Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Германия Федеративтік Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік министрі Корнелия Пипер ханымды қабылдады.
2009 жылғы табысты өткен Қазақстанның Германиядағы жылы және биылғы Германияның басталғалы тұрған Қазақстандағы жылы кездесудің ортақ тақырыбы болды. Корнелия Пипер Германияның Қазақстандағы жылын ашуға арнайы келген. Бұл салтанатты шара Астана қаласында өтеді.
Мәжіліс Төрағасы Германия Қазақстанмен сауда-экономикалық әріптес елдердің ішінде бастапқы ондыққа енетінін атап өтті. Қос мемлекеттің ынтымақтастық, саяси-экономикалық байланысы арта түсуіне өткен жылғы 3 ақпанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Германияға жасаған ресми сапары, Мемлекет басшыларының жоғары деңгейде өткен кездесулері негіз болды.
“Өткен жылы Германияда көптеген мәдени-гуманитарлық іс-шаралар өтті. Биыл да Германияның Қазақстандағы жылы аясында білім, ғылым, өнер мен мәдениет салаларында байланыстар өріс алатын болады. Ең бастысы, екі мемлекет арасында сенімді әріптестік қалыптасты”, – деді Орал Мұхамеджанов.
Тараптар екі ел арасындағы байланысты барлық салада және әр деңгейде жан-жақты дамытудың маңыздылығы өте зор екенін айтты.
Корнелия Пипер екі елдің арасын жалғастыруда Парламенттің үлкен рөл атқаратынын, өзі де қазіргі қызметіне кіріскенге дейін 11 жыл бойы Бундестаг депутаты болғанын айтып өтті. Сондай-ақ Қазақстан Греманияның Орталық Азиядағы сенімді әріптесі екенін, екі елдің ынтымағы жарасым таба беруіне тілектестігін білдірді.
Мәжіліс Төрағасы Қазақстанда көптеген неміс диаспорасы тұратынын, ал Германияға қоныс аударған жерлестеріміз де екі ел арасына алтын көпір салып отырғанын мәлімдеді.
Кездесуде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, оның басты ұстанымдары, жуырда жария етілген ел Президентінің халыққа Жолдауы, “Еуропаға жол” бағдарламасының мақсаты жайлы әңгіме өрбіді.
Тараптар сауда-экономикалық айналымды жақсарту, білім мен ғылым саласындағы байланысты жан-жақты ұлғайту қажеттігі жөнінде пікір алмасты.
Кездесуге Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Қазақстан-Германия парламентаралық достық тобының жетекшісі Әмзебек Жолшыбеков пен Қазақстанның Германиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Оңжанов қатысты.
Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі.