Елбасының биылғы Жолдауы – еліміздің өркендеу жолындағы бұған дейінгі ұсынылып, жүзеге асырылып жатқан қарқынды реформалардың заңды жалғасы.
Еліміз өзінің тәуелсіздік алғаннан бері 26 жылдық даму кезеңіне абыроймен өтіп, халықарлық аренада биік білестерді бағындырды. Өзінің экономикалық даму қарқынын алдыңғы қатарлы озық елдердің қатарына қосылуымен дәлелдеді. Елбасы талдап көрсеткендей, адамзат жаңа өнеркәсіптік революция дәуіріне аяқ басқан тұста мемлекетіміз рухани жаңғыруға берік негіз қалады.
Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясындағы басты мәселе, ол – әлемдегі озық отыз елдің қатарында болу. Оған біздің мүмкіндіктеріміз мол, бірақ сол мүмкіндіктерді саналы түрде, сапалы деңгейде іске асыруымыз қажет.
Бүгінде дүниежүзі төртінші өнеркәсіптік революция қарсаңында тұр. Өмірге жаңа технология – қоғамның көп саласын цифрандыру технологиясы келді. Біз оған дайын болуымыз керек. Президент атап кеткен он негізгі басымдықтардың түйіні – ол цифрлы технология. Әлем елдері де цифрлы технологияға бет алады. Осындай үлкен істе бар мәселені шешетін әрине білікті мамандар екені белгілі. Олай болса Жолдауда мұғалімдердің жұмысы, ұстаздардың мәртебесін көтеру жайы ерекше аталды. Шынында еліміздің болашағын жасайтын мамандардың бәрі мұғалімнің, ұстаздың қолыннан өтеді. Олай болса, ұстазға деген құрмет – ел дамуының кепілі.
Осы уақытқа дейінгі жетістіктеріміз бен табыстарымыздың негізі – басты құндылықтарымыз – бейбітшілік, ұлтаралық және конфессиялық келісім. Келешекте де Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығының арқасында еліміз жоғарыда көрсетілген құндылықтарға сүйене отырып дами беретініне күмән жоқ. Өйткені Елбасы қиын кезеңдерде тура жол тауып, ел дамуына арналған жоспарлар мен реформаларды тиімді жүргізгенінің нәтижесінде Қазақстанды әлемге танытты, басқаларға мойындатты. Олай болса, біздер Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық мүшелері барша қазақстандықтармен бірге осы Жолдаудың міндеттерін іске асыруға үлкен талпыныспен, ынта-жігермен кірісуіміз қажет.
Қалқаман ЖАҚЫП, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дің профессоры