«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысына облыстық филиал басшылығы мен аппаратының қызметкерлері, бюросы мен саяси кеңесінің мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары, партияның аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, облыстық департаменттері мен басқармаларының басшылары қатысты.
Кеңейтілген отырыста «Нұр Отан» ХДП-ның «Қазақстан. 2017. Мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты сайлауалды тұғырнамасының жобасы туралы «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев баяндады. Ол 2012 жылдың 15 қаңтарында өтетін Парламент Мәжілісінің кезектен тыс және мәслихаттар депутаттарының сайлауы маңызды саяси шара екенін айта келіп, елдегі ең ықпалды саяси күш – «Нұр Отан» ХДП-ның сайлауалды тұғырнамасына жан-жақты тоқталды.
Тұғырнаманы талқылауға қатысқан «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық автомобиль жолдары департамантінің директоры Бағлан Баймағамбетов, «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахат Мырзалин, Бейбітшілік пен келісім кеңесі облыстық бөлімшесінің төрағасы Келдібай Еспағамбетов және басқалары партияның сайлауалды тұғырнамасы туралы ойларын ортаға салып, оны ел дамуына қызмет ететін бағдарламалық маңызға ие құжат ретінде бағалады.
Отырыста үстіміздегі жылғы 25 қарашада Астанада өтетін «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс XIV съезіне өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып жүрген 28 партия мүшесі делегат болып сайланды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.