Елімізде газ, электр энергиясы тарифтеріндегі айырмашылық кейбір өңірлерге артық салмақ салуда. Нақты айтқанда Оңтүстік Қазақстан облысында тарифтердің құны өте жоғары деңгейде. Бұл облыстағы халықтың әлеуметтік жағдайына, шағын, орта және ірі бизнестің дамуына кері әсерін тигізіп, өндірістің дамуын тежейтін фактор болып отыр.
Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы табиғи газ тарифі 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап бір мың текше метрге жеке тұлғалар үшін – 34 475,20 теңге, заңды тұлғалар үшін – 36 103,97 теңге, жылу энергиясын өндіретін заңды тұлғалар үшін – 25 148,26 теңге болып белгіленген. Ал Ақтөбе облысында жеке тұлғалар үшін осы тариф – 8,4 мың, Маңғыстау облысында – 9,4 мың, Қызылорда облысында – 19,9 мың, Жамбыл облысында – 26,1 мың теңге. Бір елде отырып осынша көп айырмашылыққа жол берілуінің өзі көп сұрақтар туындатады. Біздің Оңтүстіктің тарифі көршілес Өзбекстандағыдан тіпті 3 есе артық.
Электр энергиясы тарифтерінің де айырмашылығы үлкен. Ал орташа жалақы мөлшерінің деңгейі Оңтүстікте басқа облыстармен салыстырғанда төмен деңгейде қалып отыр. Мәселен, ол ОҚО-да 98,9 мың теңге болса, БҚО-да 136,3 мың, ШҚО-да118,6 мың, Қызылордада 117,9 мың теңгені құрайды.
Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы экономикалық жағынан белсенді халықтың жұмыспен қамтылғаны 42,2%-ды құраса, ал күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар тұрғындар 31,3%-ды құрайды.
Республикамыздағы шағын және орта бизнестің ең үлкен үлесі – 15,3 % Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі екенін ескерсек, тарифтердің өсуі халықтың ең тығыз орналасқан өңірі өндірген тауарлардың өзіндік құнының жоғары болуына, бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне, өңірге инвесторлардың келуін азайтуға және жеке кәсіпкерлердің басқа өңірлерге ауысып кетуіне әкеліп соғуда.
Осыған байланысты біз Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, Оңтүстік Қазақстан облысын табиғи газбен қамтамасыз етудегі ерекшеліктерді ескере отырып және өңірлер арасында газ, электр энергиясы тарифтеріндегі бағалық айырмашылықты төмендету мақсатында елімізде бірыңғай орта тариф енгізу мәселесін қарастыруды сұрадық. Бұл Оңтүстік өңірдің экономикалық дамуына оң ықпал ететін үлкен фактор болар еді деп санаймыз.
Әлімжан ҚҰРТАЕВ,
сенат депутаты