Бұл өмірде кім қателеспейді, кім шалыс баспайды. «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демей ме халқымыз. Осы халықтық көзқарас тұрғысынан келсек, сотталғаннан кейін жазасын өтеп келген жандарды қоғам өзекке теппесе керек.
Керісінше, моральдық-психологиялық және әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан тиісті көмектер берілсе, олар еркін өмірге тез сіңісіп кетері анық. Осы орайда елімізде бас бостандығынан айыру орындарынан босағандар, ең алдымен, пробация қызметінің есебіне алынады. Бұл ретте Мұғалжар ауданының орталығында өткен жылы ашылған «Пробация үйі» тіркелген тұлғаларға өз шапағатын тигізіп келеді. Соның нәтижесінде бірқатары жұмыспен қамту орталығы арқылы құрылыс жұмыстарына тартылса, тағы бірі тепловоз машинасының көмекшісі мамандығын алу үшін өнеркәсіп колледжіне жолданған. Сондай-ақ жеті тұлғаға белгіленген көлемде тегін медициналық көмек көрсетілген. Келесі кезекте олардың қатарын «Жасыл ел» жасағының сапына жұмысқа орналасқандар мен «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша оқу курсына қабылданғандар және құқықтық, соның ішінде қорғаушының көмегін алғандар құрайды.
Осы жоба биыл да жалғасын тауыпты. «Пробация үйінің» қызметі «бір терезе» қағидатына негізделген. Соған сәйкес мемлекеттік қызметтер мен рәсімдер оңайлатылған түрде көрсетіледі. Пробация қызметінің есебінде тұрғандардың қай-қайсысы да әлеуметтік-құқықтық көмектен тыс қалып көрген емес.
Мұндағы басты мақсат – жазасын өтеп келгендердің қайтадан қылмыс жасауға ұмтылу әрекеттерінің алдын алу, қылмысқа итермелейтін себептерге жол бермеу және бас бостандығынан айыру орындарынан босағандардың қоғамдық өмірге тезірек бейімделіп кетуіне жағдай жасау, дейді Ішкі істер министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы Гүлсезім Ешмағамбетова.
Жоғарыда айтылғандай, жазасын өтеп келгендерге арнайы квота бойынша белгілі бір жұмыс орындары ұсынылады. Бұл тәртіп пен жүйе әлеуметтік дамыту бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде белгіленген. Бұған қоса пробация қызметі есебіндегі тұлғаларды қажет болған жағдайда кешкі мектептерге жіберу көзделген. Бостандыққа шыққандар да барлық республика азаматтары секілді зейнетақы мен жәрдемақы ресімдеуге және өз бизнестерін ашып, несие алуға құқылы. Мұғалжардағы пробация қызметінің жанашырлары мұндай жағдайда тиісті көмек көрсетуді қызмет дағдысына айналдырып отыр.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Мұғалжар ауданы