. Бұл басқосуда Елбасы назарына біздің холдингтің Арал өңірінде салынған “Аралвагон” ЖШС ілікті. Президентіміз осы зауыттың төңірегіндегі мәселелерге мән берді. “Аралвагон” зауыты Елбасының өткен жылғы Жолдауындағы жаңа индустрияландыру бағдарламасына сәйкес “Атамекен” қаржы-өндірістік тобының жүзеге асырған ірі жобаларының бірі.
Мемлекет басшысының сыни тұрғыда болса да аталмыш зауыттың қызметіне назар аударуы біз үшін аса маңызды. “Аралвогон” зауытының айналасында қордаланған мәселелер де жоқ емес. Өйткені, әу баста Үкіметтің қаражатынсыз, отандық инвестордың жеке қаражатына салынған зауыт әлі де еңсесін тіктеп үлгерген жоқ.
Мәселен, осы отырыста Елбасы Жолдаудың басты мақсаты да мәні де – елімізді индустрияландыру екендігін еске салды. Мұның салмағы бірінші кезекте өңірлерге түсетіндігі басы ашық түрде айтылды. Екі бағыттан тұратын Жолдаудың бір міндеті – еліміздің 2020 жылға дейінгі дамуы болса, екіншісі – аумақтық даму мәселесі.
Біздің отандық темір жол сарапшыларын айтпағанда, Ресейден келген арнайы мамандандырылған комиссия алдымен кәсіби жұмысшыларды аттестациялап, содан кейін шығарылған өнімдерді де сынақтан өткізді. Алғашқы экспериментальды 8 вагон-платформа біраз сынақтан өтіп, сертификаттандырылып, осыдан кейін барып біздің зауыт 72 тонналық платформа шығаруға рұқсат алып, Теміржолшылардың федералдық кеңесінің сертификаттау реестріне енгізілген. Бұл ТМД аумағындағы барлық мемлекеттерге қойылатын міндетті шарт. Бүгінде зауыт ауыр тонналы, яғни үш контейнерлі платформа шығарып отыр. Осыған қоса 1159 санды өзіндік таңбаға да (клеймо) қол жеткіздік. Іске кіріскеніне жыл толмаған зауыттың өнімінде 25 пайыз қазақстандық үлес бар деген CT KZ сертификаты да алынған. Бүгінгі таңда платформасының арбасы және доңғалақ жұптары біздің серіктесіміз – темір жол вагондарын құрастыратын Ресейдің ірі кәсіпорны “ЗМК” зауытынан алынады. Келешекте, жобаның үшінші кезеңінде өнімдегі қазақстандық үлес салмақты 70-80 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл біздің көкейкесті арманымыз ғана емес. Осы мақсат жолында нақты еңбектеніп жатырмыз. Зауыт толық өндірістік қуатында іске қосылған кезде онда 2 мыңнан астам адам жұмыс істейтін болады. Бұл дегеніңіз, осынша отбасының берекесі мен несібесі деп білу қажет. Қазірдің өзінде зауытта 300 адам жұмыс істеп, кәсіби біліктіліктерін жетілдіріп келеді.
Алайда, жоғарыда айтылған 8 вагонның өзін әке-көкелеп жүріп, әрең өткіздік. Кейбір шенеуніктер үшін Қазақстанда шығарылған өнімнен гөрі, шетелден сатып алған тиімді сияқты...
Үстіміздегі жылы қаншама тырмыссақ та әлі мемлекеттік тапсырыс алған жоқпыз. Әйтпесе, зауыттың басқа да жүк және астық таситын вагондар немесе цистерналар, түрлі платформалар шығаруға әлеуеті жетеді, құрал-жабдықтары да бар. Арал қаласындағы зауыттың әртүрлі модификациядағы 2500 темір жол жүк вагондарын шығара алатын өндірістік қуаты бар.
Президентіміз өткен жылғы Жолдауында отандық инвесторлардың әлеуетін барынша пайдалану туралы нақты тапсырма берген болатын. Қашанда отандық кәсіпкерлерді қолдап келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлының: “...Аталған барлық жобаларды іске асыру үшін біз жергілікті өндірісшілердің әлеуетін барынша пайдалануға тиіспіз. Егер қажетті өндірістер бүгінде жоқ болса, оларды құру керек және мұның өзі бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады” деген сөзінен қуаттанып, өзіміздің стратегиялық таңдауымызға орай “Аралвагон” зауыты дүниеге келді. Қазір ішкі рыноктан өз үлесімізді алуға үмітті болсақ, келешекте сапа кепілдігімен сыртқы рынокқа шығуға қауқарымыз бар.
Қысқартып айтқанда, “Аралвагон” – жаңа заманауи зауыт. Және ол қазақстандық-ресейлік бірлескен жоба. Яғни, Кедендік одақтан Бірыңғай экономикалық кеңістікке қадам басқан Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің ортақ мақсаттарына да сәйкес әрекет ете алады.
Қысқарта айтқанда, пайдалануға берілгеніне жыл толмаған жаңа зауытқа сәйкес міндеттемелер артылып, үлкен жауапкершілікке жетелеу үшін әлі де жылдар керек. Енді тәй-тәйлап басқан сәбиге: “Неге жүгіріп кетпейсің?” деп талап етілмейтінін әркім біледі. Өңірде енді тұсауын кескен өндіріс орнына Елбасының назар аударуы жақсылықтың нышаны.
Елімізде жұмыс орны ашылсын деген ниетпен, маңдай терді көл етіп, бір тиын мемлекет қаржысын жұмсамай, жеңілдетілген мемлекеттік қаржы институттарынан көк тиын да несие алмай, дағдарыс кезеңінде Үкіметке салмақ салмай салынған зауыт – бәрібір мемлекет игілігіне, мемлекет мүддесіне жұмыс істейді.
Елбасының жолдауларында ел азаматтарының да, жергілікті кәсіпкерлердің де, отандық инвесторлардың да талайлы тағдыры жатыр. “Аралвагон” зауытының айналасында қордаланған мәселе болса, оны ортақ мұқтаждыққа қызмет еткізе отырып шешуге біз де мүдделіміз.
Алматы.