Атырау облысындағы мектептер робот-техника кабинеттерімен жабдықталуда. Қазір аймақта осындай он кабинет бар және бәрі Атырау қаласында. Ауылдағы балалардың да заман ағымынан тыс қалмай, технология жетістіктерін танып, біліп өсулеріне көңіл бөлінбек. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талдау мақсатында Атырау мұнай және газ университетінде өткен дөңгелек үстелде облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова осы бағытта қолға алынып жатқан шаралар туралы айтты.
– Мектептердің материалдық-техникалық базаларын жаңартуға 2018 жылға 1 млрд 200 млн теңге бөлінді. Барлық ауданда робот-техника кабинеттері ашылады. Физика кабинеттері жаңғыртылады. Елбасы Жолдауында цифрлы технологияны дамыту, кең жолақты интернетпен қамту және мектептерді бейнеқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарына ерекше мән берілген, осы мақсатта Атырау облысында да жұмыстар жалғасады, – деді Нұрсәуле Сайлауова.
Қазір облыстағы 193 мектептің 141-і кең жолақты интернетке қосылған. Шалғай елді мекендерде орналасқан 21 шағын жинақты мектеп интерактивті құралдармен жабдықталып, Атырау қаласының 10 мектебінде «Робот-техника» курсы қанатқақаты жоба ретінде бастау алды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау облыстық филиалы мен Мұнай және газ университеті ұйымдастырған дөңгелек үстелде Елбасы Жолдауында айтылған адами капиталды дамыту жайы кеңінен талқыланды. Университет ректоры Әли Әбішев кәсіптік білім беру бағдарламаларына өзгерістер енгізілгеніне және тәжірибе алмасу үшін шетелдерден мамандар шақырылғанына тоқталды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев Мемлекет басшысының цифрлы білім беру ресурстарын дамыту туралы тапсырмасын орындауға аймақта мүмкіндік көп екенін баяндай келе, «Мемлекеттік қызмет көрсету де электронды түрге көшуде. Бүгін бізде ТМД елдерінде қолданыста жоқ Еgov.kz жүйесі жұмыс істейді. Компьютерде ғаламтор желісін пайдалануды үйрену үшін «Интернет – сіз үшін!» жобасы да бар. Осындай жағдайды пайдалана отырып, әрбір адам цифрлы технологияны толық меңгеруге ұмтылуы керек. Бұл – заман талабы», деді.
Шарада Ассамблея мүшелері де Елбасы Жолдауына қолдау білдірді.
– Қандай міндетті іске асырсақ та, біздің басты күшіміз бірлікте болуы керек. Елбасының қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгеру керектігі жайлы айтқаны көкейіме қонады. Жолдаумен толық танысып шықтым. Қазақ елінің қарыштап дамуы жолында бәріміз бір үйдің баласындай атсалысуға тиіспіз, – дейді «Тхоньил» корей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Людмила Ли.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ