• RUB:
    5.28
  • USD:
    481.63
  • EUR:
    534.46
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Қаңтар, 2018

Қаз-қалпында: Парсы кілемі

1789 рет
көрсетілді

Үйде бір жібек кілем бар еді. Ол өзі сірә, өте қымбат дүние болса керек. Себебі өткен ғасырдың басында Үсіпбай болыс Самарқанның базарынан алдырыпты десетін. 

Ал енді, оның осы шаңыраққа қалай тап болғанын бір-ақ ауыз сөзбен қайырсақ, менің әжем – Үсіпбай болыстың немересі екенін естеріңізге сала кетуге тура ке­леді. Демек, баяғыда-а-а... тіпті, атам заманда десек те жарасады, болысекең немересін ұзатқанда, қыз жасауына қосыла жөнелген парсы кілемі ғой. Біз көргелі, үнемі ораулы тұратын.

Кейін әкем ауылдың шеті­нен жаңа үй салып, қоныс тойын жасауға әзірленіп жатқа­нымызда шешем әлгі кілемді төргі бөлмеге ілдірмек болды. Сол кезде қолына құманын ұстап, сыртқы есіктен ішке қарай кіріп келе жатқан әжемнің:

– Әй, – деген даусы бәрімізді селк еткізгені. – Тұтпаңдар о кілемді! Жерге төсеңдер!..

Үй ішіндегілер үн-түнсіз мел­шидік те қалдық. Апыр-ай, үлкен кісінің мұнысы несі? Мынандай қымбат дүниені аяқ асты етіп, жерге қалай төсе­мек­піз? Оның үстіне бұл біздің үйдегі көзге көрінетін жал­ғыз мүлік емес пе?!

Бірақ әжем айтты, бітті. Заң. Отба­сының билігі әзірге сол кісінің қолында. Сон­дықтан көз қимайтын қымбат кілем­ді жарқыратып жерге төседік те тастадық. 

Есесіне әжем жарықтық кешкі шай­дың үстінде өмір бақи есімізден кет­пейтіндей бір әңгіме айтып, бәрі­міздің көңілі­мізді босатты.

– Е-ей, шырақтарым-ай, – деді қолын­дағы кесесін шай­қап-шайқап қойып, терең ойға батып. – Бұл кілемді ке­зінде керегеге тұтып, ар­қа­сын сүйеп отырып әңгіме-дүкен құрған ер-азамат­тар қай­да қазір? Сендер соны бі­ле­­сіңдер ме?..

Әжемнің көзінен қос тамшы жас ыршып түсті.

– Қараңқалғыр қу дүниені қабыр­ғаға іліп, әспеттеудің кере­гі жоқ енді!.. Жерге төсең­дер дегенім, ең болмаса, аяқ­тарың жылы жүрсін!

Нұрғали ОРАЗ, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар