Кәсіпқой бокстан WBA, IBF, WBC және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) «Қарағанды облысының құрметті азаматы» атағына ие болды.
Тиісті төсбелгі мен куәлікті боксшыға тапсырып тұрып өңір басшысы Ерлан Қошанов: «Геннадий Қарағанды облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Қазақтың нағыз батыры!», деді.
Былғары қолғап шеберіне бұл атақ өткен жылдың желтоқсан айында өткен облыстық мәслихаттың XIII сессиясында берілген болатын.
Алыстағы Америкадан туған жеріне арнайы ат басын тіреген Геннадий Головкин өзіне көрсетілген құрметке шын тебіренді. Салтанатты шарада боксшы жерлестеріне ризашылық сезімін білдіріп, оларды алдағы уақытта да жеңістерімен қуанта беретініне сендірді.
– Қазақстан Республикасының азаматы ретінде бұл маған көрсетілген зор құрмет. Ең алдымен мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа спортқа қамқорлық танытып, оны дамытып жүргені үшін алғыс айтқым келеді. Мені Қарағанды облысының құрметті азаматы ретінде таныған депутаттарға да алғыс сезімін жеткіземін, – деді Геннадий Головкин.
Қарағандының маңындағы елді мекен Майқұдықта туған Геннадий Головкин кәсіпқой рингте ғана емес, әуесқой бокста да талай биікті бағындырған саңлақ спортшы. Ол Азия ойындары (2002) мен Азия біріншілігінің (2004) чемпионы, әлем чемпионатының (2003) жеңімпазы, Афины-2004 Олимпиадасының күміс жүлдегері.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы