Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және Дене шынықтыру істері комитетінің шешімімен дзюдодан Қазақстан ұлттық ерлер құрама командасына жаңа жаттықтырушы келді. Енді ерлер ұлттық құрама командасының Айдын Смағұлов баптайтын болады.
1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген Айдын Смағұлов дзюдодан Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Даңқ» орденінің иегері. Дзюдодан бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы.
Бапкерлік қызметін 2005 жылы Алматы облысының аға жаттықтырушысы болып бастаған. 2008-2010 жылдар аралығында Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы, 2010-2012 жылдары «Жастар» спорт кешенінде директордың бірінші орынбасары, 2012-2017 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрама командасында жаттықтырушы қызметін атқарған. Сонымен қатар, Айдын Смағұлов 2000 жылы Қырғыз Республикасы сапында Сиднейде өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, қола жүлдеге ие болған.
Дзюдодан Қазақстан құрамасын 2012-2017 жылдар аралығында Ермек Имамбеков жаттықтырған. Естеріңізге сала кетсек, Ермек Имамбеков тұсында Қазақстан ерлер құрамасы жазғы Олимпиада ойындарынан бір күміс, әлем чемпионатында бір алтын, екі күміс, Азия ойындарында бір алтын, бір күміс, бір қола және командалық жарыс бойынша бір күміс медальға қол жеткізген болатын.
«Мақсатымыз – қазақстандық дзюдошылардың Азия ойындарында, Азия және әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында нәтижелі күрес көрсетіп, үлкен жетістіктерге қол жеткізу. Осындай мақсатта бапкерлер құрамы ұлттық құрамадағы дзюдошылардың жаттығуын жіті қадағалап, дзюдодан үздік мемлекеттер қатарында тұру үшін аянбай жұмыс істейміз, дейді Қазақстан ұлттық құрама командасының жаңа бас жаттықтырушысы Айдын Смағұлов.