• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Ақпан, 2018

Астана – әлем назарында

861 рет
көрсетілді

Ядролық қарудан  бас тартқан Қазақстан өз тәжірибесімен бөлісті

Өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан мемлекеттер көп емес. Со­лар­дың бірі – ядролық қоры әлем бой­ынша төртінші орында болған Қазақстан. Nikkei басылымына берген сұхбатында Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров уақыт бұл шешімнің дұрыс бол­ғанын дәлелдегенін айтты. «Біз бұл шешімді мақтан тұтамыз», деді ол.

1 қаңтарда Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағалығын бас­тады. Бұл Астана үшін үлкен дипломатиялық импульс болды. Бұған дейін Қазақстан Сириядағы мәселеге бай­ланысты келіссөздер жүргізу ала­ңы­на айнал­ғаны белгілі.

Қазақстан 1991 жылы тәуел­сіздігін алғаннан бері жылдам дамуда. Бұл үлкен жетістік, себебі Қайрат Ома­ров­тың айтуынша, ол кездері бюд­­жет­те қаржы болмаған және ин­­фля­ция 200 процентке жеткен. Сон­дай қи­ын­дықтарға қарамастан, мем­лекет яд­ро­лық қарусыз жолды таң­дады. «Нұр­сұл­тан Назарбаев біз әлем­ге ядролық қа­руымызбен емес, эко­номикалық қу­атымызбен көзге тү­су керекпіз деп айт­ты», деді Қайрат Омаров.

18 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбы бойынша жоғары дең­гей­де­гі пікірталас кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның таңдауы басқа мемлекеттерге үлгі бола алатынын айтты. «Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, халықаралық аренада жоғары беделге ие болды. Біз Солтүстік Кореяны осы жолды таңдауға шақырамыз», деді ол.

Қазақстандағы жасөспірімдер арасында цифрлы сауаттылық жоғары деңгейде

Қазақстанның Нархоз универ­ситеті технологияға жақын Z ұрпақ туралы әлеуметтік зерттеу жүргізіпті. Олар Астана мен Алматыдан басқа 6 ірі қалада 14-17 жас аралығындағы 1500 жас­өспірімге сауалдама өткіз­ген. Сауалдама нәтижелері бұл ұрпақтың от­басы, денсаулық пен мансапты бас­ты орынға қоятынын көрсетті.

Z ұрпағы дұрыс тамақтану мен саламатты өмір салтына көп көңіл бө­леді. Сондай-ақ жасөспірімдер тех­нологиялардың өз өміріне әсерін то­лықтай біледі. Зерттеу нәтижелері көр­сеткендей, Қазақстандағы цифр­лы сауаттылық пен әлеуметтік же­лілердегі белсенділік жоғары дең­гейде. Сонымен қатар Нархоз сау­ал­­дамасы жастардың университет­ке бар­ғысы келетінін, шәкіртақы алу арқылы шығындарын азайтқысы келетінін көрсетті.

Қазақстан жастары ақпарат қыз­ме­тінің бас директоры Ирина Мед­никова жастардың көбі ата-анасынан да көп ақша таба ала­тын­дарына сенімді екенін айтты. «Олар жаһан­дық ең­бек нарығы экономикаға қарай тез бейім­де­летінін жақсы түсінеді», деді ол The Diplomat-қа берген сұхбатында.

Астанадағы түркі кітапханасында 50 мың кітап бар

Қазақстандағы Түркі кітапха­на­сының қоры он жылдың ішінде 50 мың кітап пен қолжазбаға жетті. Сондықтан да отандық және шетелдік сарап­шылар, түркі тақырыбын зерт­теуші студенттер кітапхана көме­гіне көптеп жүгінетін болған.

 Астанадағы Бейбітшілік және ке­лісім сарайындағы Түркі кітап­х­а­на­сын­да мыңдаған кітап пен қол­жазба кө­шірмесі бар. Бұл кі­тап­ха­наның мақсаты – түркі зерт­теу­шілерінің арнайы қорын құру.

Кітапхана мамандарының айтуынша, кітапханаға Астанадағы мамандар ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларында оқитын студенттер, шетелден келген зерттеушілер, әсіресе венгрлер жиі келеді екен.

2010 жылы кітапхана ашылғанда мұнда Қазақстан ғылыми кітап­ха­насынан алынған 1500 кітап, Түр­кия­дан әкелінген 850 кітап қана бол­ған. Қазір ол 50 мыңға жетті.

 

Дайындаған

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, 

«Егемен Қазақстан»