• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қаңтар, 2018

Семейде студент төрт баланы өрттен құтқарып қалды

249 рет
көрсетілді

Семейдегі құрылыс колледжінің №1 жатақханасында өрт оқиғасы орын алды. 

Парковая көшесі,1 мекен-жайында орналасқан жатақхананың 4-қабатында электрщитінің электр желілері мен автоматты электр есептегіштері жанған екен. Семей қалалық ТЖБ баспасөз қызметінен хабарлағандай, қаладағы құтқару №2 тобы уақиға болған жерге жеткен.  

Өрт сөндірілгеннен кейін, жатақхана кезекшісінің айтуынша, құрылыс колледжінің 4-курс студенті Жасұлан Берекеев құтқару тобы, өрт сөндірушілер келгенше өз бетімен төрт баланы аман-есен алып шығыпты. Жасұлан алдымен бесінші қабаттағы кішкентай баланың дауысын естіген. Дереу ойланбастан алға ұмтылған. Түтін басқан дәліз түбінен кішкентай сәбидің жылаған дауысын естіген ол құтқарушылар келгенге дейін бетін күртесімен жауып, баланы құтқару үшін түтінге кіріп кетеді. Сөйтіп, баланы алып шығып, үшінші қабаттағы ересектерге табыстап, бесінші қабатқа қайта ұмтылған. Барлық бөлмелерді аралап жүріп, №36 бөлмеде тағы екі баланың қалып қалғанын байқаған. Балаларды күртесімен қымтай жауып, алып шыққан соң, оларды да үшінші қабатта тұрғандарға табыстайды.

- Кішкентай балаларды ойлаған кезде қорқыныштың не екендігін мүлде ұмытып кеттім, - дейді Жасұлан Талантұлы, - тез арада қимылдамасам, балалардан айрылып қалатындығымызды ұқтым. Қауіп пен қатер маған тез шешім шығарып, қимылдауыма ғана мүмкіндік барын ұқтырды.

Жасұланның арқасында жеті жасар екі қыз бала мен 4 жастағы ұл бала аман-есен қалды. Колледж ұжымы мен Семей қалалық ТЖ Басқармасы студенттің бейбіт күндегі ерлігін бағалап, оны марапаттауды жоспарлап отыр.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

Семей