Астана әкімі Әсет Исекешев аппарат жиналысы барысында елорданың Кәсіподақ орталығының жаңа басшысын таныстырды. Басшы болып бұдан бұрын қалалық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы лауазымын атқарған Тастанбек Есентаев тағайындалды.
Кәсіподақ орталығының бұрынғы төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев құрмет демалысына шығуына байланысты қызметінен босатылды.
«Сәрсенбай Мыңбаев Астана қаласы Кәсіподақ орталығын 20 жыл басқарды, алға қойылған маңызды тапсырмаларды жоғары деңгейде орындады және оның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Сізге үлкен алғысымды айтамын және мықты денсаулық, табыс тілеймін»,- деді әкім.
Сонымен қатар, Әсет Исекешев «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Жанна Ақжановаға қаланың көлік инфрақұрылымының дамуына қосқан үлесі үшін алғысын айтып, басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатты.
Жаңа басқарма төрағасы болып Бекмырза Игенбердинов тағайындалды, ол бұған дейін Астана қаласы жолаушылар көлігі басқарма басшысы лауазымын атқарған.
«Жол-көлік инфрақұрылымының дамуы қала алдында қойылған негізгі мақсаттардың бірі, сондықтан, көлік кешенін дамыту бойынша жаңа күшпен белсенді жұмыс атқаруымыз керек», - деді Ә.Исекешев.