• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Қаңтар, 2018

Әдебиеттің әңгімесі: Шәкәрімтану тағылымы

883 рет
көрсетілді

Жақында бір ғасыр бұрын Алаш арыстары ту тіккен Алаш қаласы Семейде «Абай музейінің хабаршысы» ғылыми-танымдық журналының кезекті саны жарық көрді. Журналдың толықтай шығарылымы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы мен өміріне қатысты фотосуреттер, архив құжаттары мен деректерге арналып отыр. 

 

Аталған журналдың түрлі-түсті бояумен безендірілген не­гізгі беттері кемеңгер тұл­ғаның ғұмырбаянынан ерекше орын алатын киелі жер­лердің фотосуреттерімен, ақын­ның ақталуына байланысты табылған дерек пен дәйекке толы құжаттармен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. 120 беттен тұратын басылымдағы ғылыми мақалалар мен зерделі зерттеулер Шәкәрім өлеңдерінің бір-бір тармағы бойынша тақы­рыпша болып, арнаулы 10 тарауға бөлініп берілуі ізденуші оқырман үшін үлкен пайдасын тигізіп, ыңғайына қарай жеңіл оқылады.

Алғашқы «Адамдық боры­шың – халқыңа еңбек қыл» тарауындағы Абай қорық-музейі­нің директоры Болат Жүніс­бековтің «Келешекпен тіл­дес­кен кемеңгер» атты мақа­ласы тұтастай Шәкәрім Құдай­бер­діұлына арналып жарыққа шығып отырған журнал санының алғысөзі іспетті басылып, ав­тордың ақын өлеңдеріне, жалпы шығармашылығы туралы идеясы оқырманға ой салады.

Осы айдардағы «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 22 сәуірдегі №121 санында жарияланған Алаш арысы Әлихан Бөкейханның «Қал­қаман-Мамыр» атты мақа­ласын сол дәуірдегі Шәкәрімнің «Қал­қаман-Мамыр» поэмасы­мен қатар жалпы ақын шығар­машылығына берілген ең алғаш­қы лайықты баға, соған қоса зиялы қауым өкілдерінің парасатты пікірі есебінде қабылдауға болады. Осы айдардағы белгілі әдебиеттанушы ғалым, профессорлар Арап Еспенбетовтің «Ұлылықты тануға ұмтылыс» және Балтабай Әбдіғазиұлының «Шә­кәрімтану: ізденістер мен жетістіктер» атты мақа­лала­ры арқылы Шәкәрім Құдай­бер­діұлының ақталғаннан бері шығармашылығының халыққа жетуі, таралуы мен әдебиет саласындағы ақын мұрасының зерттелуі хақында танымдық дүниелерге қанығуға болады. 

Қызығушылық танытқан оқырмандар Ғарифолла Есімнің «Солон және Шәкәрім», Мекем­тас Мырзахметұлының «Шә­кәрімдегі жантану ілімі», Сиирт университетінің (Түркия) философия докторы (PhD) Илияс Эрпайдың «Дін тазасын діннен ізде» мақалаларымен бірге ойшыл Шәкәрімнің философиясына үңіле алады.

Қуат ҚИЫҚБАЙ,  Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің ғылыми қызметкері