• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Қаңтар, 2018

Елбасы Н.Назарбаев АҚШ Президенті Д.Трамппен кездесті

541 рет
көрсетілді

Президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапары аясында Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесіп, екіжақты стратегиялық әріптестікті тереңдету және күшейту, өңірлік және экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Елбасы Ақ үйше арнайы шақырғаны үшін АҚШ Президенті Д.Трампқа алғысын білдірді. Қазақстанның АҚШ-ты сенімді серіктес, әлеуетті әріптес санайтынын жеткізген Н.Назарбаев алдағы уақытта екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығын атап көрсетті.

«Сізді АҚШ Президенті қызметіне кіріскеніңізге бір жыл толуымен құттықтаймын. Осы уақыт аралығында экономикалық тұрғыда табысты жұмыс атқардыңыз. Орталық Азиядан Ақ үйге арнайы шақырылған тұңғыш Президент атануым екі ел арасындағы байланысты нығайта түседі. Қазақстан мен АҚШ арасында әрдайым екіжақты саяси қарым-қатынас орнаған. АҚШ тарапы алғашқылардың бірі болып Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады. Содан бергі 26 жыл ішінде екі ел арасындағы байланыс жаңа белеске көтерілді. Менің бүгінгі сапарым ‒ соның айғағы. Алдағы әңгіме барысында екі елге де тиімді мәселелерді талқылайтынымызға және Қазақстан мен АҚШ арасынадғы экономикалық әріптестіктің одан әрі нығая түсетініне сенімдімін», деді Елбасы.

Өз кезегінде Д.Трамп АҚШ тарапы Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі болашағы зор, стратегиялық әріптес деп есептейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық, сауда-экономикалық қарым қарым-қатынас жаңа сапаға ие болып отыр. Ақ үй басшысы Қазақстанды өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайтынын жеткізді.

«Ақ үйде Сізді қабылдау мен үшін үлкен абырой. Бұған дейін де Сауд Арабиясында бірқатар мәселелерді талқыладық. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда АҚШ экономикасы үлкен бір белесті бағындырды. Афро-америкалықтардың жұмыссыздық бұған дейін болмаған төмен деңгейге төмендеді», деді Д.Трамп.

 

 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

"Егемен Қазақстан"

Арнайы Вашингтоннан

Суретті түсірген Бауыржан ЖУАСБАЙ