Семей қаласындағы құрылыс колледжінің №1 жатақханасында электр желілерінің қысқа тұйықталуының ақыры өртке ұласқан. Семей қалалық төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, қаладағы №2 құтқару тобы оқиға болған жерге дер кезінде жеткен.
Жатақхана кезекшісінің айтуынша, құтқару тобы, өрт сөндірушілер келгенше құрылыс колледжінің 4-курс студенті Жасұлан Берекеев балаларды өрттен құтқарып үлгеріпті. Қалың түтін басқан дәлізде кішкентай сәбидің жылаған дауысын естіген Жасұлан бірден бөлмеге кіріп кетеді. Сөйтіп, құтқарылған баланы ересектерге табыстайды. Бесінші қабатқа қайта көтеріліп, №36 бөлмеде қалып қойған екі баланы күртесімен қымтап далаға алып шығады.
– Кішкентай балаларды ойлаған кезде қорқыныштың не екендігін мүлде ұмытып кеттім, – дейді Жасұлан Талантұлы. – тез арада қимылдамасам, балалардан айрылып қалатынымызды ұқтым. Қауіп пен қатер маған тез шешім қабылдап, қимылдауыма ғана мүмкіндік барын ұқтырды.
Жасұланның арқасында жеті жасар екі қыз бала мен 4 жастағы ұл бала аман-есен қалды. Колледж ұжымы мен Семей қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы студенттің бейбіт күндегі ерлігін бағалап, оны марапаттауды ойластырудамыз деп отыр, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
Семей