• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2018

Жекешелендіру жөн-жосықсыз жасалмасын

351 рет
көрсетілді

Мәжілістегі «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы өткен жылдың қазан айында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдап, онда денсаулық сақтау нысандарын жекешеге сатудың нақты шарттары бар бағдарлама әзір­леп алмай тоқтата тұру керек екенін өтінгенбіз. Біз асы­ғыс же­кешелендірудің кесірінен мемлекет тиісті дең­гейде нақ­ты табыс ала алмайтынын, сонымен бірге ны­сан­ның өзі де қосымша инвестиция тарта алмайтынын ескерткенбіз.   

Өкінішке қарай біздің қаупі­міз шынға айналды. Мәсе­лен, қыр­күйек айында Павло­дар қала­сында облыстық диаг­нос­тика­­лық орталық пен екі ем­хана сату­ға қойылды. Диаг­ности­ка­лық орталықтың бастапқы баға­сы – 557 млн №1 емхананың бастап­­қы бағасы – 224 млн және №2 емха­наның бастапқы бағасы 347 млн теңге деп көрсетілді. Сату барысында диаг­нос­тика­лық орта­лық бастап­қы б­аға­дан арзандаты­лып, тек 315 млн тең­геге сатылды. Бұл баға фрак­ция депутаттарының алаң­даушылығын тудырып отыр. Өйткені БАҚ хабарларына қа­ра­ғанда 7104 шаршы метр бола­тын орталықтағы ғимараттың аумағы ғана миллиард теңгеден (облыс орталығындағы орташа баға 1 шаршы метрге 155 мың теңге) асып отыр. Оның үстіне орталықтағы өте сапа­лы магнитті-резонанстық томограф, рентген аппараты, цифр­лы жүйесі бар УДЗ, бауырға фибросканер жасай алатын аппарат, маммограф және т.б. бағасының өзі 500 млн теңгеден асып кетеді. Осы­лар­ды ескере отырып тал­дасақ, диагностикалық ор­талық өз баға­сынан 5 есе арзанға сатыл­ған. Бұдан кім ұтты?

Мемлекеттік мүлікті бас­қару жөніндегі комитеттің веб-пор­т­алында басқа да маңызды мем­лекеттік меке­мелерді сату ту­ралы хабарландыру ілінген. Со­ның ішінде «Қазақтың көз ауру­лары институтының ғы­лы­ми-зерттеу институты», «Жар­­бо­сынов атындағы уроло­гия ғылыми орталығы» және т.б. бар. Біз бұлардың да ба­ға­­сы тө­мен­деп кете ме деп қауіп­тенеміз.

Аталған комитеттің дерек­теріне қарағанда, респуб­ли­калық меншікте тұратын «Ұлттық кардиология ғылыми орталығы» АҚ пен «Ұлттық нейрохирур­гия ғылыми орталығы» АҚ-ты 2018 жыл­дың мамыр айы­на сату белгі­лен­ген. Егер бірінші аукционда алушы табылмаса, бұлардың бағалары да екі есеге дейін төмендетілуі мүмкін. Сонда барынша қымбат дүниелерімізді өз бағасынан екі, кейде тіпті одан да көп сомаға арзандатқаннан не ұтамыз? Нақты қаражаты бар алушы табылмаса сатуды ке­йін­г­е қал­дыруға неге болмайды? Қазір­гі жекешелендіру бұ­рынғы жұ­мысты жүргізу үшін амалсыз сату емес қой. Мем­лекет жыл сайын ден­сау­лық сақтау саласына 1 трлн-нан артық қаражат бө­леді, қаншама қым­бат құрал-жаб­дықтар алады. Со­­ның бәрі есепке алынбай, же­ке­мен­шік­тің қолына арзанға ке­тіп жатқаны жаныңды ауыр­та­ды. Ал егер мемлекет аяқ ас­ты­нан медициналық хол­динг­тер құр­ғы­сы келсе атал­­ған нысандарды қайтадан сатып алады, бірақ бұл жолы толық бағасын төлейтіні сөзсіз.

Осы мәселелерге жаны­мыз ашы­ғандықтан біз Премьер-Министрдің орынбасары Ер­бо­­лат До­саевқа депутаттық сауал жол­­дап, төмендегі талаптарды қойдық:

1. Денсаулық сақтау нысандарын жекешелендірудің нақты бағдарламасы жасалып, онда сатудың шарттары айтылып, мемлекет пен қо­ғамға тигізетін пайдасы атап көр­сетілсін;

2. Осы бағдарлама дайын бол­ғанша жекешелендіру про­цесін тоқтата тұру қажет;

3. Тиісті органдарға Павло­дардағы диагностикалық орта­лықтың 5 есе арзанға саты­луы­ның заңдылығы тексерілсін.

Дания ЕСПАЕВА,

Мәжіліс депутаты