200 миллион АҚШ доллары. Бұл жыл сайын отандастарымыздың ем іздеп барып, шетел медицинасына құятын қаржысы. Яғни Қазақстанның денсаулық сақтау саласына құйылуы да мүмкін болған 68 млрд теңге.
Жалпы, еліміз денсаулық сақтау саласын дамытуға ІЖӨ-нің 2,7%-ын ғана жұмсайды. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабы ең кемі 5% болуын көздейді. Бүгінгі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің бір себебі де қаржыландыруды сол әлемдік межеге жеткізу. Бұл туралы «Хабар» телеарнасының эфирінен шығатын «Білу маңызды» хабарында Бексұлтан Тұтқышев мырза айтқан болатын. Халықтың қалтасынан қазынаға түсетін қаржы мәселені түбегейлі шеше ала ма? Статистиканы сөйлетіп көрейік. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмысын бастағалы шілде-қазандағы 4 айда түсімдердің жалпы сомасы 18,6 млрд теңгені құрапты. Яғни 1 жылда 60 млрд теңге айналасында ақша жиналмақ. Денсаулық сақтау саласының бюджеті үшін бұл түсім болғанымен, қоғам қалтасына – шығын. Оған жоғарыда айтып өткен 68 млрд теңгені тағы қосыңыз. Себебі міндетті медициналық сақтандыруға ақша төлегенімен, бұл барлығы өз елімізде емделеді деген сөз емес. Ниеті болған жағдайдың өзінде кей науқастар шеттен шипа іздеуге мәжбүр. Егер еліміздегі медициналық көмектің сапасы жоғары болса, сыртқы медициналық туризмге кеткен қаражат өз клиникаларымызға қосымша капитал болар еді де, елден алар алым да азаяр еді. Одан бөлек біздің дәрігерлерді іздеп келер шетелдіктердің қатары да көбейер еді. Ал экономика үшін әр пациент – табыс көзі.
Медициналық қызметті экспорттаудың мүмкіндігі орасан. Сарапшылардың бағалауынша, медициналық туризмнің әлемдік нарығы 2022 жылға қарай 143,8 миллиард долларға жетеді. 2015 жылдың өзінде бұл көрсеткіш 43 млрд долларды құраған. Осы нарықтан әр ел өз үлесін алуда. Мәселен, медициналық туризмнің дәстүрлі көшбасшылары Германия жылына 70 мыңға, Израиль 30 мыңға жуық емделушіні қабылдаса, бұл нарыққа кейін қосылған Үндістан медициналық туризмнен 1 жылда 3 млрд, Таиланд 2 млрд доллар табыс тапқан екен. Ал Қазақстан клиникаларында өткен жылы 5 мыңнан аса шетелдік азамат медициналық көмек алған. Десек те бұлардың бәрі бірдей елімізге ем іздеп келгендер емес, көпшілігі республика аумағында қызмет бабымен жүргендер екенін естен шығармау керек. Ендеше өз сұранысымызды толық игере алмай отырып, өзгелердің назарынан дәметкеніміз қаншалықты орынды?
Қазақстан клиникалары – ТМД елдері арасындағы медициналық техникамен жабдықталуы мейлінше жетік, құрал-жабдықтары жаңа клиникалар. Денсаулық сақтау саласының бүгінгі жетістігі деп Астана қаласында озық технологияларды қолданып, әлемдік стандарттарға сай операциялар жасайтын ұлттық орталықтары бар медициналық кластердің құрылуын айтуға болады. Медициналық холдингтің заманауи клиникалары америкалық Біріккен халықаралық комиссияның – JCI (Joint Commission International) аккредиттеуінен өткен. Медициналық қызмет көрсетудің жоғары сапасын көрсететін, әлемдегі ең абыройлы аккредитацияны ТМД кеңістігінде бірінші боп алған да Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы болатын. Ем іздеген туристер көп баратын көшбасшы елдердің бәрі бірдей мұндай аккредитациямен мақтана алмайды. Сөйте тұра, өз азаматтарымыз көршілес өзбек елінен ем іздеп, қалтасы қалыңдау болса Үндістан, Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапурға сапар шегіп, жағдайы жақсылары Дубай, Израиль, Германия секілді елдерді жағалайтыны жасырын емес. Сондағы себеп не?
Басты себеп – баға мен сапаның сәйкестігін іздеу. Медициналық туристер арасындағы ең сұранысқа ие қызмет түрі – толық базалық тексеріс, checkup елімізде 70 мың теңгеден басталса, Үндістанның ең үздік клиникаларында 100-300, Оңтүстік Кореяда 1500-5000 доллар шамасында. Ал еліміздегі ұлттық орталықтар болмаса, көп медициналық мекемелердің қызмет сапасы көңіл көншітпейтіні жасырын емес. Кезек күтіп сарылатынымыз және бар.
Екінші себеп, мамандардың біліктілігі. Еліміздің кардиохирургия, нейрохирургия, онкология, трансплантология салалары әлемдік қоғамдастық алдында мойындалып үлгерді. Бұрын шетел клиникаларына жолдауға мәжбүр болған пациенттер қазір өз елімізде-ақ толық ем ала алады. Мәселен, 2016 жылы осы мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінсе, былтыр бұл соманың 30%-ға азайып, шетелде емделуге жататын сырқаттар тізімінің қысқарғаны сөзіміздің айғағы. Десек те, ел медицинасының қауқары жетпейтін жағдайлар әлі де бар. Бұған аймақтардағы дәрігерлік кадрлардың кәсіби білігінің кемшін түсіп жатқаны да аз ықпал етіп жатқан жоқ.
Сондай-ақ әрі ем алып, әрі демалып қайтуды қалайтындар мен шетел клиникаларын қолайлы көретін элиталық топтар да бар. Өкінішке қарай, Қазақстан қоғамы шетелде ем қабылдауды әлеуметтік мәртебе мен абырой санайтын санадан әлі арылған жоқ. Әйтпесе, ел медицинасы тұралап қалған жоқ. Медициналық холдингтің 7 бірдей клиникасына JCI сертификаты еш сараптаусыз беріле салмады. Жоғарыда айтып өткендей, медициналық туризмнен орасан зор табыс тауып отырған елдердің осы аккредиттеуден өткен клиникалары санаулы. Мұндай медициналық мекемелердің ең көп саны Түркияда шоғырланған – 49. Ал Германияда – 4, Израильде 6 клиника JCI сертификатын алған. Ендеше Қазақстан медицинасының туристік әлеуеті неге әлсіз?
Былтыр қазан айында Үндістанның Кремний аңғары аталған Бангалор қаласында Сауда және индустрия министрлігі, FICCI кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен медициналық туризм тақырыбында халықаралық саммит өтті. Әлемнің 70 елінен 600 делегат қатысқан шарадан байқағаным, Қазақстанның медициналық қызметті экспорттаушы ел ретіндегі насихаты ақсап жатыр. Турист тарту үшін медициналық қауымдастықты былай қойғанда, кез келген ортада ақпарат жеткілікті және қолжетімді болуы тиіс. Мәселен, ресейлік бір беделді медициналық басылымның басшысы Қазақстанда трансплантология тәжірибесі атымен жоқ деген пікірде жүр екен. Демек, орыс және шетел тілдеріндегі насихатты күшейту керек және ол кез келген қасаң көзқарасты жоққа шығаратындай дәлелді болуы тиіс. Бұған қоса клиникалар, ішкі медициналық туризм нарығының қатысушылары әлемдік нарықтың өзгерістерін, көршілес елдердің денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтарды жіті бақылап, соған сай стратегия құрғаны жөн. Мысалы, Өзбекстанда экомен ұрықтандыруға тыйым салынғалы көршілеріміз Үндістан мен Оңтүстік Кореяның көмегіне жүгінеді. Ал бұл қызмет түрі ел медицинасының ең сүйінішті саласының бірі болып табылады.
Тағы бір тежеуші фактор, туристік инфрақұрылымның қалыптаспағаны. Шетелдік клиникалардың ішінде ем алуға келгендер мен оның жанындағы сүйемелдеуші адамдар орналасатын қонақжайлар қарастырылған немесе клиникаға жақын маңда баға диапазоны әртүрлі қонақүйлер шоғырланған. Оған қоса, шетелдік қонақтармен байланыс жасайтын бөлімдері әуежайдан күтіп-шығарып салатын трансферді, аудармашылармен қамтамасыз етуді, жалпы сервисті жақсы жолға қойған. Ал еліміздегі әуе тасымалдаушыларының, қонақүйлер мен мейрамханалардың бағасы жоғары, кей жағдайда сервиске сын айтуға келмей жатады. «Medical travel» журналының деректеріне сенсек, жылына медициналық туризм бойынша 30 миллиондай сапар ұйымдастырылады екен. Ем алу үшін аттанған туристің жалғыз жүрмейтіні белгілі. Демек, елге келген емделушінің әр локациясы, алған әсері айта жүрерліктей жағымды болуы тиіс.
Сондай-ақ қыруар қаржы айналып жатқан әлемдік медициналық туризм нарығында еліміздің беделін көтеру үшін ішкі нарықтағы бәсекелестікті арттыру қажет. Мұның бір жолы – шетел инвесторларын тартып, әлемдік мойындалған клиникалардың филиалдарын ашу. Сингапур, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, сияқты елдер осы тәжірибені ұтымды пайдаланып отыр. Аталған елдердегі неміс, француз, жапон клиникалары ел медицинасының тартымдылығын арттыруға өз үлесін қосуда. Алайда Қазақстан-Үндістан іскерлік кеңесінің бірлескен төрағасы Ажмат Әлімовтің айтуынша, осы бағытта Қазақстанға инвестиция тартуға, екі ел арасындағы бизнес-құрылымдардың тығыз жұмыс істеуіне бірқатар кедергілер бар. Соның бірі – іскер азаматтар үшін еліміздің көші-қон заңнамасының талаптарын жеңілдету әлденеше рет күн тәртібіне шығарылып келеді. Әзірге нәтиже жоқ.
Осы орайда өзіміздің табиғи-туристік әлеуетімізді де медициналық мақсатқа жұмылдыру ойға оралады. Азия нарығының бір ерекшелігі, ғылымға негізделген медициналық қызметпен қатар дәстүрлі емді нарыққа шығаруы. Әсіресе Қытай медицинасы мен Үндістанның аюрведасы үшін арнайы келетін емделушілер саны жыл санап артуда. Сол секілді Катонқарағайдағы панты емін, Бурабайдың ауасы мен Сарыағаштың суын, Алакөлді және басқа да толып жатқан емге дәру, жанға шипа болатын табиғи орындардан жоғары стандарттарға сай емдеу-сауықтыру орындары ашылса жөн еді. Қазіргі бар оңалту орталықтарының қызметі саннан сапаға өту үшін әлі қыруар жұмыс атқарылуы керек. Бірақ, инфляция жоғарылап, медицинаның құны көтеріліп, денсаулықтың қадірі өткен қоғам бүгінде профилактикаға көп көңіл бөле бастағанын байқамау мүмкін емес.
Содан да болар бұрын шетелде ем алу десе, алдымен есімізге АҚШ пен Батыс елдері түссе, бүгінгі бағыт Шығысқа ойысқан. Олар жаңадан пайда болған жоқ, бұрыннан бар. Тек медициналық туризмнің дамуы аймақтық сипатқа ие. Бұрын АҚШ пен Еуропа елдерінің медицинасы теңдессіз саналса, қазір Шығыс елдері бәсекеге қосылды: арзан әрі сапалы. Қымбат операциялар үшін америкалықтар мен еуропалықтардың көбіне Тайвань, Үндістан мен Таиландты таңдауы біз үшін қолайлы үрдіс. Экономикалық қуаты орасан медициналық туризм саласын дамыту ел медицинасының сапасын көтеріп қана қоймай, бүкіл туризм саласының дамуына әкеліп, нәтижесінде азаматтардың әл-ауқатының артуына мүмкіндік береді. Бұл үшін медициналық ұйымдардың, мекемелердің жұмыс істеуі жеткіліксіз, жекеменшік сектор да іске кірісуі керек.
Салтанат ҚУАНЫШБАЕВА,
журналист