Спорттық резервтерді дайындау ісіне байланысты кейбір проблемаларды айтуға тура келіп отыр. Өйткені бұл мәселе де қазір барынша өзекті. Соның ішінде бізді Қарағанды қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы облыстық арнайы мектеп-интернаттың болашағы толғандырады.
Бүгінгі таңда бұл мектепте спорттың 13 түрі бойынша 438 жасөспірім 7-11 сыныптарда білім алып әрі спорттық шеберліктерін шыңдауда. Оларды 25 жоғары білікті маман жаттықтырады. Мұғалімдердің 70 пайыздан астамы жоғары категориялы. Мектептің арнайы спорттық базасы, дәрігерлік орталығы және оқу корпусы бар.
Мұнда білім алып жатқан шәкірттердің көбі аз қамтылған отбасылардан шыққандар. Олардың дені мектепті бітіргеннен кейін жоғары оқу орындарына түсіп, өздерінің білімдері мен спорттық біліктіліктерін шыңдай алмайды. Спорттық карьераларын орта жолдан аяқтап, мектепті бітірген деңгейде қалады. Сөйтіп кейбір талантты жастардың кәсіби спорттағы болашағы бұлдыр болып отыр.
Оның үстіне мектепті бітірген жастардың бізде оқуға түсе алмаған соң Ресейге кету тенденциясы артып жатыр. Мәселен, 2015 жылы – 7, 2016 жылы 8 түлегіміз Ресейге көшіп кеткен. Осының өзі бізге экономикалық тұрғыдан да соққы болып тиюде, өйткені мемлекет әрбір оқушының шығынына бір жылға 1 млн 500 мың теңге төлейді, ал 7 сыныптан 11 сыныпқа дейінгі бес жылда әрқайсына кем дегенде 7 млн 500 мың теңге шығын шығады екен. Енді сол балаларымыз өзге елдің туының астында қызмет етуге мәжбүр.
Осыған байланысты облыстық спорттық мектеп-интернатты олимпиадалық резервтің облыстық спорттық колледжіне айналдыру керек деген ұсыныс енгізіп отырмыз. Сонда біз:
– спорттық резервтің үзілмейтін жүйесін дайындар едік;
– жасөспірімдер спортының үлкен спорттық жетістіктерге бастайтын жоғары буынмен жалғасуын қамтамасыз етер едік;
– облыс спортшыларының Ұлттық құрама командалардың қатарына өтуі артар еді;
– колледжді бітіргеннен кейін әрбір түлекке «Жаттықтырушы-оқытушы» мамандығы берілетін болғандықтан, еліміздегі жаттықтырушылар қатарын көбейтіп, олардың мектептердегі дене тәрбиесінің оқытушылары, БЖСМ-ға (балалар мен жасөспірімдердің спорттық мектебі), ауылдық, аудандық мектептерге, фитнес орталықтарға, өндірістік кәсіпорындарға нұсқаушы, жаттықтырушы болып орналасуын қамтамасыз етер едік.
Қарағанды облысының Дене тәрбиесі және спорт басқармасының 2017 жылғы мәліметіне қарағанда, тек осы облыста ғана 9 аудан 76 спорт маманына зәру болып отыр. Мұндай жағдайлар басқа облыстарда да бар екені сөзсіз. Біз айтып отырған колледж ашылса, осы зәрулікті жоюға болар еді.
Спорт колледждерінің ашылуы Президенттің 2018 жылғы Жолдауының талаптарына да сай келеді. Елбасы қажет еткеннің бәріне ақысыз кәсіби-техникалық білім беруіміз керек деп талап қойғаны белгілі.
Міне, осы мәселелерді айта отырып, мен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына депутаттық сауал жолдадым. Сауалды қолдап Мәжіліс депутаты, Олимпиада чемпионы О.Шишигина да қол қойды. Министр біздің ұсынысымызға қолдау көрсетеді деген үміттеміз.
Серік СӘПИЕВ,
Мәжіліс депутаты,
Олимпиада чемпионы