• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Ақпан, 2018

Орман қоры ойдағыдай қорғалсын

1526 рет
көрсетілді

 Қазынаны қорғау – қасиетті іс. Ұлы дала төсінде жайқалған әсем табиғаттың өзі – ұлттың киелі қазынасы, баға жетпес байлығы. Ал сол қазынаның көлденең келер қауіп-қатерден қорғалуы кейде көңіл көншітпей жатады. Қазақтың «Бір тал кессең – он тал ек», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген өсиет сөздері табиғатты қорғаудың терең пәлсапасын түсіндіргенімен, оның іске асуы көп жағдайда қиындап қала береді. Әсіресе жер аяғы кеңіп, бәйшешек гүлдеген шақтан бас­тап, жадыраған жаз мезгілінде де табиғатты тосын қатерден қорғау мәселесі күн тәртібіне шығады.

Өрт қауіпсіздігі – өзекті мәселе

Жамбыл облысының 30,8 пайызын, яғни 4,4 миллион гектар жерін орман қоры алып жатыр. Оның ішінде 2,2 миллион гектар орманды жерлер болып саналады. Алайда осыншама ен байлықты ерекше қастерлеу, қауіп-қатерден қорғау жағы кемшін болып тұр. Олай дейтініміз, былтырғы жыл­дың өзінде өрт қаупі өршіген маусымдарда облыстың орман қоры жерлерінде 7 бірдей оқиға тіркелген. Жалпы аумағы 11283,4 гектар жерді өрт шарпып, бұдан келген шығын көлемі 10 миллион теңгеге жуықтаған. Мамандар ауқымды аумақтардың отқа орану себебін күннің ыстықтығы мен техникалардың жетіспеушілігінен деп түсіндір­генімен, бұл өрт оқиғасына жауап­­ты мекемелер мен аудан әкімдерінің немқұрайды әреке­тінен туындаған жайлар болатын. Биыл маусым айында Шу және Мойынқұм аудандарының аума­ғындағы орманда өрт шығып, оны ауыздықтауды қос аудан бір-біріне сілтеуден әрі аспаған еді. Өрт шыққан Қосқұдық айма­ғының өздеріне тиесілі жер емес екенін алға тартқан.

Қосқұдықтағы қатерлі оқиға облыс­­тың орман қорғау саласында өзекті мәселеге айналды. Мұнда Мойынқұм ауданының әкімдігі техникалармен және адам күшімен былтыр 23 маусым күні күндізгі сағат он шамасында басталған өртті таңғы төртте бір-ақ сөндірген. Ал Шу ауданының әкімдігі тек адам күшін ғана тартқан. Осы орайда бұл болымсыз әрекет талай басшыға сабақ та болған еді. Облыс бойынша орман шаруа­шылығы мекемелерінің 4 директоры тәртіптік жазаға тартылып, бұл мәселеге тікелей жауап­ты 2 маман жұмыстан боса­тылған болатын. Сол сияқты директордың орынбасары да қызметінен төмендетілген. Бірақ бұдан ешқандай мәселе ше­шілмеуі мүмкін. Айналып келгенде жауапкершілік пен тынымсыз еңбек ұштасса ғана, нәтиже болмақ.

Келеңсіз жайт кедергі тудырады

Облыстық орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Мейірхан Сатыбалдин аталған мекеме тарапынан орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері мен кәсіпкер­лік нысандарына былтыр 87 тексеру жүргізілгенін айтып отыр. Нәтижесінде 25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылса, рейдтік тексерулер барысында 268 дерек анықталған. Бұл орайда тиісті жауапты тұлғаларға 3 миллион 205 мың теңге көле­мінде айыппұл салынған.

Жалпы, табиғат қорғауға байланысты заң талаптарын орындау мен орман шаруашылығы заңнамаларын сақтау – басты мәселе. Бірақ кейде заң талаптары ескерілмей, заңнамаларды бұзу әрекеттері жиі орын алып ке­теді. Өңірде осындай бірқатар келең­сіз әрекеттер анықталып, орман ша­­руашылығы заңнамаларын бұзу­шы­лар 3 миллион 336 мың теңге көле­мін­де айыппұл арқалаған.

Еліміздің «Қызыл кітабына» енген сирек жануарларды ату да табиғатқа және қоршаған ортаға едәуір залалын тигізеді. Бұл қазақтың қанында ежелден қалып­тасқан аңшылық дәстүрдің жалғасы емес, әрі асқанда пай­дакүнемдік болуы мүмкін. Бірақ табиғаттың тіршілік иеле­рін есепсіз атқандарға тосқауыл қою қажеттігі, оларды құрықсыз қал­дырмау мәселесі күн тәртібінде. Мысалы, өңірде «Қызыл кітапқа» енген жануарларды ату бойынша 3 қылмыстық іс тіркелген. Оның бірін жасаған шетел азаматына 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, автокөлігі тәркіленіп, өзінің еліне қайтарылғаны белгілі болды.

Келеңсіз жайт кедергі тудырады. Талап болмаса тірліктің өнбейтіні де содан. Орман қорғау­дағы тағы бір келеңсіздік ретінде орман шаруа­шылығы мекемелерінің орман қоры жерлерін жайылымдық пен ша­бындыққа ретсіз бөлуде екені айты­лып келеді. Осының салдарынан даланы мекен еткен сирек кездесетін жануарлардың көбі көрші Қырғыз еліне ауып кетіп жатыр. Жамбыл ауда­нының орман қоры аумағында орна­ласқан «Ботамойнақ» аңшы­лық шаруашылығы бар. Алайда аталған мекеме тиісті органдармен жануарлар өсімін молайтуды және тыныштық аймағын орнатуды келіскенмен, аумақтағы жерлерді мал жайылымы үшін бергені анықталып отыр. Сөйтіп мұндай келеңсіздік жабайы жа­нуар­­­лардың көбеюіне кедергі болуда.

 Соңғы жылдары өңірдегі өзендер мен көлдердің арнасынан асып-тасуы қалыпты жағдайға айналып кеткендей. Мәселен, Талас, Аса өзендерінде көктем мезгілінде су көбейіп кеткен кезде балықтардың сумен ағып кетіп, қырылу қаупі туындайды. Бұл келеңсіздіктің бәрі де облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы аудан­дық бөлім­шелерінің балықтарды құт­қару жұмыстарын талапқа сай ұйым­дастыра алмағанынан болуда.

Сексеуілдер сүргіні азаюда

Бұл күнде көптеген елді мекен­дерге көгілдір отын жеткі­зіліп, сондағы халық пеш тазалап, от жағудан құтылса да кейбір ел әлі де от жағуға мәжбүр. Ол үшін отын мәселесі басты назарда. Сонымен қатар күндіз-түні дамыл көрмей жұмыс істейтін мейрамханалар да отынды қажет етеді. Сондықтан көп жағдайда сексеуіл саудасы қыза түседі.

Жамбыл өңірінің Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарының алқап­та­рын сексеуіл ағашы жайлаған. Алайда табиғаттың ен байлығына баланған ерекше отынды кесуді, ұрлауды бол­дыр­мау да орман қорғаудағы оң істерге жатады. Бірақ өткен жылы 140 текше метр сексеуіл заңсыз кесіліп, тіркелген. Ал биыл сексеуілге байланысты қуа­нышты жағдайды облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мақ­сат Зәуірбеков айтып отыр. Оның айтуынша, сексеуілді кесуге, сатуға қатысты заңнама та­лап­тары күшейтіліп, орман шаруа­шылығы тарапынан қатаң бақылауға алынуының нәти­жесінде биыл бұл көрсеткіш 70 тек­ше метрге азайған. Бірақ әлі де сексеуілді сындырып, кесіп, ұрлап, әй­теуір қулығын асырып жүргендер баршылық.

Мойынқұм ауданы – өңірдегі шал­ғай ауылдардың бірі. Құмды, сек­сеуілді даланың қысы да қатты. Бұл орайда жергілікті ха­лық­қа көмір жеткізу де аса күр­делі мәселе. Оның үстіне мұн­да көгілдір отын желісі тар­тыл­маған. Енді тұрғындарға көп­жыл­­дық сексеуілдерді кесуге, шірік­терін пайдалануға рұқсат берген дұрыс. Әрі сексеуіл саудасын болдыр­мау мәселесінде орманшылармен қатар, әрбір қарапайым азамат табиғат таза­лығына, оның көркіне, жалпы тағ­дырына жауапты екенін сезінсе, ен даланың ерен байлығы сақталады.

Түйін

Облыс бойынша орман қоры жерінде 51 өрт сөндіретін топ құрыл­ған. Оның құрамында 404 жасақ бар. Сонымен қатар елді мекен­дерде 2180 адамнан құралған 171 ерікті өрт сөндіруші құры­лым ұйым­дастырылған. Бұдан бөлек, өртке қарсы автомашиналар, соқалы тракторлар, тіркемелі әмбебап цис­тер­налар да қарастырылған. Бірақ облыс аумағында орманды қорғау ойда­ғыдай болмай келеді. Ағымдағы жылғы бір ғана өрт оқиғасы мемлекетке миллиондаған шығын кел­тірумен қатар, табиғаттың да тынышын алған жай болды. Енді мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін орман ойдағыдай қорғалса екен дейміз...

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облыс