Тұңғыш Президент – Елбасыға жаңа тұрғыдағы мемлекет құрып, оның тоз-тозы шыққан экономикасын дамудың мүлдем тосын жолымен дамытып қалыптастыру оңай болған жоқ.
Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында социализмнің біржақты дамыған, қатаң талабын аңсаушылар аз емес-ті. Солардың қарсылығын жеңіп, еркін қоғам, үлгілі мемлекет орнатқанын, тәуелсіз рухымыздың қалай қалыптасқанын «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында Елбасы жүйелі түрде баяндады. Сонымен қатар азғантай уақыт ішінде жаңа сипаттағы тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу жолын егжей-тегжейлі айтқан.
Нұрсұлтан Назарбаев бір кездегі аграрлы елден Қазақстанды экономикасы тұрақты индустриалды елдердің қатарына жеткізді. Әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тарта отырып, тажал полигонын жауып, халықтардың бейбітшілікте өмір сүруіне жол ашты.
Біз ұзақ жылдар басқаның бодандығында болғандықтан экономикалық дамуда артта қалудың орын алғаны рас,осы тығырықтан шығару үшін Елбасы үлкен жұмыс жасады. Саясат пен экономика таразы басын тең тартып, ұлттың дамуы бірінші кезекке қойылды. Артта қалған, біржақты қалыптасқан аграрлы шаруашылықтың желісін үзіп, көпсалалы дамыған елдер қатарына қосудағы Елбасының философиялық тұжырымдамасы кімді де болса ойландыратын мәселе. Осы ретте жаңа еңбекте «қазақстандық даму үлгісінің» жаңаша эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланған.
Еуразиялық экономикалық одақты, Тәуелсіз мемлекеттер достастығын, Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру жөніндегі идеялар мен олардың іске асуы Елбасымыздың есімімен тығыз байланысты. Оның әлемдік жиындардағы халықаралық мәселелер жөніндегі ойлары да әрқашан қызығушылық тудырып жүреді. Ал «Дағдарыстан шығудың кілті» атты мақаласындағы мемлекеттераралық, қаржы жүйесін қайта құру туралы пайым-пікірлері де басқа елдердің басшыларына ой тастаған өзекті мәселе.
Бүгінде біз үлкен мүмкіндіктері бар ел ғана емес, сол мүмкіндіктерді нақты жүзеге асырып отырған іргелі мемлекетке айналудамыз. Мемлекеттің бәсекеге қабілетін көрсететін басты көрсеткіш – оның экономикасы. Экономиканың бәсекеге қабілетті болуының басты бағыты – индустриялық-инновациялық экономика құру және шикізаттық емес секторды дамыта отырып, инновациялық үдерістерге бет бұру екені Елбасы еңбегінде көрсетілген.
Еліміз тек қана газ бен мұнай шикізатын сатып отырмауы тиіс. Тәуелсіз елдің өндірісі шикізатты өңдеп, оны әлемдік нарыққа шығаруы қажет. Шетелдік инвесторларды тарта отырып, Қазақстан тәуелсіз мемлекеттер арасында беделге ие болды. Кітапта нарықтық экономиканы игеріп, елдің әл-ауқатын жақсартып, болашақтағы «қазақтың ұлттық брендін» жасауға күш салынғаны атап айтылды.
Экономика тұрақты дамып, оны әртараптандыру үшін индустриялық-инновациялық даму стратегиясы қабылданып, еліміз әлемдік рейтингтерде жоғары көрсеткіштерге ие болды. Осы экономикалық дамудың арқасында еліміз бәсекеге қабілеттілік рейтінгісінде елу елдің қатарына кірді.
Еуропа мен Азия аралығындағы сауда-саттықты жетілдіру, Жібек жолын жаңғырта отырып теңізге шығар уақытты қысқартып, құрлықтардағы көне сүрлеу жолдарын жаңартып, сол жолдар арқылы Батыс пен Шығыс елдерінің экономикасын үйлестіре дамыту – ұлы мұрат. Осынау жаңа салынған жолдар бойындағы инфрақұрылымды есептей отырып, мемлекеттің мәдениетін, экономикасын басқа елдермен байланыстырып, жаңа даму жолдарын көрсете білді. Еліміздің Батыс пен Шығыс арасында қолайлы орналасуы болашақ табыстардың маңызды алғышарты екендігін де Елбасы өз кітабында саралай таратып айтады.
ХХІ ғасырдағы адамзаттың басты, негізгі құндылықтары білімнен басталатын болады. Жастарымызды осы бағытта тәрбиелеп, әлемдік білім дамыған ірі оқу орындарында кадр дайындап, сол арқылы экономиканың дамуына жағдай жасады. Ғылымның әр саласынан «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келген мамандар қазір іс басында екендігіне аталмыш еңбекте үлкен мән берілді.
Озық дамыған 30 елдің қатарына ену үшін бағдарламалар жасалынды. Елбасы мемлекетіміздің ірі өндіріс орындарын жандандыру арқылы экономиканы одан әрі индустрияландыруға серпін берді.
Қазақстанның үшінші жаңғыруы – келешекте дамудың әрі көркеюдің кепілі. Ол – еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналған, бәсекелік қабілетін арттырудағы болашақтың бағыты. Елбасы еңбегінде елімізді жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Бірінші және екінші жаңғырту аясында тоталитарлық жүйеден түбегейлі ажырап, нарықтық экономиканы құру және бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосылу міндеті мерзімінен бұрын орындалды. Үшінші жаңғыртудың мақсаты – елімізді қалыптасқан жаңа жаһандық ахуал жағдайында жаңғырта отырып, әлемдегі өркениетті 30 елдің қатарына қосу.
Қазіргі заман талабы – ұлы көштен қалмай, еліміздің ұлттық технологиялық негізін қалауға қадам басу. Елбасы елді Үшінші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді ұсынды. Мұндай батыл бастама, іскерлік ұмтылыс келешекте Қазақстанның көркейіп, озық 30 елдің қатарына қосылуының кепілі деп көрсетеді.
26 жылдың ішінде еліміз дамыған басқа елдермен бәсекеге түсіп, көптеген ұлтаралық мәселелерді шешуге араласты. Елбасы бір кездегі экономикасы артта қалған елімізді өзінің стратегиялық жоспарларын жүзеге асыра отырып көркейте дамытумен бірге, елдің әл-ауқатын көтеріп, аграрлы елден индустриалды елге айналдырып келе жатқанын баса айтты.
Елбасының рухани жаңғырудағы үлкен табысы – қазақта болмаған ЭКСПО көрмесі. ЭКСПО көрмесі арқылы басқа елдердің жаңалығын өз елімізде пайдалануға жол ашылды. Ғасырлар бойы дамыған елдер өткізген ЭКСПО көрмесі Қазақ еліне қадам басты. Осыларды айта келіп жалпы ғылым, білім, мәдениет индустрияның дамуында үлкен рөл атқаратынын көрсете білді. Өндірісте «жасыл» экономика арқылы электр қуатын елімізде кеңінен пайдалану қанат жая бастағанына тоқталды.
Сайып келгенде, Мемлекет басшысы бұрыннан айтылып жүрген «жасыл» экономиканы құруға берік негіз жасай білді. Қазір көптеген дамыған елдерде энергиялық тапшылық тууына байланысты баламалы энергия көздерін дамытуға жол ашуы да – көрегендік.
Елбасының бала кезден көп қиыншылықтарды басынан өткізгені белгілі. Солардың барлығы бүкіл қазаққа тән болған. Міне, осындай тығырықтардан шығудың жолдарын біздің Елбасымыз әрқашан біледі. Көптеген тың ойлардан тұратын бірнеше теориялық жолдаулар мен тұжырымдамалар соның айғағы, ел басқарудағы толысқан кемел тәжірибенің жемісі дер едік.
Жыл сайынғы Елбасының халыққа арнаған Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық бағыттардың барлығы да қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталды. Елбасы өз Жолдауында ішкі саяси және ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту екенін атап өтті.
Сонымен қатар, өткен жылдың ЭКСПО-2017, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның саммиті, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы, Халықаралық төмен байытылған уран банкін ашу, Сирия жөніндегі Астанадағы бас қосулар, Универсиада сияқты айтулы оқиғалары елімізді әлем қоғамдастығының құрметті төріне шығарады. Бұл жайлар да Елбасы кітабының назарынан тыс қалмаған.
«Қазақстан әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық даму жолына бет алды. Еліміздің 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясы жүзеге асырылуда. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында біз реформаларды жүргізіп келеміз. Индустрияландыру саласын өркендету үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Біз конституциялық реформаны жүзеге асырып, еліміздің Үшінші жаңғыруын бастадық. Рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданды» деп мәлімдеу де әр қазақстандықтың мақтанышын туғызары анық.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы – отандастарымыздың әл-ауқаты мен тұрмыстық әлеуетін арттыруға және ел экономикасын дамытуға септігін тигізеді. Елбасы биылғы Жолдауында 10 міндетті айқындап, оны жүзеге асыру жолдарын көрсетіп берді.
«Тәуелсіздік дәуірі» атты толымды кітаппен ілесе жария етілген Елбасы Жолдауы Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне, соны белесіне қадам басқанын білдіреді. Тәуелсіздік дәуірінің табыстары мол бола бергей!
Әлия БЕЙСЕНОВА, академик