Биыл Жамбыл өңірінде бұрын-соңды болмаған қыс болып, сарышұнақ аяз елді әбігерге салуда. Тіпті облыстың Мойынқұм, Сарысу, Талас секілді шалғай аудандарында күннің суықтығы 30 градустан асты. Кейбір ауылдардағы мектептерде сабақ тоқтатылды. Балалар түгілі ересек азаматтардың өзінің жұмысқа барып-келуі қиындық тудырып тұрған кезде Сарысу ауданы Жаңатас қаласында қала тұрғындары үшін «Тегін такси» қайырымдылық акциясы бастау алды.
Аталған акция аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің инспектор маманы Бауыржан Балғабайдың бастамасымен басталып, жаңатастық жастардан қолдау тауыпты. Әуелі акцияны ұйымдастырушылар Жаңатас қаласындағы «Айгөлек» балабақшасының тәрбиеленушілері мен олардың ата-аналарын тұрғылықты мекенжайларына жеткізу ісін қолға алған. Сөйтіп ел разылығына бөленген жастар әлі де бұл акцияның жалғаса беретінін айтуда.
Айта кетейік, аталған шараға 7 автокөлік жұмылдырылған екен. Акция барысында жүзден астам ересек азаматтармен қатар балалар да үйлеріне тегін жеткізілген.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы