Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Түркістан шаһарында «Ислам және ұлы дала өркениеті» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция мақсаты – қазақ топырағынан шыққан танымал тұлғалардың еңбегін насихаттау, рухани біртұтас қоғам құруға үлес қосу, жастардың діни көзқарасының радикалдануына жол бермеу, түркі жұртшылығының руханиятына ерекше ықпал еткен Ясауи шығармаларын өскелең ұрпаққа өнеге ету, дін мен дәстүрді жаңғырту.
Конференцияға Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Əліпбек Өсербаев, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері, облыстардың бас имамдары, қоғам қайраткерлері, теолог-ғалымдар қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Əліпбек Өсербаев аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың конференция қонақтарына жолдаған құттықтау сөзін жеткізіп, айтулы басқосуға сәттілік тіледі.
Сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қазақ халқының дəстүрімен сабақтас ортаазиялық діни мектептің рөлін арттыру қажеттігін айрықша атап өтті.
«Біз осыдан 3 жыл бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында дәстүрімізге, болмысымызға, діни саладағы жолымызға жақын келетін ортаазиялық діни мектептің рөлін қайта жаңғырту туралы бастама көтердік. Қазақстан және Орталық Азияда біртұтас мұсылман үмбетін қалыптастыру идеясынан туған бұл бастама көрші елдердегі дін қайраткерлері мен өзіміздің ғұлама-ғалымдарымыз тарапынан қолдауға ие болды. Қазақ мұсылмандығында бұрыннан қалыптасып, дала халқының болмысымен, табиғатымен бітеқайнасып кеткен мектеп ежелгі Мауреннахр мұсылмандарын ортақ мақсатқа үндеді. Діннің түп негізіне сүйенген діни ережелерді берік ұстануымыз бірлігіміздің нығая түсуіне жаңа мүмкіндіктер туғызады деп есептеймін. Бүгінгі қазақ қоғамында дін жайлы түсінік пен пікір екіге жарылғаны жасырын емес. Бірі – Ислам арабтанудың алғышарты, қазақты жою десе, екіншісі, діни сенімді көрсоқырлық деп бағалайды. Осы екі тараптың ойындағы сауалға ортақ жауапты ортаазиялық діни мектептің жолы мен жөн-жоралғылары дәл бере алады деп тұжырымдаймын. Аллаға шүкір, біз әлмисақтан мұсылманбыз. Өзгенің мәдениеті мен діни жолымен жүруге міндетті емеспіз. Өзіміздің дүние таным мен тұрмыс салтымызбен әдемі үйлескен діни жолымыз, Хақты тану дағдымыз бар. Оны осы қасиеттерден ажыратуға, басқа арнаға бұруға ешкімнің қақысы жоқ, – деді Бас мүфти.
Мəдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Əбуов Діни басқарманың Түркістан қаласы бойынша өкілдік жұмысын жетілдіріп, киелі шаһардың келбетін айшықтайтын ғылыми жобаларды жүзеге асырып, тың еңбектер шығаруды ұсынды.
Конференцияға Алматы мен Астанадан арнайы келген ғалымдар, тарихшылар, дінтанушылар киелі Түркістан төрінде өткен басқосуда ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мазһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды қайта түгендеп алу мәселелері төңірегінде баяндама жасады. Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бастамасының мәні мен маңызы, халқымыздың рухани өміріндегі өзгерістер сөз болды.
Конференцияға қатысқан ғалымдар мүфтияттың бастамасымен жарық көрген салт пен діни санасының үйлесімділігін паш ететін «Дін мен дәстүр» кітаптары мен тарихи-діни жолымызды айшықтайтын «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» еңбегін мектеп пен жоғары оқу орындарында қосымша пән немесе тәрбие сағаты ретінде оқыту туралы ұсынысқа қолдау білдірді.
Айта кетер жайт, Діни басқарма ғалымдары бұл ізденістермен тоқтап қалмай, жуық арада «Ұлы дала төсіндегі Ислам» атты ауқымды еңбекті шығаруға кірісіп кетті. Ғалымдар осы игі бастамаға атсалысуға ниет білдірді. Аталған діни һәм рухани бағыттағы еңбектерді жастардың санасына сіңіру – баршаға ортақ сауапты іс.
Конференция соңында делегаттар басқосудың негізгі идеясына айналған діни таным мен сал-дәстүрімізбен үйлескен ортаазиялық діни мектебімізді жаңғыртып, біртұтас мұсылман үмбетін қалыптастыру бастамасын құптап, барша мұсылман қауымды дінді озбырлық әрекеттер мен саяси және жеке мүдделер үшін пайдалануды көздейтіндерге ілеспеуге, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтарды насихаттауға шақырып, үндеу жолдады.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
журналист
Түркістан